• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 10 Наурыз, 2024

«Шаттық Отаны». Реквием

163 рет
көрсетілді

«Киікті» стансасынан өткен сайын қазақтың даңқты композиторы Сыдық Мұхамеджанов осы жерден Алматыға арман арқалап кеткен шығар деген ойға түсем. Оның кіндік кесіп, кір жуған жері қазақтағы ғажайып та, қасиетті топырақтың бірі һәм бірегейі десе болады. Үш мыңжылдық көшпелілер мәдениетінің толғағы жетіп, тоғысқан жері – бұл. Сарыарқаның саз қонған аймағында уызына жарыған сазгер күні кешегі Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қыздарбек, Сембек, Әбди, Әбікен, Аққыз, Итаяқ, Мақаш, Бегімсал дәстүріндегі шертпе күйдің қазанында қайнап, қаймағына кенелген біртуар тұлға еді. Оның «Шаттық Отаны» поэмасында сол терең де, ерен тылсым сиқыр алыстан айқұлақтанып, құлаққа шалынады. Қазақтың ұлы композиторы Сыдық Мұхамеджанов осы туындысын музыкалық поэма деп атаған екен. Шын мәнінде бұл – бір дәуір, бір заманның марапат жыры. Қазтуғанның «Мадақ жырындай» патетикалық поэма.

Қазір ел екі аяғы салбырап, көктен осы жерге түсе салғандай күй кешіп отыр, адам баласы туасы ұмытшақ, осы отыз жыл ішінде баяғыда көрген-білгенін есінен шығарып алған. Мұны исі қазақ баяғыда «қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған заман» деген. Ол бір кездегі біздің Асан қайғы, сонау Томас Морлардың қиял-ғажайыбынан туған қоғам еді. Бар-жоғы жетпіс жыл салтанат құрды да, тарихтың архивіне жөнеді! Еуропаны кезіп жүрген коммунизм елесі ХХ ғасырда салтанатты шеруін тәмамдады да, келмеске кетті. Соны музыка тілімен өрнектеп, өлмес өнер туындысына айналдырған – қазақтың саусақ­пен санарлықтай тұлғалары­ның бірі, композитор Сыдық Мұхамеджанов. Социализм туралы поэманы қайта тыңдаған сайын адамды мың сан ойға салып, жан-дүниені сарғайған сартап сағынышқа кенелтіп, арқаны шымырлататын музыкалық дү­ние бізден басқа бірде-бір елде жоқ десе де болады. Бізде ғана, қазақта ғана бар!

Замандар да, адамдар да көше береді, мәңгі бақи өлмейтін, жасампаз адам баласымен барлық қоғамдық-экономикалық формацияларда өмір сүре беретін өнер туындылары ғана. Гомерлер кетті. Адамзаттың жадында «Илиада» мен «Одиссеялар» қал­ды. Садық Мұхамеджановтың «Шат­тық Отаны» да осылардан аумайтын адамзат өнеріндегі шедевр шығармалар қатарында тұр.

Біздің балалық, жастық ша­ғымыз, ат жалын тартып мінген ке­зіміз де осы қоғамда өткен. Біз оның орны ойсыраған кем­ші­ліктері мен трагедиясына қа­­рамастан егіліп сүйіп, оған ет-бауы­рымыз елжіреп қыз­мет ет­кенбіз, одан артық қоғам­дық жүйе бар деген ой бізде бол­маған. Адам – өз заманының жемісі, соның әрі мықты, әрі осал қасиеттері біздің бойымызда әлі бар.

Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» осы homo soveticus (хома советикус), со­вет­тік Қазақстан туралы жыр еді. Бұл поэмада біздің 70 жылғы ғұмырымыздың галереясы шынайы бейнеленген. Оны тыңдаған сайын біздің жүрегімізді асқақ сезім, ел мен жерге деген шалқар махаббат кернейді. Мұны мына жарық дүниеге бізден кейін келген буын түсінбеуі мүмкін, бірақ бұл сезімдер бізге етене жақын һәм оттай ыстық.

Евгений Брусиловскийдің Қазақстанға келуі ұлттық музы­камызды еуропалық деңгей­ге көтеріп, жасартып, жаңар­тып, жаңғыртып тастап еді, Сыдық Мұхамеджанов баста­ған шә­кірттері оны бұрын-соңды бол­маған биікке көтеріп, берісі рес­публикалық, әрісі одақтық масштабта соны өрнек, ұлттық бояу­лар қосып, тыңға сүрен салды.

Мына опасыз жалғанда ұлт­тық рухтың жер бетінде сайран салуына, өктем күштердің төбесінен ойран салуына түк те жетпейді. Жан алғыш атом қаруы мен төрткүл дүниені ала­қанына уыстап отырған жойқын импе­риялар да жоқ болады. Атам­заманғы айтулы мемлекеттерден бүгінде көзге қара боп қалғаны – Лондондағы Ұлттық галерея, Вашингтондағы Ұлттық өнер, Мәскеу қаласындағы Третьяков галереяларында тұр. Огинский-Бетховендер мен халық музыкасында Ақан сері, Біржан сал, Мәдилер мен Сыдық-Шәмші-Илья Жақановтардың әндерінде қалықтап ұшып жүр бұл рух. Басқа түк те жоқ мына Жарық Дүниеде. Мәңгі қалатын нәрсе – тек өнер туындысы.

