Енді еліміздегі жемшөп дақылдары мен басқа да жабайы өсімдіктердің тұқымы Норвегиядағы Шпицберген аралындағы дүниежүзілік тұқым қорында сақталады. Осы рәсімге Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары барып қатысты.
Бұл қор тұқым түрлерін ұзақ жылдар бойы сақтау үшін салынған. Әсіресе онда адам өмірі үшін маңызы зор дәнді дақылдар мен дәрілік өсімдіктерге көп орын бөлінген. Тұқымды сақтауға аталған аралдың таңдалуы да тегін емес. Өйткені мұнда үнемі шыңылтыр аяз болып тұрады. Қойма таудың астында 120 метрде орналасқан. Теңіз деңгейімен есептегенде 130 метр тереңдікте жатыр. Тұқым қоры толықтай мұздатқышпен жабдықталған. Түрлі апаттан сақтайтын есіктер мен камера қойылған.
Осы жобаның ғылыми жетекшісі Сақыш Ержанованың айтуынша, қорда сақтау үшін елімізден 8 ботаникалық түрге жататын жемшөп дақылдарының 522 үлгісі іріктеліп алынған. Әсіресе жоңышқа дақылдарына ерекше назар аударылды.
«Біздің еліміз жер көлемі жағынан әлемде 9-орын алады. Соның 180 миллионнан астам гектары жайылымды құрайды. Шөлейтті аймақтар да басым. Жергілікті тұрғындар үшін жайылым – мал ұстаудың көзі. Бірақ соны жүйесіз пайдаланса, жайылымдық жер эрозияға ұшырайды. Соның салдарынан жемшөп дақылдары мен олардың экотиптері деңгейіндегі генетикалық әртүрлілік тарылады. Алайда жем шөп дақылдарының түрін экотиптік деңгейде сақтау өте маңызды. Осыған байланысты 2015 жылдан бастап, академик Ғ.Мейірманның жетекшілігімен жемшөп дақылдарының жабайы түрін жинау үшін экспедиция ұйымдастырылып келеді. Жалпы, осы сапар біздің институттың әлемдік ғылыми қоғамдастықпен байланысын одан әрі кеңейте түсті», деді С.Ержанова.