• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Несие 29 Ақпан, 2024

Фермердің несиесі – халықтың несібесі

105 рет
көрсетілді

Өткен аптада Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров фермерлерге жылына 250-300 млрд теңге көлемінде несие қолжетімді болатынын айтқан еді. Дегенмен жыл сайын тек егіс науқаны үшін қажетті қарыз қаражатына деген қажеттілік 1,5 трлн теңгені құрап отыр. Ал қаржыландырудың жетіспеушілігі ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауына әкелетіні белгілі.

Мемлекет басшысы айт­қандай, расымен ауыл шаруашылы­ғын­дағы ең өткір мәселе – қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Министр де саладағы көп­теген мәселенің, соның ішінде өнімнің өзіндік құнының жоғары болуының негізі осында екенін айтып отыр.

– Қарызға берілетін қаржының тап­шы­лығына байланысты фермерлер тыңайт­қыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын тиісті мөлшерде пайдаланбайды, ескірген техникамен жұмыс істейді. Бұл – саладағы тиімділік пен өнімділіктің төмендігіне бірден-бір себеп. Қазір мәселені толығымен шешу үшін шаруашылықтарды өз уақытында қолжетімді несие қаражаттарымен қамта­масыз ету маңызды болып отыр. Біз Прези­дент тапсырмасы бойынша биыл ауыл ша­руа­шылығына қаражат тарту бойынша үлкен жұмыс жүргізетін боламыз, – деді министр.    

А.Сапаровтың айтуынша, бұған бюджет қаражаты ғана емес, басқа да көздер, соның ішінде екінші деңгейлі банктер арқылы несие қарастыру да көзделіп отыр. Нәтижесінде, жыл сайын көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарына жеңіл­детілген 1,5 трлн теңге несие бөлініп, бұл қар­жы қажеттілікті толық қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс. Сондай-ақ 450 млрд теңге қаражат ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жөніндегі тапсырманы орындау үшін 8-10 пайызбен жеңілдетілген лизингке бағытталады. Ал инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 800 млрд теңге қажет.

Министр жоғарыда айтылған барлық қаражат қайтарымды екенін ескертіп өтті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын дамыту – ортақ міндет екенін әрі бұл бағытта жалғыз министрлік қана емес, облыс әкімдіктері де Президент тапсырмасын орындау үшін агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барынша қолдау көрсету керектігін баса айтты. Жеңілдікпен несие алған, жалпы, мемлекеттік қолдауға ие болған фермерлер нақты нәтиже көрсетуге керек. Өндіріс көле­мін ұлғайтып, өнімнің құнын көтермеуі тиіс.

Брифингте жоғары өнім алу үшін биыл тыңайтқыштың үлесін 2 есе ұлғайтып, жалпы көлемін 1,5 млн тоннаға дейін жеткізу туралы да айтылды. Бұл өнімділікті гектарына орташа 3-5 центнерге дейін арттыруға мүмкіндік бермек.

Ауыл шаруашылығы саласының негізгі ресурстарының бірі – минералды тыңайт­қыштар. Мысалы, Еуропа елдерінде әр гектарға 250 килодан астам минералды тыңайт­­қыш қажет болады, бұл көрсеткіш Беларусьте – 120 кило, Ресейде 55-60 кило аралығын қамтыса, біздің елде мұндай қорек­тік заттар гектарына орта есеппен 10 ки­лоға да жетпейтін көрінеді. Сондай-ақ рес­­публика бойынша тыңайтқыштарды енгізу көлемі әр аймақта әртүрлі. Былтыр жыл аяғында 5,6 миллион гектар егістік алқа­бын құрайтын Қостанай облысы небәрі 54 мың тонна тыңайтқыш пайдаланған. Қос­танайға қарағанда егіс көлемі 1,2 миллион гектарға аз Солтүстік Қазақстан облысы 190 мың тонна тыңайтқыш жаратыпты.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы ми­нис­тр­лігі сұраныстың артуы кезінде тыңайт­­қыштар бағасының өсуіне жол бермеу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау алу кезін­де сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмен­дету үшін жұмыс істейміз дейді. Тағы бір жаңалық, субсидиялар агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің орнына отандық өнді­ру­ші зауыттар мен қаржы институттары­на («ҚазАгроҚаржы» АҚ) алдын ала тікелей төленеді. Мұнда импорттық тыңайтқыш­тарды таңдаған фермерлерге Үкіметтен қолдау жоқ емес және олар үшін субсидиялау шарттары мен мемлекеттік қолдау алу форматы бұрынғыдай болып қала береді.