• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 05 Наурыз, 2024

Құндылықтардың айқындығы

269 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Түпкі мақсатымызға жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажет. Халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер. Бір сөзбен айтсақ, пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді», деген болатын.

Сол тұрғыда, ең алдымен «жетістік» пен «құндылық» түсініктерінің басын ашып алған жөн. Адам болып бұл дүниеге келген соң, әр тірі жан ұзақ ғұмыр кешіп, бала-шағаның қызығын көріп, табысқа жетіп, жақсы өмір сүргісі келетіні анық. Әрине, табысқа жеткісі келетін адамның өмірде алдына қойған мақсат-мұраты мен талпынысы болуы керек. Оның тәуекелшіл, мақсатшыл, өзіне де және басқаларға да сенетін адам болғаны жөн. Бірақ өмірде барлығы жетістікке қол жеткізіп, байлыққа кенеле бермейтіні тағы бар. Сондықтан жетістікке жету ұғымына қатысты да әртүрлі ұстанымның болуы да заңды. Оның үстіне, жаһандану заманында батыстық көзқарастар бой алып, жетістікке жетудегі мақсаттардың арасында құмарлық, құлшыныс пен рахатқа бөлену басымдыққа ие болып, адамның жан дүниесін күйзеліске ұшырататын жанталас, алдап, арбау және елге пайдасы жоқ, бітпейтін әртүрлі түсініксіз «амалдардың» бәйгеге айналып кеткендігі де ақиқат.

Салдарынан заң аяққа басылып, адамдық қасиеттер жоғалып, кейбіреулер шектен шығып, құдайын ұмытып, тым шалқақтап кетті. Адам нағыз жетістіктің өзіне ғана емес, басқаларға да пайда келтіру екенін түсінуден қалып барады. Бәрін тамыр-таныстық, пара беріп, мықты «көкелерінің» қанатының астына кіріп, аузын майлап, сол арқылы өз мәселелерін «шешетін» қитұрқы заман туды. Бірнеше буыннан бас­тау алатын отбасылық малшы, кенші, мұғалім, дәрігер сияқты және т.б. кәсіп иелерінің «құны» түсіп, құндылықтық көп нәрсе­лер қалталы «олигархтардың» көлеңкесінде қалып қойды. Еңбек­тің қадірі кетіп, оған деген көзқарас өзгеріп, мәні жоғала бастады. Қоғамда «еңбек етіп, тер төкпей-ақ өмір сүруге бола­ды» деген пікір қалыптасты. Тіп­тен мұндайлардың билік пен депутаттықа да көп күш салмай-ақ қол жеткізіп жатқандығына халық куә болды. Әуелі, балалар оларға еліктейтіндей жағдай күнделікті үйреншікті көрініс­ке айналды. Масқара болғанда қарапайымдылық пен адалдықтың өзі мінезсіздіктің және әлсіздік­тің синониміне айналды. Қара пейілді «пысықсымақ», жылпос алаяқтардың заманы туды. Рас, осындай әділетсіздікті көрген және қоғамдық өмірдің «тізгінін» өз монополиясына қаратып алғандардың көрсеткен қорлығынан кейбір адамдардың сағы сынып, өмірден түңіліп, сәтсіздікке ұшырап, өмір­ден өз орнын таба алмай қал­ды. Осылайша, қазақ халқы өзінің рухани құндылықтары мен мәдени негіздерінің шайылып кетуінің аз алдында тұр.

Сондықтан қазір жетістікке апаратын жолда ең алдымен ол беретін құндылықтарға ұмтылудың маңызының артып отырғандығына көңіл аударған дұрыс. Ол ең алдымен шынайы мақтанатын, қоғамға пайдалы да сапалы іс, нақты нәтиже және жақсылық болуға тиіс. Осындай ұмтылыс болғанда ғана еңбек те жанады, табыс та келеді. Сонда ғана құндылықтардың маңыздылығы мен пайдалылығы қоғамға сырттан таңылмай, азаматтардың болмысына әсер ететін, адамның осы объективті құбылысқа деген субъективті қажеттілігі мен жағымды бағалауының туындауы сөзсіз. Демек бұл құндылықтар жүйесі адамның күнделікті немесе жеке тұрмыстық және қоғамдық өмірінде орын алары анық. Ол кез келген өмірлік жағдайда жақсы мен жаманды ажыратып, оларды дұрыс бағалауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік тәжірибе мен игілік ретінде ғасырлар бойы қалыптас­қан мәдени және ғылыми үрдіске айналған осынау құндылықтар қоғамдық сананың қалыптасуына, алға мақсат қойып, оған жетудің жолдары мен түрлі нормаларын дүниеге келтіруге септігін тигізеді. Нәтижесінде бұл құндылықтар адам өмірінің мәніне, қоғамдық ортаға, еңбек пен шығармашылыққа жол ашып, аталған құбылыстарға баға беруді жеңілдетеді. Құндылық­тар қоғамдағы ең маңызды деген әдет-ғұрыптарды реттей отырып, бүкіл әлеуметтік ортадағы тыныс-тіршілікте бағыт беруші рөлін атқарады. Өйткені адамдар өзін қоршаған тұрмыстық және рухани әлемді құндылықтар арқылы ғана саналы түрде баға­лай алады. Демек құндылықтық сана – кез келген зат пен табиғи және қоғамдық құбылыстардың барлығының қаншалықты бағалы, кұнды екендігін түсінудің бірден-бір жолы.

Ендеше, бүгінгі таңда дәстүр­лі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестірудің маңызының артып отырғаны дау­сыз нәрсе. Өйткені ұлттық құн­дылықтар – мәдениеттің құрам­дас бөлігі ретінде қоғамдық қаты­настар мен адамдар арасын­­дағы қарым-қатынастардың негізгі талаптарын айқындайды. Олай болса, материалдық және рухани құндылықтар ұлттық санада айғақтап, елдік мүдделерді нақты­лай түседі. Бұл үдеріс адам­дарға өзін-өзі танып-білуге және қалып­тасқан құндылықтарды қабыл­дап, олардың жан дүниесінде қана­ғат­танарлық сезімнің пайда болуы­на септігін тигізеді. Алайда қоғамда әлеуметтік топтардың қажет­тіліктері, мүдделері мен талғам­дары әртүрлі болуы да заңды нәрсе. Бұл жерде кімдікі дұрыс, ал қай­сынікі бұрыс екенін анықтау қиынға соғары анық. Ал егер шы­найылық тұрғы­сынан алар болсақ, онда дұрысы азаматтың санасына адами қасиеттер сіңіріп, оған пайда әкелетін және адамның бақыты мен игілігін қамтамасыз ететін дүниелерге басымдық берген абзал. Себебі осындай құндылықтар ғана адам мен қоғамның алға басып, дамуына жағдай тудырары сөзсіз. Сонда ғана алдамшы және батыстың тұтыну қоғамына тән құндылықтарға жол берілмей, керісінше, қоғамның игілігіне, оның дұрыс дамуына алғышарт болатын ата-бабаларымыздың дәстүр­лерімен біте қайнасқан ұлттық құн­ды­лықтар тамырын тереңге жая бас­тайды. Осылай ғана адам мен қоғам­ды кері тартып, оны азды­ра­тын алдамшы дүниелерден жире­ніп, азаматтардың санасының улануына жол бермеуге мүмкіндік пайда болады.

