Кейінгі жылдары «Қазақ тілі» оқулықтарындағы бағдарламалар мен стандарттарда қазақ тіліндегі нормаларға мән берілмеу, қазақ мектептеріндегі «Қазақ тілі» оқулықтарының орыс мектептеріндегі оқулықтар сияқты лексикалық тақырыпқа көп көңіл бөліп, тілдегі норма мен жүйенің үйретілмеуі, грамматикалық ережелердегі бірізділіктің сақталмауы жағдайды мүлде ушықтыра түсті. Қазақ мектептеріндегі «Қазақ тілі» оқулықтарының тілдегі жүйе норманың орнына география, экология, астрономияға қатысты түрлі лексикалық тақырыптар берілген. Пән мұғалімдері солардың соңынан қуалап, «Қазақ тілі» пәнінің мазмұнынан айырылғанын айтып, дабыл қақты. Дұрысында, орыс мектептері мен қазақ мектептеріне арналған оқулықтар жүйесі, құрылымы мүлде бөлек болуға тиіс.
Айталық, Ахмет Байтұрсынұлы оқулықтарында лексикалық тақырыпқа басымдық берілмей, тілдегі заңдылықты, норма-грамматиканы үйретуге тырысқан. Ал өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрететін оқулықтар мен оқу құралдарында лексикалық тақырыптар беріліп, тілдегі жүйе қосымша түсіндірілген. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының негізін қалаушы Нұрша Оразақынова қазіргі жаңартылған білім мазмұнындағы қателіктердің салдарынан балалар сауатсыз жазып, қате сөйлеп жүргенін айта келіп:«Сараптама жасау арқылы мектеп оқулықтарының көбінде балалардың жас ерекшелігі ескерілмегеніне көз жеткіздім. Сондай-ақ кітаптарда баланың ойлау қабілетін, танымын, жалпы сөздік қорын байытатын дүниелер де жоқтың қасы. Сауатсыздықты грамматикасыз жоя алмаймыз. Себебі грамматика дегеніміздің өзі – сауатты жазу мен сөйлеудің тірегі. Алаш зиялылары дыбыспен жаттықтыруды, оқытудың түрлі тәсілін ұсынғанда «Міндетті түрде грамматикаға сүйену керек» дегенді білместіктен айтып отырған жоқ», дейді.
Грамматиканы оқып, түсінген бала тілдегі жүйені меңгереді. А.Байтұрсынұлының: «Тіл үйрету» дегенге оқу үйрету, жазу үйрету, сөйлеу үйрету кіреді. Сөйлеуді айрықша үйретпей-ақ әуелі ата-анасынан, онан кейін айналасынан үйреніп біліп кетеді. Оқу мен жазу ондай емес, бұлар айрықша үйретуді керек қылады», деуі бекер емес. Психолингвистер бала мектепке бармастан бұрын тілді меңгеріп алатынын айтады. Себебі қазақ баласы мектепке бармай-ақ сөз таптарын, сөйлем мүшелерін ажырата алмаса да, ойын жеткізу үшін баяндауышты сөйлемнің соңына, бастауышты одан бұрын қойса, анықтауыш мүшені бастауыштан бұрын қояды. Баланың тілдік санасында схема-үлгі қалыптасады. Соның негізінде ол сөйлем құрап жаттығады. Зат есімнің нәрсенің атын, сын есімнің заттың белгісін білдіретінін толық біледі. Мектепке барған соң олардың қандай сөйлем мүшесі екенін түсінеді, оқып, жазып үйренеді. Бір тілді үйреткенде тиімді болған әдіс-тәсіл басқа тіл үшін онша тиімді болмауы мүмкін. Себебі әр тілдің өзіндік ерекшелігі бар, өзіндік жүйесі бар. Сол себепті Алаш зиялылары тіл үйретуге ерекше мән берген. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы: «Үйрету өнер болған соң, ана тілін үйрету, бұ да – өнер. Олай болса, басқа өнерлерде болған сындар мұнда да болмақ.Тіл – тіршілік құралы. Тіл үйрету (оқу, жазу, сөйлеу үйрету мағынада) – сол тіршілік құралын жұмсауды үйрету. Олай болса, тіл үйрету өнері тұрмыс өнері болмақ. Тұрмыс өнері өзінің тұрмыстағы байласқан нәрсесінің түріне қарай тұрмыспен бірге өзгермек. Тіл үйрету тұрмыс өнері болған соң, мұның да тәсілдері машина тетіктері сияқты тұрмыс керек қылуынша өзгеріп тұрады. Бірақ өзгергенде бүтіндей тәсілдерінің бәрі жаңаланбайды. Жаңасы аз болып, көбі бұрынғы тәсілдердің жаңадан жанастырып, үйлестіруі болады», депті.