Біз екінің бірі, егіздің сыңары «халық жауы» болған сормаңдай елде ғұмыр кештік. Сонда да бұл ел үшін жанымызды шүберекке түйіп сүйіп едік. Жау – кім? Дос – кім? Әлихан мен Ахметтің, Мағжан мен Міржақыптардың аруағы төбемізде әлі күңіреніп тұр. Социалистік-тоталитарлық қоғамның трагедиясы осы еді. Оны ішіміз сезді, айқайлап айта алмадық, айтқызбады. Социа­лизмнің өзіне ғана тән қасиеті мен қасіреті де көп еді. Соған қара­мастан, біз оның дертіне кү­йіп, жан-тәнімізбен құлай сү­йіп едік. Өйткені ол біздің өз өмірі­міз, тасқа басылған тарихымыз еді. Адам баласы бәрінен бас тартуы мүмкін, бірақ тарихы мен тағдырынан бас тарта алмайды. Бұл – жалпы адамзатқа ортақ аксиома. Құдайтағаланың басқа салған тағдыр-таланы осы... Біз Құдайдың құлы бола алмадық, 300 жылдай пенденің құлы бол­дық. Ең сұмдық қасіретіміз – осы.

«Шаттық Отанындағы» қазақ халқының классикалық әуе­ні әлемдік классиканың озық үлгі­лерімен астасып, адамды асқақ мұраттарға шабыттандырады. Бүтіндей бір ұрпақ осы жырдың аясында өсіп-өнді. Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» дейтін атақты поэмасы бар. Онда Са­льери Моцартты у беріп өлті­ре­ді. Замандастарының айтуына қа­рағанда өмірде мұндай оқи­ға болмаған көрінеді. Соны біле­тін біреулер бұл Пушкиннің ой­лап тапқан дүниесі деген әң­гіме шығарып жүр... Бұлардың көпшілігі – өнердің озық дүние­сін көре алмайтын графоман­дар мен іштар, таяз шығармашы­лық адамдары. Пушкин өнер­дегі данышпан мен дарынсыз­дың өлмес образын жасап шы­ғарды. Оған керегі осы еді. Моцарт – таланттың, Сальери – дәлдүріштің типтік бейнесі. Мына шығарма да сондай, қазақ қия­лындағы қой үстіне бозтор­ғай жұмыртқалаған қоғамның бір бұлдыр елесі маған да жарқ етті де, жоқ болды.

Мұнда Атырау – Алтай – Ала­тау – Алтайға дейінгі кең байтақты мекендеп жатқан Алаш елінің поэтикалық галерея­сы тұнып тұр; үш мың жылдық көш­пелі­лер өркениетінің символын­дай арғымақ ат тұяқтарының дү­бірі мен даламыздың кеңдігі, ел-жұртымыздың Отанға деген ыстық махаббат сезімі, ересен еңбек дүбірі мен бейбіт заман­ның берекесі, ырысына ынтымағы жарасқан елдің бір-бірін ұлтқа, нәсілге бөлмейтін берекелі тұр­мыс-тіршілігі асқақ музыка ті­лінде құйқылжып сөйлеп тұр.

Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық Отаны» да – осы пуш­киндік деңгейдегі терең көр­кем дүние. Бала жасымнан сүй­сініп тыңдаған, жүрегімде ор­ны бөлек ірі музыкалық туынды. Мен оны магнитофонға қойып қойып, шабыт шақы­рушы едім. 1970 жылдары шығар­машылығыма бетбұрыс жаса­ған «ХХ ғасырдың 20 сәті» атты поэмамды жазғанымда осы шы­ғарма арқаландырып, мені Тәңі­рінің тылсым құпиясына шомыл­дырған-ды. Оны тыңдаған сайын жастық шағыма қайта оралып, уайымсыз күй кешемін. Мен үшін бұл – жаңа да, жасампаз қо­ғам құрып жатқан ел туралы асқақ пафосты патетикалық дүние ғана емес, Моцарттың «Рек­виемі» сынды, енді қайтып орал­майтын бір дәуір, бір заман хақындағы азалы жоқтау жыры. Мұқағалидың «Реквием. Жан азасынан» қасіретті. Енді мұндай жыр жазылмайды. Енді ол дәурен қайтып келмейді... Мәселе – осында. Кетер заман кетті... Келмеске!

Қазір бұл симфония бұрын­ғыдай эфирден жиі естілмейді. Естілсе, дүниеден көшіп кеткен бір ұрпақ, бір замана көз ал­дымызда көлеңдейді... Енді ол бізге жоқ. Соның ескі еле­сіндей осы «Шаттық Отаны» қалды. Өткен күннің еле­сіндей... Тарихымыздың өлмес ес­керт­кішіндей жыр – бұл. Ен­ді қайта жазылмайды. Мен үшін бір заманның жоқтау жы­ры ол! Мұнда менің егіліп сүй­ген аруларым, жаны жақсы аға­ларым қалды. Осы жырмен қоса егіліп, жан-дүниені теңіз­дей тебірентетін, өтіп кеткен, енді қайта оралмайтын жас­тық шағымның елесі қалды. Қасі­ретке де, қасиетке де толы жар­ты ғұмырымның қырық жылы. Жасампаздық идеясына шөлір­кеткен құсни ғұмырымның жыры... Огинскийдің «Полене­зіндей» азалы жыр...

 

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,

ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты