Жетісудағы сан ғасырлық тарихы бар Жібек жолының маңызы қандай болса, Арқадағы атақты Қоянды жәрмеңкесінің де ел тарихынан алатын орны ерекше.
Қояндыда тек сауда көрігі ғана қызған жоқ, ән мен күй, әлеуметтік маңызы бар пікірталастар, түрлі дау-дамайды шешу сынды түрлі қызметті бір басына тоғыстырған рухани орта қалыптасты. Мұнда қыр елдері билерінің съезі өтіп, түрлі әлеуметтік, құқықтық мәселелер сөз болып, өз шешімін тауып отырған. Соның бірі – 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның басшылығымен патша өкіметіне саяси қарсылық ретінде 14 мың адам қол қойған атақты «Қарқаралы петициясы» жазылды. Тіпті ел аузында жүрген Біржан сал, қобызшы Ықылас Дүкенұлы, күйші Тәттімбет Қазанғапұлы, әйгілі ақындар Қамбар, Жанақ, Шөже тәрізді қазақтың біртуар таланттары бас қосып, Қоянды даласын думанға бөлеген. Сол кезде қызылды-жасылды киінген Біржан сал ат үстінде үкілі домбырасын безеп:
«Базарың құтты болсын, ардақты елім,
Қоянды – ту көтерген думан жерім.
Қарқаралы, сұлу Көкше – жер шоқтығы,
Сарыарқа алтын асу, асқар белім», деп жәрмеңке базарын әнмен ашқан екен. Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мәди Бәпиұлы, Иманжүсіп, Майра Уәлиқызы сынды көмейіне бұлбұл ұя салған әншілердің үні қалықтады Қоянды аспанында. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының да нағашылап Қарқаралыға келгенде жиі ат басын бұратын құтты мекені болған бұл Қоянды.
Сол секілді мұнда шыңылтыр даусымен қазақтың кең даласын дүр сілкінтіп, сегіз шақырымға дейін жеткен ерек үнімен елді үздіктірген Әміре Қашаубаевтың өнерімен сусындады қалың жұрт. Суырып салма ақын Иса Байзақов, «ән академигі» Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Ғаббас Айтбаев бастаған дүлдүл дарындар – Қояндыдан түлеп ұшқан таланттар. Балуан Шолақ – Нұрмағамбет Баймырзаұлы мен Қажымұқан Мұңайтпасұлының да талай рет күш-қайратымен қалың жұртты таңғалдырған қасиетті топырағы бұл. Тіпті Балуан Шолақтың өміріндегі әйгілі оқиға – француз балуаны Каронның жауырынын жер иіскетіп, қабырғасын сындырған тарихи сәтіне де осы киелі өлке куә.
Қояндының қазақтың тұңғыш кәсіби театрының қалыптасуына да сіңірген ықпалы зор. Тұңғыш ұлт театрының негізін қалаушылардың бірі, қазақ өнерінің қара нары Қалибек Қуанышбаевтың бір өзі бір мезетте бірнеше рөлге енетін қызықты қойылымдары мен «шаншарларын» да ең алғаш халық осы жәрмеңкеде танып, білді, саф өнер құдіретіне толассыз қошеметін арнады. Қояндыда қанат қатайтып, қияға қалықтаған Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов бастаған тума таланттар 1926 жылы Қызылорда топырағында ту тіккен тұңғыш кәсіби қазақ театрының негізін қалаушылар екенін ескерсек, демек Қоянды ұлттық театр өнерінің де қасиетті отауы деп бек сеніммен айта аламыз.