Нәсіпке ортақ болғанымен, еңбеккерлердің құқығын қорғауға келгенде енжарлық танытатын кәсіподақ жұмысының көлеңкелі тұсы көп. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Өйткені еңбек ұжымдарында болған наразылықтар мен жалақысы жылдар бойы көтерілмеген мекемелер бар. Кейінгі жылдары талай жұмысшы қайғылы оқиғаға ұшырап, жазым болды.Алайда тағдыры тәлкекке түскен осындай сәттерде олар құқығымды қорғайды деген кәсіподақты неге таппай қалады?
«Дайын асқа тік қасық» ұйым
Қолданыстағы заңға салсақ, ұйым жұмысы ерікті түрде жүзеге асады. Бұдан соң кәсіподақ жұмыс беруші мен жұмысшылардың ортасындағы дау-дамайларды әділ түрде шешуге жұмыс істеуге тиіс. Мекеменің кем-кетігін түгендеп, қызметкерлердің құқығы бұзыла қалса, адвокаттың рөлін атқаруы қажет. Теориясына салсақ, солай. Бірақ біздегі кәсіподақтың қазіргі жұмысына көз салсақ, қарын ашады.
Осыдан екі жыл бұрын мұғалімдер арасында кәсіподақ жұмысына шағым айтқандар шыға бастады. Сөйтсе, кейбір ұйымдар ұстаз пікірімен санаспай, одаққа тіркеп, жазбаша келісімсіз жалақыдан жарна ұстап отырған. Бір-екі пайыз жарнаға жылап отырған олар жоқ. Тек қоғамда нәсіпке ортақ кәсіподақ еңбеккерлердің құқықтарын қорғауға келгенде шорқақ болып шыққан. Мәселен, сол жылы Күршім ауданында тұратын мұғалім Аяужан Нұрланқызынан жұмысқа кіргенде бастауыш кәсіподақ ұйымы жарна алу жөнінде жазбаша өтініш сұрамаған. Мұғалім мүддесін қорғайтын ұйым «басшылықпен ауыз жаласып әрекет ететінін» алға тартқан ол «Біздің түсінігімізде кәсіподақ жарна ұстайтын ұйым ғана», дейді. Түсінікті тілде айтқанда, біреудің қалтасындағы ақшаға қол сұғатын ұйым десек, әлдеқайда дұрыс секілді. Айталық, жылдар бойы техникасының тоз-тозы шығып, жыртығын жамап, өлместің күнін көріп отырған мемлекеттік мекемелерде орны толмас қайғылы оқиғалар орын алып, жұмысшылары қаза таппаған болар еді. Мысалы, бір ғана «Семей орманы» резерваты, Костенко атындағы және «Қазақстан» шахталарында болған қайғылы оқиғалардың дені елдегі еңбек құқығының дұрыс қорғалмайтынын көрсетіп берді. Бірақ біздегі кәсіподақ ұйымдары еңбек адамдарының өмірінен гөрі өз бастарының қамын қаттырақ күйттейтін тәрізді.
Өндірісте 250 адам көз жұмған
Хош, мәселенің мәнісін білместен бұрын кәсіподақ ұйымының атқарған жұмысына зер салған дұрыс болар. Осы орайда елдегі Кәсіподақтар федерациясының жылдық қорытындысы мен алда атқарар жұмысын сұрап білдік. Федерация төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, қауіпсіз еңбек жылы аясында жарақаттану деңгейі мен өндірістегі жазатайым оқиғаларды төмендету, қызметкерлердің денсаулығын қорғауға басымдық берілген. Тоқетері, күнкөріс қамымен жүрген адам жұмыс орнында қаза болмауға тиіс.
Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің ақпараты бойынша, былтыр елдегі кәсіпорындарда 1 236 жазатайым оқиға тіркеліп, салдарынан 1 437 адам зардап шекті. Оның 250-і өліммен аяқталды. Бұл былтыр елдегі өндірістік жарақаттанудың статистикасы өскенін көрсетеді. «Ал 66%-ында жазатайым жағдай кәсіподақтары жоқ кәсіпорындарда орын алса, бұл ретте кәсіподақтар қатысатын кәсіпорындарда былтыр жазатайым оқиғалардың саны 1,4%-ға төмендеген», дейді С.Дәулеталин. Осы жазатайым оқиғалардың 57%-ында жұмыс берушінің кінәсі дәлелденсе, кәсіподақтар жоқ кәсіпорындарда оның үлесі 62%-ды құрайды.
Кәсіподақтар федерациясының мәліметінше, бүгінде 13 мыңға жуық өндірістік кеңес жұмыс істейді. Бұл оның саны арғы жылмен салыстырғанда 3,1%-ға өскенін көрсетеді. Дегенмен Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестер арасындағы үшжақты салалық және өңірлік келісімдер нашар орындалатынын айтады. Басқару құрылымдары келісімдерді әлі де заңды күшіне енген акт ретінде қабылдамайтын көрінеді.
Кәсіподақ тәуелсіз болуға тиіс
Қоғам белсендісі әрі осы саланың жілігін шағып, майын ішкен маман Мұхтар Үмбетов шетелдерде кәсіподақ жұмысы бүге-шігесіне дейін ойластырылған жұмыс екенін жеткізді. Оның айтуынша, ұлттық және еуропарламентте де өз өкілдігі бар әбден жүйеленген құрылым. Сондықтан дамыған елдерде кәсіптік салалық ұйымдар Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саясаты саласында шешім қабылдауға көп әсер етеді. Батыс елдерінде ұйым – демократиялық құрылымының негізгі элементтерінің бірі.
«Бүкіл әлемде кәсіподақ ұйымының мүшелері жұмысшылардың өзі және жарна есебінен жұмыс істейді. Сол арқылы олар еңбек адамдарының мүдделерін қорғайды. Біздегі кәсіподақ бұрынғы кеңестік жүйені еске салады және көшбасшылары сайланбайды, әрқашан тағайындалатын демократиялық емес ұйым. Бір сөзбен айтқанда, басшылары бұрынғы шенеуніктер: облыс әкімі, экс-министр, қысқасы, олар қарапайым адамдардың мүдделерінен алыс. Бұл әрқашан адамдарға сенімсіздік тудырады», дейді М.Үмбетов.
Ал бұл еңбек ұжымдарындағы наразылық акцияларын тұтатып отыр. Себебі жұмысшы белсенділері мен ұйымның ерік-жігері ортақ мүддеге жұмыс істемейді. Ең қызығы, кәсіподақтар бұл қақтығыстарды шешуде ешқандай рөл атқармайды. Мұны маман «Атамекеннің» мысалында да көрініс бергенін, бұл кәсіподақ іс жүзінде кәсіпкерлерден мүшелік жарналар жинайтын ұлттық буржуазия болғанын алға тартты. Бар болғаны ірі бизнестің мүддесін қорғап келген ұйым барлық демократиялық қағидатты бұза отырып, мемлекеттің артықшылықтарына ие болып отыр.
Сол үшін қоғам белсендісі «кәсіподақ еңбек адамдарының мүдделерін лайықты қорғау үшін мықты, тәуелсіз болуы қажет», дейді. Қалыпты дамыған елдердегі кәсіподақ көшбасшылары нақты кәсіпорындарда, ұйымдарда әділ сайлауда ашықтық қағидаттары бойынша сайланады. Бұл ауыстырылатын лауазымға кез келген кәсіподақ мүшесі таңдалуы мүмкін. Дәлірек айтсақ, біздегідей тағайындалған емес, сайланған лауазым. Егер ол өзіне жүктелген міндеттерді орындамаса, орнынан алынып тасталады.
Бүйрегі кімдерге бұрып тұр?
Жұмыс берушілердің ұжымдық шарт жасауы дұрыс-ақ. Бірақ ашықтық қағидаттары қатаң сақталмайтын жүйе саны бар да сапасы жоқ шарттарды саңырауқұлақтай қаптатып отыр. Себебі әлгінде айтқандай, мұндай шарттарға әдетте кәсіподақ емес, іс жүзінде жұмыс беруші «сайлап» қойған жұмысшылар өкілі қол қояды. Түптеп келгенде, бұл құжат тек Еңбек кодексі нормаларының көшірмесіне айналады. Бұдан соң еңбек инспекциясы құжатты қарап жатпай-ақ, тіркей салады екен. Шалағай істің соңы еңбек ұжымдарында жұмысшылардың қарсылық көрсетуіне және жұмыс орнындағы жазатайым оқиғаның артуына әкеледі. Осындай өздеріне оңтайлы жүйемен жұмыс істеп жатқан ұйым әлі күнге дейін тәуелсіз институт ретінде қалыптаса алған жоқ. Бұған бірінші кезекте ірі бизнес пен олигархтар мүдделі болды. Сондықтан 2015 жылы антикәсіподақтық, антиеңбеккерлік заң қабылданып, еліміздегі кәсіподақ ұйымдарының барлығы қайта тіркеуден өтуге міндеттелді. «Сүзгіден» сәтті өткендер бүгінде жұмысшылардың мүддесіне, жұмыс берушіге бүйрегі бұрып тұратын болды.
Экономист Марат Толыбаев дамыған елдерде кәсіподақ ұйымы мықты күш ретінде саяси партиялармен деңгейлес екенін алға тартады. Мүдделес адамдардың басын біріктіретін ұйымдар жұмысшылардың пікірін Үкіметке жеткізіп, қоғамға үлкен үлес қосып жатыр. Мысалы, қазір Францияда фермерлердің басын қосқан кәсіподақтар жолдарды тракторларымен жауып, Үкіметтің назарын жұмысшылардың жағдайына аударуға жұмылып кірісіп кетті. Екіншіден, шетелде кәсіподақ ұйымы тек қана ұйым мүшелерінің жарнасына жұмыс істейді, мемлекет немесе басқа ұйымдардан ақша алмайды. Ал ашықтыққа негізделген шетелдің жүйесі бізде жемісін берсе, қоғамдық күш Үкіметтің орнынан кетуіне мәжбүр етуі мүмкін. Сондықтан егемен емес, жергілікті биліктің бақылауынан шықпайтын кәсіподақ қажетке жарап тұрғаны жақсы. Шетелде кәсіподақ жұмысына билік араласса, бірден айқай-шуға ұласады. Ықпал еткендер бірден жұмыстан кетеді. Келесі сайлауға өте алмайды. «Меніңше, жұмысшылар өздері жиналып, партия секілді сайлау өткізгенде ғана шынайы бәсекелес болады. Тек сонда жұмысшылардың құқығын қорғайтын адамдар басшылыққа өте алады», дейді экономист.
Үй ішінен үй тіккен
Бұл салада біраз тәжірибесі бар журналист Нұрлан Оразғалиев «кәсіподақтар өз міндетін атқара алмай отыр және атқарады деп айтуға әлі ерте», дейді. Себебі қысым көп, өзі құрған ұйымға жұмыс берушінің талабы әрқашан дұрыс. Сондықтан қол астынан шыға алмайды. «Сол үшін кәсіподақты сырттан құрып, тарту керек. Ал мекемені өз ішінен құрып, жарнаны мәжбүрлі түрде аудартып, үй ішінен үй тігетін қазіргі жүйедегі кәсіподақ жұмысын мың жерден өзгертсе де, жұмыс берушіге тәуелді», дейді журналист.
Экс-депутат әрі кәсіподақ орталығын басқарған Берік Бекжановтың айтары басқа. Оның айтуынша, кәсіподақ ұйымы – ерікті ұйым. Ал ерікті түрде құрылған ұйымда кәсіподақ мүшелерінің белсенділігі төмен болса, дәрменсіздік көрсетіп жатқан ұйымдағы қызметкерлер жария түрде айтуы қажет. Бұл орайда еңбеккерлер де өз жарнасының есебін сұрап, жұмыс істей алмай жатқан ұйымның басшылығын ауыстыруға ықпал ете білгені дұрыс.
«Қазақмыс» корпорациясы жанындағы ардагерлер кеңесіне қарасты Сәтбаев филиалының басшысы, мәслихат депутаты Абулаис Мулаков та «Аты бар, заты жоқ ұйымдар бас-басына би болған өңкей қиқым», деп ашынады. Айтуынша, кәсіподақтар тек металлургтер мен кеншілер күнінде бой көрсетіп, қалған уақытта бір-бір кабинетке тығылып отырумен шектеледі. «Ардагерлер кеңесінің қатарында 14 мың зейнеткер бар. Оларға аты дардай ұйым қолұшын беріп көрген емес. Зейнеткерлерге қамқор болу тек «Кәсіпқорған» кәсіподақ ұйымының қолынан ғана келіп тұр. «Бөлінгенді бөрі жейді» дегендей, бас-басына бөлініп кеткен бүгінгі кәсіподақтар жұмысшыларды жадынан шығарып тастады», дейді ол.
Кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы – жұмысшылардың мүддесіне жұмыс істеу. Әйткенмен әлі күнге дейін бастапқы міндетінен жаңылып, еңбек қатынастарының әлеуметтік-құқықтық институты болып қалыптаса алмаған саны бар сапасы жоқ ұйымдардың жұмысын реттейтін уақыт келген секілді. Бұл – біздің емес, жұмысшылардың жанайқайы, мамандардың ортақ пікірі. Олай болмаса, атқарып отырған жұмысы аса ауыр болмаса да, еңбеккерлердің тапқан табысынан айлап жарна алатын, тіпті белгілі һәм белгісіз себептермен бюджеттің қомақты қаражаттарына жұмыс істейтін ұйымдардың ұпайы түгел, ал жұмысшылардың құқығы бұзыла берері анық.