Қазір ата-ана баласына балабақшадан бастап ағылшын тілін үйреткісі келеді. Академик Р.Сыздық пен профессор З.Ахметжанова секілді ғалымдардың зерттеулерінде жан-жақты дәлелденгендей, бала шет тілін үйрену үшін алдымен ана тілін толық меңгеруі тиіс. Жапон ғалымдары бастауыш сыныпта балаға ана тілін ғана үйретеді. Профессор Н.Оразақынова: «Үш тілділікті желеу етіп, балғындарымызға балабақшадан бастап, ағылшын тілін үйрету бізге ешбір пайда тигізбейді. Білім саласының тізгінін ұстаған басшылар осы мәселені ескеруге тиіс. Кез келген нәрсені қолданысқа енгізбес бұрын алдымен сараптап алғанымыз жөн еді. Ал бізде ешбір эксперимент жүргізілмей-ақ, бағдарламаның барлығы қолданысқа бірден енеді. Негізінен орыс тілін 4-сыныптан, ағылшын тілін 5-сыныптан бастасақ, оқушының тіл үйренуі кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бала кез келген екінші немесе үшінші тілді меңгеруіне өзінің ана тілінің негізіне сүйенуі керек. Өкініштісі сол, бізде ана тілінің негізі бастауыштан дұрыс қаланбайды... Қазақ еліндегі кез келген мектепте ең бірінші қазақтың тілі тұруы керек. Біздің арманымыз – жоғары дәрежедегі мектептермен бәсекелесе алатын шынайы қазақ мектебін қалыптастыру. Елімізде Алаш арыстарының идеясын жүзеге асыруды мақсат тұтқан нағыз қазақ мектептерінің негізін бүгіннен бастап қалауымыз керек», деп тұжырымдайды.
Н.Оразақынова әр ұлттың өзіне тән таным-түсінігі болатындықтан, өзіміздің білім беру жүйемізді айқындап, өзге елдің өзімізге қажеттісін сұрыптап алатын уақыт жеткенін айтады. А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Т.Шонанұлы, Ә.Ермеков секілді Алаш ардақтыларының ұстанымын басшылыққа алып жасаған ғалымның «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы білім саласында 30 жылға жуық уақыт қолданылып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде «Тілдік талдау технологиясы» деген элективті пән Н.Оразақынова ұсынған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының негізінде жүргізіледі. 4-курстарға ұсынылған бұл пәнге студенттердің қызығушылығы жоғары. Қазақ тілінің фонетикасы, лексикологиясы, сөзжасамы, морфологиясы, синтаксисіне арналған теориялық пәндерден кейін жүргізілетін бұл пәнде студенттер сатылы кешенді талдау технологиясын пайдаланып, әр саты бойынша барлық ережеге сәйкес теориялық ұстанымды мысалмен бекітіп, тәжірибемен ұштастырады.
Бастапқыда технология «Қазақ тілі» пәні бойынша енгізіліп, оқушыларға қазақ тілінің дыбыс құрамы, сөз құрамы, грамматикалық құрылысы, әдеби тіл нормасын үйретіп, дұрыс сөйлеу, сауатты жазу дағдысын қалыптастырды. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясында тіл білімінің барлық саласы қамтылған. Ұлттық құндылықтарға негізделген дидактикалық материалда тілдік бірліктер жүйелілікпен берілгендіктен, оқушылар материалды құрғақ баяндап қана қоймай, танымдық тұрғыдан мол ақпарат алады. Дұрыс сөйлеу қағидасын меңгереді. Технологияның ауқымы кеңеюі нәтижесінде бүгінде 10 пәнге енгізіліп отыр. Технология білім беріп, шеберлік, дағды қалыптастырумен қатар оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына, ойлау, есте сақтау, қиялдау, елестету сияқты қабілетінің дамуына игі ықпал етеді. Баланың оқуға деген құлшынысын арттырып, ізденушілік, зерттеушілік қабілетін шыңдайды. Сондай-ақ осы технологиямен жазылған «Тілдік бірліктерді сатылай кешенді талдау» атты оқу құралын жалпы білім беретін орта мектеп мұғалімдері де пайдаланады. Бұл технологияны меңгерген мұғалім мен оқушының арасында өзара сыйластық,түсіністік, әріптестік қатынас орнайды.
«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы алдымен бастауыш сыныптың «Қазақ тіліне» енді. Ғалым Н.Оразақынова Ж.Аймауытұлының: «Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттату, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымын, ойын, сезімін, сұлу үлгісін, ойлау жүйесін, ой пәлсәпасын да меңгереді. Бала оқытуды тілден бастайды. Бастауыш мектептің көбінесе айналдыратын оқуы – тілдік мүшелерді нық білдіріп, баланың тілін байыту. Орта дәрежелі мектепте үнемі тілді жаттықтыру, дағдыландыру керек. Әр сабақ, әр пән бір жағынан өзіне хас мақсұтын көздесе, екінші жағынан тіл түзеуге, тіл сабағының міндетін атқаруға тырысу керек. Бала сөйлегенде, жазғанда, тілді дұрыс қолдануға – әр оқытушының, әр мектептің міндеті», деген қағидасын негізге алып, тілдік бірліктерді 10 деңгей бойынша талдауды мақсат етеді. Бірінші деңгейде айтылым мен жазылым негізге алынады. Бұл деңгейде ғалым қазақ тілінің жүйесін, А.Байтұрсынұлының ұстанымын басшылыққа алып, дыбыспен жаттықтыру әдісін ұстанады. Екінші деңгейде тыңдалым мен айтылымға ерекше көңіл бөлініп, тіл білімінің салалары тірек сызбадағы үлгіге сәйкес ауызша баяндалады. Оқушылар бір-бірінің жауабын тыңдап, қателіктерін түзетеді. Үшінші деңгейде оқушылар ауызша талдау арқылы диалогті талдау, кері талдау түрін меңгереді. Төртінші деңгейде шартты белгілермен жұмыс істеуге дағдыланады. Бесінші деңгейде белгісіздікпен өрнектелген таңбаларды ажыратып, дұрыс баяндауды үйренеді. Алтыншы деңгейде сатылай кешенді талдау арқылы меңгерген білімін жатқа жазады. Тапсырма әр оқушыға беріліп, орфографиялық, пунктуациялық қателердің жіберілмеуі қадағаланады. Жат жазу бір оқу жылында екі рет жүргізіледі. Жетінші деңгейде оқушылар белгілі бір уақыт аралығында дұрыс талдап шығуы керек болады. Талдаулар жүйелі түрде жүргізілсе, оқушылар 7–15 минут аралығында тіл білімінің барлық саласы бойынша талдап шығады. Сегізінші деңгейде оқушыларды компьютермен жұмыс істей білуге баулу көзделеді. Тоғызыншы деңгейде тест тапсырмалары беріліп, оқушының білімді қаншалық меңгергені тексеріледі. Оныншы деңгейде оқушыны шығармашылыққа баулу мақсат етіледі.
«Сатылай кешенді талдау» технологиясы ғылымилық, жүйелілік, деңгейлік, саналылық, белсенділік, сабақтастық, шығармашылық ойлауды қалыптастыру, тәрбиелік сияқты ұстанымдарға негізделген. «Тәрбиедегі мақсұт – «адам» деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару», деп М.Жұмабаев айтқандай, баланы оқытудағы негізгі мақсат – белгілі бір пән бойынша жалаң мағлұмат беріп қана қоймай, толық адам ретінде қалыптасуына ықпал ету, ұлттың болашағына ұйытқы болатын азамат тәрбиелеу болуға тиіс. Сол себепті профессор Н.Оразақынова: «Қазіргі кездегі мұғалім-әдіскерлердің ең бірінші мақсаты – сапалы оқытудың жолдарын табу, яғни қалай оқытсақ, ісіміз жақсы нәтиже береді деген сауалға жауап іздеу. Соны практикалық жағынан дәлелдеп, теориялық тұрғыдан жүйелеп көрсету. Сондықтан да жалпы білім беретін орта мектеп «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы арқылы ізгілік қасиетін қалыптастыру үшін оқушылардың теориялық білімін тереңдетіп, біліктілік пен дағдылар қалыптастырылуы керек... Сабақ мазмұнының сапалы болуы мұғалімнің білім беру ұстанымын тиімді қолдана алуына байланысты. Ол дидактикада қалыптасқан ғылыми, саналылық, өмiрмен байланыстылық, оқушылардың жеке ерекшелiктерiн ескеру, дүниетанымдық сипаттағы оқыту ұстанымдары, т.б. сияқты жалпы білім беретін орта мектепте қазақ тілін сатылай кешенді талдау технологиясымен оқытуды қажет етедi», деп тұжырымдайды.
«Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бастапқыда күнделікті сабақ жүйесінде қолданылды. 2000 жылдан бастап мұғалімдер мен оқушылардың ынта-ықыласы ескеріліп, Кіші ғылым академиясының ұйымдастыруымен «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының ауызша командалық олимпиадасы өткізіліп келеді. Алғашқы олимпиадаға Алматы қаласы мен Алматы облысынан 6 команда қатысты. 2001–2002 оқу жылынан бастап олимпиаданың аумағы кеңейіп, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы мен Ақтау қаласының оқушылары да бақ сынады. Олимпиада бастапқыда жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларының арасында өтсе, кейін оған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенттері де қатысты. Кейінгі жылдары сайысқа Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген оқушылар мен студенттер командалары белсенді үлес қосты. Олимпиада республика көлемінде ғана өткізілмей, кейінгі үш жылдан бері Моңғолияның Баянөлгей аймағынан да оқушылар қатысып, жарыс халықаралық деңгейге жетті. Яғни «Сатылай кешенді оқыту» технологиясына қызығушылар саны күн санап арта түсті. Бүгінге дейін аталған технология бойынша 8 772 мұғалім дәріс алған. Технология республика шеңберінде ғана емес, шет елдерде де танымал. Мәселен, Моңғолиядан 30 мұғалім «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша дәріс тыңдады.
Қорыта айтқанда, ұлттық білім ұлт жасампаздығының негізі екенін ұмытпауымыз керек. Сол себепті Нұрша Оразақынова секілді айтулы ғалым негізін қалаған отандық технологияны әрдайым қолдаймыз. Бұл технологияны қазақ тілін үйретуде ғана емес, ғылымның барлық саласында қолдануға болады.
Орынай Жұбай,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Жайна Саткенова,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент