• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жастар 04 Наурыз, 2024

Жігерді жанитын жоба

82 рет
көрсетілді

Бүгінде жастардың мәдени-рухани кемелденуіне бағытталған орта көп. Соның бірі – «Jastar Talks» жобасы. Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы ұйымдастыратын алаң жасөспірімдер мен жастардың жеке және әлеуметтік дамуына жәрдемдеседі.

«Jastar Talks» – 2020 жылы іске қосылған жоба. Алғаш қала әкімімен кездесуден басталған алаң бүгінде елордадағы жас­тар мәдениеті мен өмірін жақсартуға қатысты сауалдарды талқылайтын, идея ұсынатын ортаға айналған.

– Біздің көздеген мақса­тымыз – жастардың жеке және әлеуметтік дамуына ық­пал ету, олардың бос уақ­ы­­­тын ұйымдастыру, шы­ғар­машылық түрде өзін дамытуы үшін жағдай жасау. Кездесуге жастарды ынталандыратындай, өз салаларында белгілі бір тәжірибесі бар спортшылар, блогерлер, медиа тұлғалар және тағы басқаларды тартамыз. Бірі өзіне деген сенімсіздікті қалай жеңгенін айтса, енді бірі мамандық таңдау сынды өзге де түйткілді мәселелерге тоқталады, – деді «Астана жастары» Жастар ресурстық орталығы Жастар бастамаларын қолдау бөлімінің маманы Айсұлу Қайыр.

Жыл басынан бері жас­тарға арналған платформада алты кездесу өткен. Спикер ретінде ММА бойынша әлем чемпионы Аманжол Өтеуов пен ММА бойынша Қазақстан чемпионы Руслан Шаносов, шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Абзал Әжғалиев, 24KZ арнасының жүргізушісі, «President» арнайы жо­басының авторы және жүр­гізушісі Әділ Балтабаев пен Хабар телеарнасының журналисі, блогер Мөл­дір Доспаева арнайы шақы­рылыпты. Таяуда ғана бокс­тан жастар халықаралық дәрежедегі спорт шебері және жаттықтырушы Мұхит Амантаевпен жүздескен. Спортшы өз тәжірибесімен бөлісіп, жас буын алдында мамандық таңдаудың маңызына тоқталды.

– Әр мамандықтың өз ерек­шелігі болады. Кей жасөс­­пірімдер отба­сын­дағы ата-аналарына, аға-әпкелеріне қызығып, дәрігер, құқық қорғау орган­дарының қыз­меткері, спорт шебері болып жатады. Десек те, ең алдымен, белгілі бір кә­сіп­ті меңгерер алдында «Бұл менің қолымнан келе ме?» деген сауал қойыңыз. Сала­лардың қайсысы жанға жақын, ал қайсы салада жұ­мыс істегіңіз келмейді, осы­ны анықтап алу керек. Тіп­ті шешім қабылдау қиын бол­са, қазір интернетте кә­сіби қабілетіңізді анықтап беретін неше түрлі тест бар, осы тест көмегімен қандай қабілетіңіздің жетік екенін анықтау қиын емес, – деді Мұхит Амантаев.

Ұйымдастырушылар­дың сө­зінше, бүгінде мұн­дай алаңдарды іздейтін жастардың қатары көп. Бір кездесудің өзінде орташа есеппен 50-ден аса азамат қатысады екен.