Қазір еркіндік пен жеке жауапкершілік түрлі себептермен өзімшілдікке ұласып, рухани сезім төмендегенін еш жасыра алмаймыз. Ең ақыры, өмір сүріп отырған ортамызды, қоғамды сынау, жамандау жақсы емес. Барлығын жоққа шығаруға келгенде ақылынан алжығандай тартынбайтындар төбе көрсете бастады.
Қоғамда адам қадіріне жетіп, сыйлау, адал еңбекті қасиет тұту кері кетіп, жақсылардың өнегелі жолы ұмытыла бастағандай. Мұны да ой-сананың сапалық өлшемінен іздегеніміз жөн болар. Бәлкім, ескі жүйенің тигізген кесірінен арыла алмай жатқанымыздан шығар. Сол себепті ұлттық намысқа қайта оралудың барлық әрекетін қолға алуымыз қажет. Бұдан әрі кеш болады.
Жалындаған жастық пен қариялық қасиетте де ұлттық сезім мен өзара сенім атойлап тұрмаса, біз кімбіз? Ұлттық намыс әрбір ісімізде шынайы әрі бойға қанмен дарыған мінез-құлқымызда қарапайым қалпында көрініп, сезіліп тұруы керек. Ең бастысы – ұлттық ұстанымдар мен құндылықтарға бас иіп, барлық уақытта, барлық жағдайда, қайда жүрсе де бір-бірімізге жанашыр, қорған бола білу. Бұл мақсатта қоғамдық ой-санада рухани серпіліс пен ірі өзгеріс керек. Мимырт тірлік пен масылдық, құр бос күйбең мақсатқа жеткізбейді.
Тек ақша мен дүние жарысының дүрмегінен, дүмшелердің жаттанды уағызынан ұрпақтың ой-өрісі өспейді, жетілмейді, олардың өмір сүре білуге деген ұмтылысы да күш алмайды. Қоғамның құндылықтары түптеп келгенде адал еңбек пен елдік, ұлттық мүддеге тікелей қатысты. Адал еңбек қана елді азып-тозудан сақтайды.
Ескі жүйеде сыбайлас жемқорлық пен заңды белден басып, былыққа белшесіне дейін батқан парақорлардың залалы мен ауыр зардабынан жұрт есін әлі жия алмай келеді. Қазаннан – қақпақ, иттен ұят кеткен жылдары қоғамға тиесілі қазына-байлықты түрлі зымиян жолмен, билік қызметін қарақан басына, ұяластарының баюына өле-өлгенінше пайдаланғандар енді қоғамды тазартайық, әділетті мемлекет құрайық деп жатқан жұртына дем беріп, мол қаржы салып, кеш болса да халқынан кешірім сұрап, шетел асырған заңсыз активтерді қайтаруға неге өз еркімен үн қосып, қолдамай жатыр? Бір алпауыт байдың ашық даусы естілмеді. Қызмет пен байлықтан әбден рухани азғындауға ұшыраған ба?
Обал, сауап, ұятты білмеген адамнан сатқындық та, опасыздық та шығады. Оны ұрпақ әлі талай айыптайды. Бұл өзекті мәселеде қоғам Үкімет жанынан құрылған комиссия мен Бас прокуратура жанындағы арнайы комитеттің жұмысына ерекше назар аударып отырғаны анық. Ел осы құқықтық негізі тиянақталған шешімнің нәтижесі қашан, қалай болатынын күтіп отыр. Бұл ел тәуелсіздігінің отыз үш жылдан асқан белесінде алғаш батыл және әділ қолға алынған іс екеніне айрықша мән беруіміз керек. Бұл үдеріс оңай емес және оның жүзеге асырылуы – уақыттың еншісіндегі іс.
Біз қажетті қадамның, әділетті, әлі талай ұрпақ айта жүретін тарихи шешімнің орындалатынына сеніммен қараймыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет мүддесі бәрінен биік екенін қадап айтты. Дәл осы тұрғыда тарихи шешім қабылдағанын жария еткелі бері ел еңсесі көтеріліп, қабағы ашылды. «Тарихи әділеттілік орнайды» деді. Қоғамда осы мәселе басты тақырыпқа айналды. Кей депутаттар мен экономист-ғалымдар тіпті газ-мұнай саласындағы ірі кәсіпорындардың салық түсіміне қоғамдық тексеру жүргізу мәселесін де көтерді. Бұған ұқсас ұсыныстардың түпкі мақсаты – сыбайлас жемқорлық пен тойымсыздыққа қоғамдық күшпен тосқауыл қою. Алдағы уақытта ел наразылығын туғызатын теріс құбылыстардың қайталанбауы үшін ащы сабақ болуға тиіс.
Осындайда қиын кезеңдерде қоғамның көкейкесті тақырыптары төңірегінде мемлекетшіл көзқарастары мен табанды ұстанымының жолында жан аямай күрескен жеке батырлар ойға оралады. Айбары мен үні еске түседі. Қазақ тілі үшін кеңестік қасаң кезеңде басын бәйгеге тігіп, Алматыны жаяу аралап, «Балаларыңды қазақ мектебіне беріңдер!» деп тілеулес азаматтармен бірге насихат жүргізген ақын Шона Смаханұлы мен қартайған шағында өз қаражатына «Казахская правда» газетін шығарып, қазақ ұлтының ар-намысын қорғап, ел тарихын қопарып жазып, ел мен жердің бай мұрасын жұртқа жеткізуде орасан еңбек сіңірген Алдан Айымбетовтей ғалымды «жеке батыр» (Ш.Мұртаза) деп мақтаныш және үлгі етуге тиіспіз. Тіптен Шона ағамыз ұл-қызын қазақ мектебіне бермеген қаламгерлердің кітаптарын шығармау туралы мәселені күн тәртібіне қойып та көрген. «Ана тілі тамырынан айырылғанда не болмақ?» деп сұрақты тікесінен қойған.
Қазір сол марғасқалардың мемлекетшіл, зиялы ізбасарлары неге көрінбейді? Қайда кетті? Жаңа есімдер неге шықпайды? Бұл бұқаралық, идеологиялық тәрбиелік іспен кім айналысады? Саяси партиялар ма? Саны көп қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар ма? Бұрынғы қайраткерлердің орнын лайықты алмастыра алатын тұлғаларға зәрулік әр өңірде күйіп тұрғаны қалай? Қоғамға ұлтты оятатын тұлғалар керек. Саясатта жаңа тұрпаттағы, адуынды, алғыр, озық ойлы азаматтардың өз сөздерін айта алмай келе жатқаны да рас.
Ал ешкім тани қоймайтын еркек пен әйел қол ұстасып, егемендіктің 33 жылында әлемнің 110 еліне (ТМД елдерін қоспағанда) саяхаттап барып қайтқанын қалай қабылдар едіңіз? Бұл қазақтың «Атың барда жер таны» деген мақалына дәл келеді. Көзі ашық, көкірегі ояу ерлі-зайыптының арманы не дейсіз ғой? Әлемде қазақ баласының табаны тимеген жері жоқ екенін растау. Сондай-ақ адамзаттың бар игілігін тамашалап, шамасы келгенше тану. «Ең бастысы, әр сапардан оралған сайын туған Отаның, қазақ халқы мен байтақ жеріңнен артық ештеңе жоқ екеніне көз жеткізген сайын, барыңды бағалаудың мән-мағынасын аша түсу», дейді олар. Оларға зейнет жасына жеткенде егемен еліміздің арқасында, бала-шағаның қызығын осылай көруді тағдыр сыйлапты. «Дүние аласапыран, қым-қиғаш, дүрбелең. Таңғажайыптар да жетерлік. Аралдағы шағын мемлекеттерде, Африка мен Латын Америкада «Қайдан келдіңдер?» деп сұрайды, біз Қазақстан туралы айтамыз. Олар аң-таң. Таныстырамыз, географиялық картадан көрсетеміз. Қызығады, әлемде қандай халық, мемлекет екенімізді білгісі келеді. Шынын айту керек, қазақтай көзі ашық, пейілі кең, дарқан ел, жер байлығы мол, жомарт жұрт жоқ», дейді мақтан, думан-той мен даңғаза атаққұмарлықтан мүлдем аулақ, жаңа заман лебін сезінген мәдениетті кісілер.
Ел қатарлы өмір сүрудің мағынасын тіленбей, сұрамсақтанбай, барды қанағат тұтып, отбасы, әулетіңнің жақсы дәстүр, қасиеттерін медет тұтып, ардақтауды жоғары қойып, мақсат ететін жандарды біз де құрметтеп, сыйлаймыз. Бірақ адамдардың бәрі бірдей емес. Қазір екінің бірі «Қоғам өзгермей, ештеңе өзгермейді. Сондықтан сіз бен біздің айтып отырған әңгімеміздің біреуге керегі бар екеніне күмәнім бар» деп сөйлейді.
Өткенде қатты суық болып, қалың қар, саршұнақ аяздың қысымынан облыс орталығының маңында газ құбыры жарылды. Апатты жағдайды ести салысымен іске кіріскен міндетті мекеме қызметкерлерінің арқасында құбырдың тесілгені бітелді, жарылғаны бүтінделді. Газ құбыры толық іске қосылды. Осы уақытта қаладан қасына шұбыртқан бес-алты блогері, операторы бар шенеунік келді. Қысқаша жағдаймен танысқан болады да: «Апатты жағдайды жөндеп, басы-қасында жүріп қалпына келтірдік» деп сұхбат береді. Мұны естіген жұмысшылар «мынау не пиар, келгені жаңа ғана емес пе?» деп таңғалады. Бұл не? Жасанды, жалған жарнама дегеніңіз осылай көпірте сөйлеп, жоқ жерден өзін көрсетіп көпшілікті алдарқата салу ма?
Бұл жергілікті басқару ісінде жариялылықтан гөрі әкімдерді дәмсіз, нәрсіз жарнамалау біркелкі сипат ала бастағанын аңғартады. Халық бәрін көріп, сезіп отыр. Ал бұдан билік не ұтады? Жергілікті билік тізгінін ұстаған жаңа әкімдер шынын айтқанда білікті басшы, алымдылығы мен батыл қасиеттері атойлап тұрған тұлға дейтіндей деңгейге көтеріле қойған жоқ. Сөз бен іс бірлігінде саяси жүйелі, ал ауылшаруашылықта екі қолды сыбанып, төңірегін үйіріп жапырып жұмыс істейтін, турасында серпіліс әкелетін, жаңа ізденістерге бағыт-бағдар беретін идеялық көшбасшыларға зәруміз әлі. Бұлай деуімізге өңірлердегі бірсыдырғы тірліктер ғана себеп емес…
Ал халық әділетті Қазақстанның әр таңынан әділеттілік пен жаңғыруға негізделген нақты өзгерістерді күтіп отыр. Мәселен, қай облыстың әкімі жұрт алдына шығып, әділетті Қазақстан құруға стратегиялық жоспар жасады? Жаттанды цифрлар мен есептік көрсеткіштердің ар жағында толып жатқан мәселелерді неге ашып көрсетпейді?
Облыс басшылары бұрынғыдай ескі жүйенің елесінде жүріп, ел басқаруға болмайтынын енді анық түсінуі керек. Онсыз ойға алған жоспар ойдағыдай орындалмайды. Қағаз жүзінде бәрі керемет болуы мүмкін. Министрлер мен барлық деңгейдегі әкімдер Мемлекет басшысы белгілеп берген міндеттердің мәнін іс жүзінде түсініп, нақты жұмыстармен айналысуға тиіс. Жаңаруға бет бұрған әділетті Қазақстанның саяси-рухани, әлеуметтік-экономикалық дамуының ерекшеліктеріне сай қызмет етуі ең әуелі жемқорлықтан ада, құрғақ уәдешіл, сөзбұйдалық атаулыдан таза, қала мен ауылда бірдей ауқымды тірлігімен, тұлғалық деңгейімен анық және ашық көрінуге тиіс. Әр басшының бітім-болмысы әділетті қоғам құрудың түпкі идеясына тәуелді, әрбір лауазымдық қызметі жанкештілік, табандылық және тынымсыз күрескерліктен тұруы аса маңызды. Әр ауыл, аудан, облыс жұртшылығы өз басшысын тапқанына ерекше мән бергеніміз абзал. Өйткені теңін таппаған жігіт те азады.
Бұл – бүгінгі уақытта мемлекет, бұқара талап етіп отырған міндет. Кейінгі уақытта мемлекет басқару ісінің басы-қасына келіп жатқан жоғарыдағы саяси элитаның жаңа толқынының бетбұрысы – іскерлігі мен мейлінше алғырлығы, тағдыршешті міндеттерді орындауға икемділігі халық риза болатын игіліктермен көрінеді деген сенім бар. Халық сеніммен құптап, қолдап отырған әділетті Қазақстанды адал адамдар құрады. Саясаты да, әлеуметтік-рухани сыр-сипаты да жүрекке жақын естілетін – ұлы мәртебелі адал еңбектің елдік құндылығы осында.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері