• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Ақпан, 2024

Үкіметтік емес ұйым: Жауапты кезең міндеттері

177 рет
көрсетілді

Әділетті Қазақстанның негізгі өзегі – азаматтық қоғам десек, оның қалыптасуында үкіметтік емес сектордың орны ерекше. Өйткені бұл ұйымдар бүгінде билік пен бұқара арасындағы дәнекерге айналды. Олар тәуелсіз жүріп, ширақ қимылдап, толағай іс тындырды. Ендігі межені пысықтау үшін Астанада «Әділетті Қазақстан, біртұтас ұлт және берекелі қоғам құрудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі» атты республикалық жиын өтті.

Еркегүл Көкейдің үкіметтік емес ұйымда менеджер болып қызмет еткеніне 12 жылдан ас­қан. Азаматтық қоғам құ­ру­да атсалысып жүрген бел­сен­ді қайы­рым­дылық және эко­ло­гиялық бағыттағы жобаларды ұсынып, нәтижелі жүзеге асырған.

– Біз «Бақытты бала» жобасы аясында ата-ананың қам­қор­лығынсыз қалған бала­лар­дың тізімдерін алып, олар­дың жинақ қорына қаржы ауда­ру­ға ықпалдасамыз. Одан бө­лек, ша­һар­дың тазалығын қам­тамасыз ету мақсатында түрлі экологиялық акциялар ұйым­дас­ты­рып, қоқыстан тазартамыз. Қа­йырымдылық жасау – ізгі жүректен. Осылайша, біз елдің дамуында өзімізше үлес қосып жатырмыз, – деді қоғам жанашыры.

Қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтың әр алуан мәселесін шешуде жұдырықтай жұмыла біл­ген мұндай ұйымдардың ерен еңбегіне жалпақ жұрт куә. Бірер күн бұрын жаһан жұрты жаппай Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйым­дар күнін атап өтті. Осыған орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook-тегі парақшасында өз құттықтауын жариялаған-ды.

«ҮЕҰ халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мен азаматтық қоғамның рөлін күшейтуде ма­ңызды рөл атқарады. Қазір елі­мізде ҮЕҰ-ды мемлекеттік қолдау тетіктері қалыптасты. Атап айтсақ, мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыс, гранттық қар­жы­ландыру және марапаттау. Қоғамдық бірлестіктер мен қо­ғам­дық кеңестер туралы заң­намаға түзетулер енгізілді. Мем­ле­кет дамуының негізгі ресурсы – адами капитал, оның әлеуеті мен дамуы, яғни әлеуметтік капитал. Азаматтарға инвестиция сала отырып, біз әркім әлеуметтік міндеттерін жүзеге асыруға өз үлесін қосатын күшті және дамы­ған қоғам қалыптастырамыз. Еліміздегі азаматтық қоғамды да­мытудағы маңызды және негізгі міндеттерді жүзеге асыруда бар­ша­ңызға сәттілік, шығар­ма­шылық табыс, және кәсіби бел­сен­ділік тілеймін!», деді Мәде­ниет және ақпарат министрі.

Мерекені арқау етіп ұйымдас­ты­рылған бұл диалог алаңына Мәдениет және ақпарат ми­­нистрлігі қолдау білдіріп, «Қ­а­зақ­­­станның Азаматтық Альян­сы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйыт­қы болды.

– Біз жылына 200 млн-нан аса іс-шараға атсалысамыз. Кейінгі 10 жылда қабылданған барлық заңнамаға пікір білдіріп, сараптама жасадық. Осыдан 20 жыл бұрын 500 ғана үкіметтік ұйым бар еді. Жыл сайын қата­рымыз көбейіп келеді. Деген­мен әлі де болса біздің ұйымның жұмысымен таныс емес белсенді азаматтар көп. «Жалғыздың үні шықпас» демекші, бірлесіп кез келген мәселені оңай шешуге шақырамыз, – деді «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-прези­денті Гүлнәр Құрбанбаева.

Негізі ҮЕҰ жобалары бүкіл әлеу­меттік саланы қамтиды. Олар­дың қатарында халықтың әлеу­мет­тік осал топтарын қолдау, жас­тардың бастамасын дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау, білім беру, ақпа­рат және мәдениет салаларын дамыту, қоғамдық келісім мен ұлт­тық бірлікті ны­ғай­ту, азамат­тардың құқығын қор­ғау, азамат­тық қоғамды дамыту және тағы да басқа міндеттер бар. Демек елімізде ҮЕҰ-ны қолдауға бағытталған оң саясат мемлекеттің әлеу­мет­тік-экономикалық әлеуетінің дамуына ықпал ететіндей күшке айналды. Яғни азаматтық сектор қоғамның мәселелерін шешу жолында жауапты билік органдарына әділ әріптес. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын ха­лыққа Жолдауында осындай инсти­тут­та­рдың рөлін нығай­ту­ды тапсырды.

– Министрлік биыл ҮЕҰ өкіл­дерінің өтініші бойынша Аза­­маттық қоғамды дамыту тұжы­­рым­дамасына өзгерістер мен то­лықтырулар енгізуде жұ­мыс жүргізіп жатыр. Ақпан айы­ның басында қолданыстағы тұжы­рым­даманы жаңарту бойынша ұсыныстар мен ескертулер жинау­ды бастадық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аталған іске белсене атсалысуды сұраймыз, – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров.

Диалог алаңына Парламент де­путат­тары, Мәдениет және ақ­па­рат министрлігінің өкілдері, республикалық ҮЕҰ жетекшілері мен сарапшылар, халықаралық ұйымдар мен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жиналғандар азаматтық қоғамды одан әрі ілгерілету және азаматтық бастамаларды қолдау жөнінде пікір алмасты.

– «Хас шебер» қауым­дас­ты­ғының мыңнан аса шебері көпбалалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың өнері арқы­лы табыс табуына көмектесіп жүр. ҮЕҰ-ға жуыр­­да тіркелдік. Ал былай өзі­­­міз атса­лысып жүргенімізге 2,5 жыл­­дай болды. Оған дейін де жеке-жеке болып жүрдік. Енді баршамыз «Хас шебер» қауым­дастығы ұйымының астына біріктік. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауым­дас­тық арасында жұмыс заң ая­сында жүйеге келтірілген. Тек әлеу­­меттік мәселелерді шешерде қолымыз қысқа, – дейді «Хас шебер» қауымдастығының прези­денті Зиуар Жұманова.

Кейінгі үш жылда ҮЕҰ-ға берілген 59 млрд теңгенің негізгі бөлігі жергілікті бюджет­терден бөлініпті. Жиында сарапшылар қоғамдық ұйым­дар­дың жұмысы мен нәтижесін қатаң қада­ға­лау қажет екенін айтты. Өйт­кені кей­бірі өз бастама­ла­рының тиім­ді­лігін арттыруға мүд­делі емес көрінеді.

– Мәселен, мүгедектігі бар адам­дарға арналған түрлі семи­нар­лар өткізіледі. Ал енді олар әрі қарай жұмысқа кірді ме, кір­ген жоқ па деген сауалдарды ашық күйінде қалдырмас үшін бірнеше айдан кейін оны тексеру қажет. Осы бағыттағы басқа да семинар, тренингтер нәтижелі болғанын бақылау керек. Яғни КРІ жағын мемлекет қадағалағаны абзал, – деді «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Ұлжекова.

Министрліктің мәліметінше, елімізде үкіметтік емес сектор әлеуметтік мәселелерді шешу мен азаматтық бастамаларды жандан­дыруда мемлекеттің сенімді се­рік­тесі болып келеді. Бүгінде бас-аяғы 23 335 ҮЕҰ тіркелген. Оның 18 мыңнан астамы белсенді жұ­мыс істейді. Кейінгі 15 жылмен есепке алсақ, ҮЕҰ саны 6,5 есе өскен.

– Үкімет оларға қандай көмек көрсете алады? Сол кәсіби білікті­лік­терін арттыру мәселесі біраз талқыланды. Ұсыныстар жазылды. Бұл ұсыныстарды алдағы уақыт­та біздер ескеріп, жоба­лар­ды жасаған кезде бәрін қоса­мыз, – деді Мәдениет және ақ­парат министрлігі Азаматтық қо­­­ғам инсти­туттарымен өзара іс-қимыл басқармасының басшысы Асылхан Көшкімбаев.

Сондай-ақ отырыс­та әлеу­мет­­тік мәселелерді шешу­дегі оң­тайлы кейстер мен озық тәжіри­­бе­лер таныстырылды. Оған қоса, саланы дамытуға үлес қос­қан белсенділер марапат­тал­ды. Ме­ре­келік жиындар респуб­ли­ка­ның түкпір-түк­пірінде өтті. Атап айтсақ, ҮЕҰ-ға онлайн ше­берлік сабақтары, семинарлар мен кеңес беру іс-шаралары ұйымдастырылды.