Халықтың әлеуметтік-тарихи тәжірибесі ұлттық дамудың мақсаттары мен міндеттерін айқындап, оның идеологиялық, экономикалық, мәдени бағ­дарын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Ел азаматтары өз ұлтының ажырамас бөлшегі ретінде халқының ұлттық құндылықтарының, ұлттық менталитет пен адамзаттың мәдени қазынасына қосқан үлесі арқы­лы оның дамуына атсалыса­ды. Осындай үдерістің барысында жеке тұлғалар өз халқының дәстүрлерін, әдет-ғұрыптары мен этностық тамырын білу арқылы жалпыадамзаттық құндылықтарды тани бастайды. Нәтиже­сін­де және адамгершілік өлше­мі негізінде ұлттық сана-сезім­ді дамытудағы этностық, ұлт­тық және жалпыадамзаттық құн­ды­лықтардың арақатынасын түсінеді. Әрбір азаматтың ұлттық сана-сезімінің дамуына оның өз ұлтының тарихи өткені және халқының бүгіні мен ертеңіне көзқарасының қалыптасуы, ұлт­тық құндылықтардың бағыт-бағдарларын ұғынып, қабылдауы тікелей ықпал етеді. Өйткені ұлттық құндылықтарға Отан, тарих, мәдени-рухани даму сияқты дүниетаным, ойлау қабілеті мен ұлттық сана­сының жиынтығы жатады. Бұл құндылықтардың тек әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму арқылы ғана пайда болып, көп қырлы дүниетаным­дық сипатқа ие бола алатынды­ғын ұмытпаған абзал. Демек қоғам дамуының деңгейі адамның белгілі бір этнос өкілі ретінде осы құндылықтар негізінде өзін-өзі танып, жетілдіруіне байланысты екендігін көруімізге болады.

Өкінішке қарай, қоғамға былай да қажетті сыни көзқарас­тар мен конструктивті пікірлер­ді «арам пиғылға» айналдыруға күш салып жатқан ішкі және сыртқы күштердің әрекеттері күшеймесе, тыйылмай отыр. Бұл үдеріс қазіргі халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленісуі мен кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуына тікелей байланысты болып тұр. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ, ол тіпті мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпып отыр. Мұның кесірі Қазақстанға, оның мемлекеттілігі мен ұлттық қауіпсіздігіне де төніп тұрғандығы айдан анық.

Сондықтан Президент Қ.Тоқаев жат мəдениетке бой алдыру, жалған патриотизм мен жал­ған адалдықтан сақтандырады. Бұл бүгінгі қиын-қыстау кезеңде өзге­ріске бет алған Қазақстанның бола­шағы үшін өте маңызды. Біз ненің жақсы, ненің жаман еке­нін айыруымыз керек. Ұлттық құн­дылықтарға келсек, жауапты адамның бойында ғана əділдік, қамқорлық сияқты ізгі қасиеттер болады. Сол тұрғыда ұлт құнды­лығы мен Әділетті Қазақ­стан арасында тікелей байла­ныстың бар екендігі сөзсіз.

Мемлекет басшысы елді да­мы­туға кедергі келтіретін нәр­се­нің бәрінен арылып, құн­ды­лық­тарымызды түсініп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру мен сан ға­сырлық мемлекеттілігіміздің тұ­ғырын бекемдеуге басымдық беріп отыр. Ол сонымен бірге қандай да бір құндылықты жарлықпен немесе заңмен орнықтыру­дың мүмкін еместігін де жақсы біледі. Құндылықтар халықтың көңіліне қонып, оның санасын билеуі үшін олар қоғамның басым көпшілігіне өзінің маңыздылы­ғы мен мәнділігі жағынан қасиет­ті, құнды, қымбат, қажетті және түсінікті болуы шарт. Бұл өмір­шең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болады деген сөз. Ендеше, дәстүр­лі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестірудің қажеттілігі туындайды. Президент оны Тәуелсіз Қазақстанда өсіп келе жатқан рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақтың іске асыра алатындығына сенімді. Өйткені бүгінгі жастар ертең халық­ты құрайды. Осылайша, олар ұлт­тың рухын жаңғыртатын болады. «Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді», дейді Мемлекет басшысы.

Президент Қ.Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұх­батында идеология сала­сын­дағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапа­сын қалыптастыру ісіне, қоғам­ның құндылықтар жүйесін жаң­ғырту жайына көңіл бөле отырып, ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керектігін қатаң ескертті.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор