Әділетті Қазақстан құруда білікті әрі білімді жас кадрлардың рөлі ерекше. Қалай дегенмен де бұрынғы сарынға үйреніп қалған кейбір мемлекеттік қызметкерлер ескі сүрлеуде сүрініп жүр. Сондықтан қазіргі саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалардың атқарылуына кедергі болады. Ал бұған жаңа леп беретін қоғамдық топ – Президенттік жастар кадр резерві.
Бұл бастамаға жол салған – 2019 жылдың 27 тамызында жарық көрген «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Президент Жарлығы. Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрылды, кейін конкурс жарияланып, қорытындысымен 300 резервист іріктеліп алынды. Қолы таза, білімі терең жастар ескі жолмен жүрмей, жаңа талаптарды орындауда Президенттің алға қойған басты қағидаттарымен еңбек етуге ниетті.
Кадр резервіне іріктеу екі жылда бір рет өткізілетіндіктен 2021 және 2023 жылдары елу-елуден жүз адам іріктелді. Өткен жылғы конкурсқа қатысуға 6 404 адам өтініш берген, ол бір орынға 128 адам деген сөз. Шешуші сайыста 100 адам іріктеліп, ол Ұлттық комиссияда мұқият қаралып, қорытындысында екі адамның бірі ғана таңдалған. Қарап отырсаңыз, сынақ көп, оған дайындық пен білім керек, бастысы Президент саясатын орындауға жас кадрлардың күш-жігерін жұмсауға талпынысы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев билік өкілдері әрдайым халықпен бірге, яғни азаматтармен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екенін ұдайы айтып жүр. «Кез келген мәселені уақытылы шешіп отыру – негізгі міндет. «Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» дәл осындай құндылықтар орнығуы керек», деді Мемлекет басшысы өткенде Президенттік жастар кадр резервінің форумында.
Бұрынғы жасақталған кадр резервінің ішінен тағайындалған министрлер мен облыс әкімдерінің орынбасарлары бар, жалпы 270 адам мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордағы түрлі лауазымға тағайындалған. 33 кадр резерві саяси лауазымдарда, 5 адам «А» корпусының әкімшілік қызметтерін атқарып келеді. Бұл деректер Президенттік кадр конкурстарында жеңімпаз болған, озық ойлы жастарды ескі билік әлі де қатарларына қосуға құлықты емес екендігін көрсетеді. Орталық органдардағы саяси қызметшілер саны 428 және жергілікті органдардағы 313 адамды қосқанда 741 болады екен, сонда өткен 4-5 жыл көлемінде резервистердің 4,4 пайызы ғана саяси билікке тартылған, яғни 22 адамға шаққанда біреу ғана. «А» корпусындағы 101 қызметкер қатарында тек 5 резервист жас бар, бұл жерде де жиырма адамға бір кадр келеді.
Жалпы, ескінің бәріне топырақ шашуға болмайды, өткеннен сабақ алу керек. Өткен ғасырдағы кадр саясатында басшы жергілікті халықтан болғанда, оның орынбасары орталықтың өкілі болатын, керісінше, басшы басқа жақтан келсе, орынбасары жергілікті жерден тағайындалатын. Бұл жүйенің рөлі бір-біріне тежеу болуында еді. Сол сияқты орталық бекітетін министрліктер, агенттік, комитет басшыларының және өңірлерде облыс әкімдерінің бірінші орынбасарлары, жергілікті басқармалар мен мекемелердің, аудан әкімдерінің орынбасарлары Президенттік жастар кадр резервінен тағайындалу тәжірибесін енгізген жөн.
Тағы бір қуанарлық жайт, жастар кадрлық резервтерін жасақтаудың жергілікті жерлерде жүргізілуі. Президенттің 2023 жылғы 15 маусымдағы Жарлығына сәйкес «Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, Астанада аймақтық кадр резервтерін жасақтау туралы ережесі» бекітілді. Құжатқа сәйкес биыл 1 наурыздан бастап конкурс өткізіледі. Облыстарда 15-18 адамнан, Алматы қаласында 10 адам іріктеліп алынбақ. Дегенмен 2 миллионнан астам халқы бар, мыңдаған мемлекеттік қызметкер жұмыс істейтін ірі мегаполисте бар болғаны он адамның резервке алынуы өте аз деп есептеймін. Бұл конкурсты күзде қайталап, адам санын көбейткен дұрыс. Өйткені бұл Президенттің кадр саясатын іске асырудағы мардымсыз іс болып қалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резервінің форумында мемлекеттік қызметте «командамен көшу» үрдісі әлі тыйылмай отырғанын өткір сынға алды. Осыған орай Президент Әкімшілігі, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды, мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырды.
Жас кадрларды іріктеу аясында кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу, ситуациялық тапсырмаларды шешу қабілеттері, сондай-ақ құзыреттері бағаланады және олар бірқатар әңгімелесуден өтеді. Бірақ бұл жердегі бір кемшілік – талапкерлердің қазақ тілінен емтихан тапсырмауы. Қанша жерден қазақ тілінің өркендеуін әңгіме қылғанмен, оның қажеттілігін билік пен қоғам әрдайым шегелеп отырмаса, одан нақты қорытынды шықпайтынын түсінетін уақыт жетті.
Іріктеуден сәтті өткендер мемлекеттік қызметтің және квазимемлекеттік сектордың жауапты лауазымдарына конкурстан тыс тағайындау құқығымен үш жыл мерзімге резервке алынады, ал жергілікті жерлерде бұл мерзім – екі жыл. Сонымен қатар квазимемлекеттік органдарда шоғырланған білімді және тәжірибелі жастарды мемлекеттік қызметке тартуды олардың бұрынғы айлығы мен әлеуметтік қорғау пакетін сақтай отырып жүргізу керек. Бұл істен мемлекет тек ұтады. Сондықтан да қазір бізге әділетті Қазақстанның жауапкершілігін терең түсінетін жастар керек.
Атамұрат ШӘМЕНОВ,
қоғам қайраткері