Қарсы алдымыздан қасқая қарсы алған бейнеден көз алмай тұрып қалыппыз. Керілген кенепте кескінделген керім картинадан сұлулықпен қатар суықтықтың да салқын лебі қатар есетіндей. Бірде таңғалдырып, бірде бойды тоңдырған бейненің бар құпиясын қылқалам ұшына сыйдырған суретші талай сырды сөйлеткісі келгендей ме? Қай жағынан келіп қарасаң да, буырқанған бояу астарына жасырынған ақиқат сыртқа ақтарылардай атқақтап тұр. Тылсымына бойлап, жұмбағын шеше алсақ, қанеки!
«Өлімді сезіну». Қазақтың біртуар перзентінің бейнесін мәңгілік еткісі келген суретші Мағауия Аманжолов қылқаламынан туған картинасын әу баста осылай таныстырғысы келіпті. Бірақ соңында «Шоқан Уәлиханов Айша бибі мовзолейінде» деп аталған туынды бәрібір өзіне телінген таңғажайып тылсымнан ажырамады.
Картинада өмірінің соңғы сәттерінде Айша бибі мавзолейіне сапарлап келген Шоқан бейнеленген. Байқасаңыздар, жас адам өзінің өлетінін сезініп тұрғандай. Қоштасып тұрғандай. Анау қураған сексеуіл де тегін салынбаған. Барлығы Шоқанның көңіл күйінен хабар береді. Суретшінің жары Күлбайраш Сүлейменқызының айтуынша, Мағауия Аманжолов бұл жұмысын алғашында «Предчувствие», яғни өлімді сезіну деп атаған.
Бұл картина шынымен Шоқан тағдырын баян ете ме? Әлде Шоқан бейнесі арқылы ұғындырғысы келген суретшінің өз сыры ма? Себебі сонау бір жылы жаздың жаймашуақ күнінде құпия жағдайда жоғалып кеткен қылқалам иесі сол қаралы, қасіретті түнді алдын ала болжағандай да әсер қалдыратыны жасырын емес. Өнерін «Өлімді сезіну» деп атап, өзінің де тағдырын сездіргендей...
Мағауия Аманжолов «Шоқан Уәлиханов Айша бибі мовзолейінде» картинасын 1984 жылы салды. Жарының айтуынша, суретші кеңес дәуірінің өзінде қазақтың аспанынан жұлдыздай ағып түскен Шоқан Уәлихановтың өмірі жайлы көп толғанатын. «Ол Шоқанға жан бітірді. Көп ізденетін. Данышпанның өмірін зерттеп, бірде мұражайдан Шоқанның фотосуретін тауып алды да, ол туралы картина жазды. 40 жыл бұрын салынған сурет әлі күнге дейін көзінің көркемдік құндылығын құлдыратқан жоқ», дейді Күлбайраш Молдабева.
Тарихи һәм эпикалық суреттердің жүйрігі, қазақ сурет және кенеп бетіне түсірілген кескіндеме өнерінің барлық негізгі жанрларының (пейзаж, портрет) хас шебері ретінде сол кездің өзінде сурет әлеміндегі құбылысқа айналған суретшінің қаламынан Шоқан бейнесінен бөлек Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Олжас Сүлейменов, Бибігүл Төлегенова сынды хас таланттардың парасатты портреттері туды. Бірақ бірінен бірі асып түсетін картиналардың ішіндегі көңілді ерекше толқытатыны да, тұңғиық ойға жетелейтіні де, шоқтығы биігі де осы Шоқан бейнесі.
Картинаға мұқият зер салсаңыз, суретші өз жұмысында қоңыр түсті жиі пайдаланған. Өнертанушылардың айтуынша, өз туындыларында қоңыр түсті көп пайдалануы оның шыдамды, байсалды жан екенін аңғартады. Бұл түс оның мінезіндегі тұрақтылықтың, еркіндік пен сабырлылықтың көрінісі іспеттес. Десе де суретші қылқаламына шабыт сыйлаған қоңыр түс көңілдің басқа да қатпарларын қатар суреттейтіндей...
Мағауия Аманжоловтың туындылары – тұнып тұрған философия. Замандастарының айтуынша, әр шығармасын жазарда ғалымдарша ізденіп, архивтерді ақтарып, кітапханаларды қопарыстырады екен. Соның нәтижесінде суретшінің суреткерлік қолтаңбасы көп ішінен дараланды. Шоқан сынды біртуар тұлғалар портреті биік парасатымен ойландырды, өзінің шексіз-шетсіз тұңғиығына бойлатты. Иә, оның әлемі көкжиексіз кеңістік сияқты. Мың сан бояуды құбылту арқылы небір ащы шындықтарды батыл баяндады.
...Неге екенін кім білсін, Мағауия Аманжолов өзінің әлемін көкжиекпен шектегісі келмепті. «Кеңістікте де түстер бар, көкжиек деген болмайды», дейді екен үнемі. Сөйткен талант тағдырын да шексіздікке ұластырып, көкжиекке сіңіп жоқ болды. «Өлімді сезіну» деп өнер тудырған талант өзінің де өмірден ерте кетерін сезсе керек, Шоқан бейнесін шедевр деңгейіне көтеріп, өзінің де ізінен аңыз ергізді. Ол жоғалған жоқ. Сурет болып ортамызда жүр. Ал Шоқаны – шын мәнінде, шедевр! Талассыз!