Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Оған орталық мемлекеттік органдар, кәсіподақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілер одағының өкілдері және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Жиын барысында елдегі еңбек саласының жай-күйі талқыланды. Атқарылған шаралар жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары Ақмәди Сарбасов баяндады. Былтыр инспекторлар 7 мыңға жуық тексеру жұмыстарын жүргізіп, анықталған олқылықтарды жою бойынша 4 мыңнан аса нұсқама берді. 400 млн теңгеден астам сомаға 2 400 айыппұл салынды.
Бүгінде 31 кәсіпорынның 1,6 мың жұмысшы алдында берешегі бар. Жалпы сомасы 700 млн теңгеге жуықтайды. Олардың ең көбі Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында анықталған. Одан бөлек банкрот деп танылған 44 нысанның 913 млн теңге қарызы бар.
1 ақпандағы жағдай бойынша елдегі кәсіпорындарда 106 адам жарақат алды. Тамара Дүйсенова мүдделі мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктеріне жұмыс орындарындағы жағдайға бақылауды күшейтіп, жарақат алу оқиғаларының алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар вице-премьер еңбек даулары мен жұмыс берушілердің отандық және шетелдік жұмысшылар үшін тең жағдай жасауын, еңбекақы төлеуге байланысты талаптарды сақтауын бақылау қажеттігіне де мән берді. Жылдың басында министрліктің ахуал орталығында 106 кәсіпорын мониторингте болған. Оның біразында еңбек даулары шешімін тауып, бақылауда 62-сі қалды. Оның ішінде әрбір үшіншісі – Маңғыстау облысында.
Осы орайда аймақ басшысының орынбасары Қанат Құлжанов осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар туралы баяндады.
Ал республикалық кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мұндай жағдайлар көбіне кәсіподағы жоқ мекемелерде болатынын алға тартты.
«Еңбек дауларын шешуде салдарымен емес, себебімен күрескен жөн. Бұл ретте жұмыс берушілер мен кәсіподақ бірлестіктері іске атсалысуы керек. Кез келген мәселеде ортақ шешімге келуге болады. Ол үшін ниет болуы керек. Сондықтан салалық ұйымдарды елдегі еңбек мәселелеріне бейжай қарамай, шешуге араласуға шақырамын», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Азаматтар үшін жайлы еңбек жағдайын қалыптастыруда мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен кәсіподақ ұйымдарының өзара бірлескен шаралар қабылдауы маңызды. Осы орайда тараптардың міндеттерін айқындайтын бас келісімге қол қойылды.
Алдағы 3 жылға арналған жаңа құжаттың жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы әзірледі. 10 тармақтан тұратын келісім 2030 жылға дейінгі «Еңбек қауіпсіздігі» және «Еңбек нарығын дамыту» жөніндегі тұжырымдамаларда көрсетілген талаптарды ескерген. Вице-премьер бұл құжаттың негізгі міндеті азаматтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге жағдай жасау екеніне ерекше мән берді.