Қазақстандағы ғылыми жетістіктердің көпшілігі, әсіресе біздің жеріміздегі ғасырлар бойы тұнып жатқан мол қазба байлықтарды зерттеп, игеру әлемге әйгілі тұлға – Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың есімімен, еңбегімен тікелей байланысты.
Қаныш Имантайұлының ғылымға деген талабы, таңдаған мамандығына деген құлшынысы ХХ ғасырдың 20-жылдарының басында Том технология институтында оқып жүрген кезінде байқалды. Ғалымның ұстазы, үлкен оқымысты профессор М.А.Усов қаршадай қазақ баласының ерекше қабілетін ерте байқайды. Академик М.В.Мельников естелігінде: «Усовқа өзінің оқушысына геология деген сүйіспеншілікті үйретудің қажеті болған жоқ, ол оны одан әрі дамытты», деп жазды. Қаныштың ерен еңбексүйгіштігін, ғылым жолындағы үздіксіз ізденісін онымен бірге оқыған академик М.П.Русаков та жоғары бағалайды. Институтты сәтті аяқтаған, қазақтан шыққан тұңғыш инженер-геолог Қаныш Сәтбаев ҚазКСР Халық шаруашылығы кеңесінің жолдамасымен Қарсақбай зауытын қалпына келтіріп, мыс өндірісін жолға қою мақсатында 1925 жылдың 10 маусымында КСРО еңбек және Қорғаныс кеңесінің Қаулысымен «Атбасар түстіметалл» тресінің қарауында қызметке жіберілді. 1926-1929 жылдары трестің геологиялық тобының жетекшісі, ал 1929 жылы трест Қарсақбайға көшірілгеннен бастап комбинаттың геологиялық барлау бөлімінің бас геологі, бастығы, кейіннен Жезқазған геологиялық барлау партиясының бастығы болып 1941 жылдың шілде айына дейін Қарсақбайда тынымсыз еңбек етті. Үлкен Жезқазған деп аталатын алып мыс комбинатының дүниеге келуі мысты өлкенің жан-жақты зерттеліп, оның мол байлығының игеріле бастауы Қаныш Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты.
Жезқазған жерінде еңбек еткен алғашқы кездің өзінде-ақ ғалым оны «геологиялық Эльдорадо» деп атады. Қаныш Имантайұлының пікірінше, Жезқазған қойнауында жүз мыңдаған емес, жүз миллиондаған кен байлығы жатыр және мұнда осы уақытқа дейін не Америка, не Еуропа білмеген деңгейде мыс өндіруге болады деп есептеді.
«Қарсақбай ауданы және оның болашағы» атты мақаласында Қаныш Сәтбаев: «Жезқазған мүмкіндігі жағынан дүниежүзінің бай мыс аймақтарына жатады және болашақта Американың белгілі мыс орындарын басып озады», деп жазды. Алайда сол кезеңде Кеңес одағының өнеркәсіп саясатын жүргізген кейбір теріс пиғылдағы шенеуніктер Қаныш Сәтбаевтың болжамын теріске шығаруға тырысты. Бұл пікір Үлкен Жезқазған өнеркәсібін дамытуға қажетті теміржол құрылысын салу кезінде де көрінді. Міне, осы уақытта Қаныш Имантайұлының табандылығы, ғылыми тұжырымдарының негізі, ұйымдастырушылық қабілеті айқын байқалды.
Үлкен Жезқазғанның қазына байлығының молдығы, болашағы жөніндегі Қаныш Сәтбаевтың көзқарасын Орталық Қазақстанның пайдалы қазбаларын анықтауда үлкен үлес қосқан белгілі геолог-ғалымдар М.П.Русаков пен И.С.Яговкин қолдады. 1934 жылы жарық көрген Қ.Сәтбаев пен М.П.Русаковтың «Жезқазған екінші бесжылдықта» атты кітабы Жезқазғанның сирек кездесетін мол байлығы жөнінде ғылыми негізделген тұжырымдаманы жариялап, мысты өлкеге деген ынталылықты бұрынғыдан да күшейтті. Ғалымдар Үлкен Жезқазғанның болашағын КСРО Ғылым академиясының арнаулы сессиясында талқылауды талап етті.
1934 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының, КСРО Жоспарлау комитетінің, Түстіметалл Бас басқармасының, ҚазКСР Халық комиссарлары кеңесінің шешімдерімен Үлкен Жезқазғанның өзекті мәселелеріне арналған Ғылым академиясының арнаулы сессиясы болды. Оның жұмысына 57 мекеменің өкілдері, көрнекті ғалымдар, инженер-геологтер қатысты. Бес күнге созылған сессия мәжілістерінде Қаныш Сәтбаев Жезқазған өндірісінің болашағы жөніндегі өзекті мәселелерге бес ғылыми баяндама жасады. Сессияға қатысқан ғалымдар бұл күнге дейін ғылыми орта көп біле қоймаған және қазақ инженерінің Жезқазған жерінде тұнып жатқан мол қазына байлығы туралы ғылыми зерттеулер мен дәйекті тұжырымдарға сүйенген хабарламаларын үлкен ықыласпен тыңдады. Есімі дүниежүзіне мәшһүр ғалымдар – А.О.Архангельский, В.А.Обручев, И.М.Губкин, Б.Е.Веденеев және басқалары Қаныш Сәтбаевты толық қолдады. Бұл – Қаныш Имантайұлының ғылым шыңындағы алғашқы үлкен жеңісі.
