Жер мен көктің қасиетті тылсымы мен мән-мағынасы біртіндеп халықтардың таным-түйсігіне көшіп алған сияқты. Оның кеудесі мен зердесіне сіңісті болған сол ұғымдар мен атаулар әуелі тасқа таңбаланып, одан кітаптарға, кітаптардан қайтадан сана-сезімдерге, олардан газеттер мен экрандарға, олардан электронды әлемді жағалап тағы да елге тарай береді. Ал халықтардың өзі қайдан шықты деген сұрақ тумай ма? Халықтар аналардың құрсағынан өнбей ме?
«Алып анадан» дейді біздің қазақ. Алып дегенде күш иесі балуан ғана емес, алып ақыл-ой, сана мен рухтың да иесі – ананың баласы. «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді, әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе?» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзінде мән бар. Горькийден еркін аударған «Өлімді жеңген ана» шығармасында сонау Италиядан мына біздің қазақ даласына Азияның билеушісі Ақсақ Темірді іздеп келген ананың қайсар махаббатының алдында жарты әлемді билеген әміршінің өзі бас имеуші ме еді? Түрік сұлтаны Иылдырым Баязит Италияда теңіз жағасында отырған елді барып шапқанда, балықшы отбасының ерін өлтіріп, алты жастағы баласын құлдыққа алып кеткен. Байы өліп, баласынан айырылған ана Баязиттің соңынан қуып келсе, соның алдында ғана Баязитті Темір әскері талқандап, барлық мүлкі мен құлдарын олжалап әкеткенін естіп, онда баласы жоғына көз жеткізіп, Темір әскерінің соңына да түскен. Ақыры ана төрт жыл жүріп, Самарқандағы Темірді тауып, датын айтып, ұлын қайтаруын талап етеді. Жалаңаяқ, жалаңбас, жаяу-жалпы ана! Жүрегінде ұлына, ұрпағына, адамзатқа деген махаббат қана бар. Басқа түгі жоқ. Одан артық не керек адам баласына? Италиядағы Салерно мекенінде күйеуі мен атасының мүрдесі, теңіз жағасында лашығы қалған. Оған қайырылатын ана ма, бірақ? Баласы өлген анаға өмірдің керегі не? Жылдар бойы арып-ашып, ақыры Темірге де жеткен ананың сондағы сөзі мынау: «Адам деген бала ғой. Өйткені ананың жанына көз салсаң, жүз есе бала, адам қашан да анасының баласы. Әркімнің анасы бар. Сен шал, білесің бе, сені де әйел тапты. Сен Құдайдан бас тарта аласың, ал енді анадан бас тарта алмайсың, шал!», дейді әйел-ана. Жарты әлемді уысында ұстаған Темірдің сондағы сөзі сөз, ісі іс қой:
«Үш жүз салт әскер қазір жердің төрт бұрышын аралауға аттансын. Тапсын олар мына әйелдің ұлын. Әйел осында күте тұрады. Мұнымен бірге мен де күтіп отырам. Кімде-кім мұның ұлын атқа мінгізіп әкелсе, ол шын бақыттың дәмін татады». Бұл – дүниені қанға бөктірген Темірдің сөзі. Бағанадан бері бұған куә болған ақын Кермене айтты дейді. Сонда: «Гүл мен жұлдыз жайындағы өлеңнің бәрі сүю жайындағы өлең болады. Майдың айын, көктегі күнді айтсаң, бұл да – сүю жайындағы өлең. Бірақ адамның анасы, өмірдің мықты бәйтерегі ана жайындағы өлең әлі айтылған жоқ», дейді. Рас та шығар, кім біліпті. Ол – қазақ даласының ұлы шайыры Жұмекен мен таулықтардың қыраны Расул Ғамзатов дүниеге келмеген уақыт еді ғой.
«Дүниеде үш-ақ өлең бар», дейді екен таулықтар. «Біріншісі – ананың өлеңі, екіншісі де – ананың өлеңі, үшіншісі – қалған өзге өлеңдер». Мұны дағыстандық Расул Ғамзатов жазыпты. «Ана бір қолымен бесікті тербесе, екінші қолымен әлемді тербейді», дейді біздің ел. Бұл тәмсілдің сырын түсінерге Жұмекеннің (Нәжімеденов) «Анасына» құлақ түрелік.
«Тербейді Ана бөбегін,
Сол арқылы тербетеді өз елін,
Құмын, тауын, өзенін.
Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –
Планетаның алақаны сияқты...»
Біз бұл өлеңге кездейсоқ ұшыраспағанда, жоғарыдағы ойға ат байламас едік қой. Жер мен көктің қасиеті адамдардың жанына көшкен деген сыңайдағы. Жер бетіндегі алғашқы ана бесік тербетіп немесе баласын бауырына алып, әлдилей бастағанда, әрине, болашақ халықтарды тербетіп отырғанын білген жоқ. Шыңғыстаудың бауырында анамыз Ұлжан бала Абайды бесікке бөлегенде, ұлт ақыл-ойының шамшырағын тербетіп жатқанын білді ме екен?..
Жер күнді айналады, ұлы тартылыс күші әлемді ұстап тұрса, жер бетінің тепе-теңдігін сақтап тұрған тербеліс заңы екенін айтады ғалымдар. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдайдың құдіретті тербелісі – бұл. Одан кейінгі тербеу, адамзатты алғаш тербеу қастерлі аналардың маңдайына жазылыпты. Бауырына алған ұрпағын бесікте тербеген біздің аналардың қадір-қасиетін осындай құдіретпен түсіндірген жөн-ау. Әуелі әлем тербеледі, әлеммен бірге ана құрсағында шарана, жерге түскен нәрестені тағы анасы тербегенін ойласақ, бір қолымен баланы, бір қолымен даланы тербеген ананың қасиеті сонда ашылады.