Ел экономикасын дамытудағы шағын және орта кәсіпкерліктің орны аса маңызды. Нарықтық жүйеде елді алға сүйреу негізінен кәсіпкерлердің жұмысына байланысты екені белгілі. Ел Президенті олардың алаңсыз қызмет атқаруын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдарға кәсіпкерлік нысандарын жөн-жосықсыз тексеруге кейінгі үш жыл бойына мораторий жариялағаны бекер емес.
Дегенмен кәсіпкерліктің өркендеп, өсуіне кедергі келтіретін де жағдайлар кездеспей қалмайды. Мұндай келеңсіздік мемлекеттік органдар тарапынан болып жататыны әрине, өте өкінішті.
Ұлытау облысының прокуратурасы 808 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жобаға сүйемелдеу көрсетуде. Бұл не деген сөз? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл дегеніңіз – инвестор-кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, олардың заңды жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Биылдың өзінде облыстық прокуратураның араласуымен жалпы сомасы 80 млрд теңгеден асатын инвестициялық жобаларды іске асыруға тиісті 3 инвестордың құқықтары қорғалды.
Мысалы, «Mezgilder Qushteri» ЖШС деп аталатын Қытай инвесторы өз компаниясын Сәтбаев қаласында тіркеген. Прокуратуралық тексеріс нәтижесінде бұл компанияға салық органы тарапынан негізсіз талап қойылғаны анықталды. Компанияның кеңсесі нақты тіркелген мекенжайда болғанына қарамастан, салық органы оның банктік шоттарын негізсіз жауып, сотқа заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеудің күшін жою туралы талап қойған. Осындай орынсыз талаптың кесірінен компания жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып, соның салдарынан инвестициялық жобаны жүзеге асыру кешеуілдетілді. Прокурорлық қадағалау актісімен талап-арыз қайтарылып алынды, сөйтіп инвестордың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.
2023 жылдың ортасына таман Жезқазғанның іргесіндегі Талап ауылында жеке кәсіпкердің 1,5 млрд теңге қаржысына салынып, салтанатты жағдайда ашылған кірпіш зауыты табаны күректей 5 ай бойы жұмыс істемей босқа тұрып қалды. Себеп? Өйткені облыстық өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті «Талап-2023» ЖШС-на саз өндіруге лицензия беруді созбаққа салған. Соның кесірінен, кірпіш зауыты қажетті шикізатқа қол жеткізе алмаған. Прокуратураның араласуынан кейін ғана саз өндіруге лицензия берілді.
2023 жылдың қыркүйегінде Үкімет тарапынан Жезқазған қаласында құны 10 млрд теңге тұратын тәжірибе зауытын салу жөніндегі инвестициялық жобаның кешіктіріліп жатқаны қатты сынға ұшырады. Тексере келгенде, жобаны жүзеге асыруға Жезқазған қаласының әкімдігіне тиесілі өтпелі көпір кедергі келтіретіні анықталды. Прокуратураның араласуымен мән-жай нақтыланып, қадағалау актісі бойынша инвестициялық жобаны іске асыруға кедергі келтірген көпірді кейіннен бөлшектей отырып, электрондық сауда-саттық арқылы сату туралы шешім қабылданды.
– Облыс прокуратурасы инвестор болып табылмайтын кәсіпкерлердің де заңды құқықтарын қорғау бағытында үнемі қадағалау жұмыстарын жүргізіп отырады. Айталық, 9 наразылық, 7 ұсыныс енгізу нәтижесінде облыстағы 13 кәсіпкердің құқығы қорғалуына қол жеткіздік. 4 кәсіпкерге 155 млн теңге қаражаты қайтарылды, 9 кәсіпкер әкімшілік жауаптылықтан босатылды. Сонымен бірге 61 кәсіпкерге 2 млрд теңгеге жуық қаражаты мемлекет тарапынан қайтарылу үстінде. «Бұл қайдан, қалай жинақталған қаражат?» дейтін орынды сұрақ туындауы мүмкін. Жезқазған қаласының әкімдігі 100% қатысу үлесімен құрылтайшысы болып табылатын «Жылу, сумен жабдықтау кәсіпорыны» ЖШС шарт негізінде өз міндеттерін орындаған 50 кәсіпкерге төрт ай бойы 2 млрд теңгеге жуық қаражатты аудармай, кәсіпкерлердің құқықтарын шектеп келген. Дәл осы тектес жағдай Сәтбаев қаласындағы «Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорыны» ЖШС және 14 кәсіпкер арасында орын алған. Тек прокуратураның араласуынан соң ғана 3 кәсіпкерге 140 млн теңге қайтарылды, қалған 61 кәсіпкерге 2 млрд теңгеге жуық қаражат қайтарылу үстінде, – дейді Ұлытау облысының прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының бастығы Айдос Әбдібаев.
Заң үстемдігін қамтамасыз ету, әркімнің, соның ішінде кәсіпкерлердің де құқығын қорғау туралы жиі айтылады. Нақты өмірде, өкінішке қарай, заңды аттап өту, құқықты белден басу тәрізді жайттар орын алып жатады. Міне, осындайда қатені түзетуге, кемшіліктің орнын толтыруға құқық қорғау органдарының селқостық танытпай, сергек қарағаны керек-ақ.
Ұлытау облысы