Мәжіліс отырысында «AMANAT» фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжан вице-премьер Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, елімізде рухани мұраны қолдауға көңіл бөлінбей отырғанын айтты. Депутаттың айтуынша, қазақ халқының материалдық емес рухани мұрасы – ұлттың иммунитеті. Көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін, бірақ жаныңмен сезінетін осы құндылықтар болмаса, ұлттың жаны жалаңаштанады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Материалдық емес мәдени мұра дегеніміз – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ұлттық дағдылар, ән, күй, жыр, ұлттық мейрамдар, т.б. Айта кетсек, бұл ресми түрде қағазға түскен 87 элемент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы өткен Ұлттық құрылтайда: «Тамыры терең төл шежіреміз – халқымыздың мәдени коды. Оны жан-жақты зерттеп, сақтап, ой елегінен өткізуге, дәріптеуге қажетті жағдай жасауымыз керек. Бұл – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі», деген еді. 2003 жылғы 17 қазанда Парижде жасалған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау» туралы Конвенцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда №613 Қаулысымен ратификациялап, Үкіметтің 2013 жылғы 29 сәуірдегі №408 Қаулысымен, материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту жөніндегі Тұжырымдама қабылдаған.
«Алайда, бұл Тұжырымдама қабылданған күйі қағаз бетінде қалды. Материалдық емес мәдени мұраны анықтау, құжаттау, зерттеу, сақтау, жаңғырту, материалдық емес мұрамен айналысатын тұлғаларды қолдау секілді міндеттердің бірі де орындалған жоқ», деді депутат.
150 ел халықаралық Конвенцияны ратификациялап, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға міндеттеме алған. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Париж Конвенциясына мүше елдер материалдық емес мәдени мұраға қатысты арнайы заң қабылдаған.
«Алысқа бармай-ақ іргеміздегі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті, Ресейдің өзі материалдық емес көне мұраларын заңмен бекітіп, бүкіл өңірлерде жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып, төл өнерді ұстанушылар туралы мәліметтерді жинап, сақтап, мемлекеттің байлығы ретінде қорғап отыр. Әлемде материалдық емес мәдени мұраны қорғау және дамыту бағытында Латын Америкасы елдері, Азияда Корея, Жапония бастаған елдер оқ бойы озық тұр. Ал бізде заң түгіл сынық сүйем құжат та жоқ. Материалдық емес рухани мұраны сақтаушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемлекеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл өңірлерде жүрігізілмеген. Өз бетінше жаяу-жалпылы экспедиция жасап жүрген санаулы ғана жанкештілер бар», деді Мәжіліс депутаты.
Жанарбек Әшімжан аталған мәселелерді шешу үшін бірқатар ұсынысын ортаға салды:
2003 жылғы Конвенцияны толық іске асыру үшін тиісті уәкілетті орган жеделдетіп «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы» заң жобасын әзірлеуі керек. Материалдық емес мәдени мұра элементтері мен оларды сақтаушы мұрагерлердің аймақтық және республикалық тізімі жасалуы тиіс. Материалдық емес мәдени мұраны жинау, қорғау, зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми-зерттеу институты немесе орталық ашу қажет. Материалдық емес мәдени мұраларды жинау, сақтау, зерттеу үшін өңірлерде кешенді этнографиялық-фольклорлық және музыкалық экспедициялар дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы керек. Жетекші арналарда Материалдық емес мәдени мұраны насихаттауға арналған бағдарламалар ашылу қажет.