1934 жылдың қараша айында большевиктер партиясы Қазақстан өлкелік комитетіне, ҚазКСР Халық комиссарлар кеңесіне жазған хатында Қаныш Сәтбаев салынуға тиісті теміржолдың тек Үлкен Жезқазғанды Қарағанды көмірімен қамтамасыз ету ғана емес, Жезқазған жерінде ашылған бай темір-марганец кенін Қарағандыда салынуға тиісті металлургия зауытына жеткізуде де үлкен маңызы бар екенін айтты. Ғалым Жезқазған марганецін болашақта Оралға, Магнитогор металлургия зауытына жетуге болатыны туралы да пікір айтты. Ол кісінің көргендігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде дәлелденді. 1942 жылы қорғаныс ісіне аса қажеті марганец кенін Жездіде өндіру басталып, теміржол арқылы Оралға, Магнитогор металлургия зауытына жеткізілді.
Жоғарыда айтылған хатта Қаныш Сәтбаев теміржол құрылысының тез арада салынуы тек өнеркәсіп үшін ғана тиімді емес, сонымен қатар Сарысу өзенінің ауыл шаруашылығы үшін қолайлы, бай сағасын өркендетуге мүмкіндік беретінін көрсетті. «Орталық Қазақстанды қақ бөліп өтетін теміржол салынса, табиғи өндіргіш күштері мол, бірақ осы уақытқа дейін игерілмеген өлкенің экономикалық, мәдени өмірінің күрт өркендеуіне әкелер еді», деп жазды. Қаныш Сәтбаевтың бұл көзқарасының дұрыстығын өмір дәлелдеді. 1937 жылы салынып біткен теміржолмен алғашқы қозғалыс басталды.
«Түстіметалдар» бас басқармасы басшыларының кертартпа саясаты теміржол құрылысы аяқталғаннан кейін де тоқтаған жоқ. Соның нәтижесінде құрылысқа үшінші бесжылдықта бөлінген қаржының көлемі бұрынғы жобадан екі есе аз, яғни 350 миллион сом болды. Ал комбинаттың жылдық өнімі 50 мың тонна мыс болатын өндірістің тек бірінші кезеңін ғана аяқтау көзделді.
Бірақ 1936 жылы қайта жандана бастаған жобалау, басқа дайындық жұмыстары тағы да тоқтап қалды. Мемлекеттік басқару ұйымдарындағы шенді қызметкерлердің сыңаржақ теріс әрекеттері тағы да бел алды. Ескі сылтауларды алға тартып, мемлекет, халық қамын ойлағансып, олар тағы да үлкен құрылыстың жандануына зиянын тигізді.
Қаныш Имантайұлы, оның сенімді серіктері шенеуніктердің кертартпа көзқарастарына қарсы талмай күресе отырып, жаңа ғылыми мәліметтермен Үлкен Жезқазғанның болашағын көрсете білді. Егер де 1935 жылы Қаныш Сәтбаев басқарған геологтер Жезқазған кен орнындағы мыс қорын 3 млн тонна деп анықтаса, 1938 жылы 4 млн тоннадан асып кетті. Жезқазған мыс қорының көлемі жағынан Кеңес одағы бойынша бірінші орынға, ал дүниежүзі бойынша төртінші орынға шықты. Ақыры 1938 жылдың 10 ақпанында Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының жаңа №50 бұйрығы жаңа Жезқазған комбинатының бірінші кезеңін 1941 жылдың басында іске қосуға міндеттеді, ал жалпы комбинат құрылысы 1943 жылы аяқталуға тиіс болды. Құрылыстың жалпы құны – 520,1 миллион сом, оның ішінде бірінші кезегі 371,9 миллион сомға бағаланды.
Міне, түсті металлургияның алыбы атанған Жезқазған комбинатының құрылысы осылай басталды. Үлкен Жезқазған құрылысы ондаған жылды қамтиды. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында да, соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіру жылдарында да толастаған жоқ. Оның тарихында білікті жұмысшылар мен инженер-техник мамандарының ерен еңбегінен басқа, кешегі кеңестік дәуірдің төлтуындысындай болған ГУЛАГ жүйесінде торығып, қамауда болған ондаған мың тұтқынның да қолтаңбасы бар.
Тәуелсіз Қазақстанның өнеркәсібін өркендетуге үлес қосып жатқан мысты өңірдің бүгінгі еңбеккерлері, оның болашағы – жастар осындай қиындықпен дүниеге келген өндіріс алыбының алғашқы ұйымдастырушысы ретінде Қаныш Имантайұлын зор мақтанышпен естеріне алады. Бұл сезім асыл тұлғаның есімін ардақтайтын әрбір азаматтың жүрегінен табылары хақ.
Тілеген Садықов,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы