Игілік үшін жасалған жасанды интеллектінің қиғылық ісі де баршылық. Оны хакерлер қарапайым азаматтың деректерінен бастап, мемлекеттің құпия ақпараттарын қолға түсіретін таптырмас құрал ретінде пайдаланып отыр. Осы тұста Халық ақыны Қарасақал Ерімбеттің «Қызғанар итаяғын құтырған ит, қабады өз иесін сақ болмаса» деген сөзі санамызға сап ете қалғаны...
Былтыр әлемдік киберқауіпсіздік индексінде Қазақстан 78-орынға жайғасқан. Үш жыл бұрын 31-орында болыпты. Оның үстіне кейінгі жылдары азаматтардың жеке деректерінің жария болып кету фактілері де жиілеген. Таяқтың екі ұшы бар дегендей, алаяқтар да жасанды интеллектіні өз мақсатына ыңғайлайды. Бұл – еліміздегі ғана емес, дүниежүзіндегі түйткілді мәселе. Мысалы, Ұлыбритания билігі де осы жылдың екінші жартысына жоспарланған сайлаудың әділ өтуіне жасанды интеллект кері әсер етеді деп қауіптенеді. Өйткені кейінгі уақытта саясаткерлердің жасанды интеллект арқылы жасалған жалған бейне мен аудиожазбалары желіде қаптап кеткен. Сарапшылар технологиялық компаниялар мен үкімет бірлесіп шара қолданбаса, жалған ақпараттар түрлі шиеленіске алып келуі мүмкін дейді. Өткен жылы Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармердің әріптестеріне дауыс көтеріп, бейәдеп сөздер айтып жатқаны әлеуметтік желілерде тарады. Кейін бұл – жасанды интеллект жасаған жалған аудиожазба екені мәлім болды. Сарапшылар дипфейкпен күрес жүргізілмесе, демократияға қауіп төнеді деп есептейді. Ашып айтсақ, дипфейк – жасанды интеллект көмегімен өңделген фото, бейне немесе аудиожазбалар. Бұл технология адамдардың бейнелерін пайдаланып, оларды сөйлетіп, кез келген дауысты салады, сонымен қатар ешқашан айтпаған сөздерді айтқызуы мүмкін. Дипфейк алғашында 2016 жылы пайда болды, бірақ қарапайым қолданушыларға қолжетімсіз еді. Алайда биылдан бастап, дипфейк жасайтын бағдарламалар барлық интернет қолданушыларға қолжетімді болып, кеңінен таралып жатыр. Сол үшін де ғаламтордағы дүниелерді саралай білуге балаларды ғана үйретіп қоймай, ересектерді де тарту керек.
Ақпараттық қауіпсіздік маманы Батыржан Тютеев көп жағдайда дербес деректердің жариялануына азаматтардың өздері «атсалысатынын» айтады:
«Бірде бізге бір компания келіп ақпараттық қауіпсіздігін тексеріп беруімізді сұрады. Жаңа жылдың қарсаңы еді. Біз ол компанияның барлық қызметкерлеріне: «Сізге жаңа жылдық сыйақы беріледі деген мәтінде хат жолдадық. Соңында мына сілтемеге өтіңіз деген сөйлем болды». Сол компанияның жүйелік әкімшісінің өзі төрт рет кіріп, логин мен құпиясөзін жазып қойған кез де болған. Қызметкерлер осылай абайсызда хакерлерді өз компьютеріне кіргізіп алады. Олар жүйеге еніп алған соң, өз мақсатын жүзеге асырады», дейді ақпараттық қауіпсіздік маманы.
Интернет-банкинг қызметін қолданғанда да сақ болған жөн. Мәселен, қазір түрлі байқауға қатысамын деп белгісіз сайттарға өзінің есепшоты туралы ақпаратты еш ойланбастан енгізетін тұтынушылар аз емес. Мұндай әрекеттер сол шоттағы ақшаның жоғалуына әкеп соқтыратын жағдайларға күнде куә болып отырмыз. Біз күнделікті қолданатын ұялы телефондар тек байланыс құралы ғана емес. Құрылғыда оның иесі жайында мәлімет көп. Сол себепті мамандар телефонға қандай да бір қосымша орнатпас бұрын немесе сілтемеге өтпес бұрын оның қауіпсіздігін тексеріп алуға кеңес береді. «Citibank Kazakhstan» бас директоры Андрей Курилиннің: «Бүгінде банкті тонауға тапанша керек емес, оны жасанды интеллект көмегімен-ақ жасауға болады. Әлемде банк ғимаратынан қолма-қол ақшаны тонаумен салыстырғанда, кибершабуылдар үлкен проблема әкеледі», дегені бар еді.
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының сарапшысы Виталий Перов әлеуметтік желіге жариялайтын ақпаратқа өте сақ болу керектігін айтады:
«Қыздар көбіне «Мен (шетелге) ұшып бара жатырмын. Міне, билетім», деп салып қояды. Билет арқылы өте көп маңызды ақпаратты білуге болады. Ол билетті қайтарып, орнына басқасын алып тастауға да болады немесе ұрылар сіздің екі апта үйде болмайтыныңызды біліп, мекенжайыңызды анықтап, ұрлыққа түсуі де мүмкін», дейді ол.
Азаматтар ең бастысы кибергигиена ұғымын түсінсе абзал дейді қауіпсіздік мамандары. Бұл бір қарағанда тым қарапайым ережелер. Яғни күмәнді қосымша мен сайтқа дерегін тіркемесе, кез келген сілтемеге өтпесе дейді. Құпиясөзге де мұқият болған абзал екен. Мысалы, «Password», «123456», «111111», «123123» секілді құпиясөздер ең жиі қолданылады. Осылайша, хакерлер мен алаяқтардың жұмысын өзіміз жеңілдетіп береді екенбіз.
Ақпараттық қауіпсіздік мамандарын алаңдатқан тағы бір мәселе бар. Ол – маман тапшылығы. Сондықтан да болар, осы салаға білім гранттары да көбейген. 2022 жылы бакалавриатқа 2700 грант бөлінсе, 2023 жылы 3000-нан асады. Жалпы, еліміздегі оқу орындары ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлай бастағанына – 10 жыл. Яғни екі буын түлек қана тәрбиелеп үлгерген. Солардың еңбегінің нәтижесін алдағы бірнеше жылдықта көріп қалармыз. Әрине, егер ол мамандар шетел асып кетпесе...
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті