1997 жылдың жазы. Жоғары оқу орнына тест жүйесімен сынақ тапсыру кезінде өзім секілді абитуриент, заң мамандығына аңсары ауған ауылдасым Нұрлан сымдай тартылған сымбатты жігіт Бекзатпен таныстырды. Сұраса келе екеуміз де сол кездегі Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің жаттықтырушы мамандығын таңдаған екенбіз.
Ол кезде Бекзат Оңтүстік өңіріне біраз танылып қалған еді. Бокстан жастар арасындағы ел біріншілігінің жеңімпазы әрі спорт шебері атағы бар. Сол себепті де Саттарханов алғашқы шығармашылық емтиханнан босатылды. Ал менде ондай атақ жоқ. Сол себепті баршаға бірдей ортақ талап бойынша емтихан тапсырдым. Әйтеуір, сол сынақтан сүрінбей өттім. Содан кейін барлығымыз Ватутина көшесіндегі жұртшылық «қырдағы корпус» атап кеткен ғимараттың кең аудиториясына тест тапсыруға жиналдық. Бекзат, Ғалымжан (Ол Арыс қаласының тумасы, танымал боксшы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрғали Сафиуллиннің шәкірттерінің бірі) үшеуміз сынақ тапсыру үшін қатарласа жайғастық. Ұйымдастырушы тест парақшасы мен түрлі нұсқаларға бөлінген сұрақтардың жинағын таратқаннан кейін талапкерлерге толы зәулім залдың іші тым-тырыс. Тек кітапша парақтарының беттеген дыбыс пен қаламсаптың қағазға сүйкелісі ғана естіледі. Сынақ жауабын белгілейтін бір қаламды үшке бөліп белгіледік те, толтырылған тест парағын біртіндеп тапсырдық. Тағатсыздана күткен тест жауабы екі күн өте ауладағы ақпарат тақтасына ілініп, қатарласа отырған үшеуміз де Тф 97-2к тобының студенті атандық. Тобымызда – екі қыз, қалғаны – ұлдар.
Топтағы өзге 20 студенттен Бекзаттың сабаққа үлгерімі артық болмаса да, бойындағы ұқыптылығы, талпынысы мен имандылығы ерекше еді. Түркістан туралы тақырыптың ұшы шықса болды, әңгіме тізгінін өз қолына алады. «Келешекте Түркістанда Ташкенттегідей диснейленд пен саябақ салынады. Құдай қаласа, қала көркейеді», деп көне шаһардың жаңаратынына сенімі мен туған өлкесіне, ата-бабаларының рухына деген құрметі басым еді. Расында да, тарихи қалада туып-өскені болашақ бокс жұлдызының ішкі жан дүниесіне зор әсер еткені байқалып-ақ тұр. Жаһандану заманында тарихымызды ұмытпай, өткенді өзі өмір сүрген кезеңмен байланыстырып, ұлттық болмысын жоғалтпаған Бекзат Саттархановтың ұлтжандылығы бүгінгі спортшыларға үлгі болары – хақ.
Ара-тұра оқу ғимаратынан боксшының жеке бапкері Анатолий Визирякинді көріп қалсақ, «Бүгін-ертең Бекзат жауапты бір жарысқа немесе оқу-жаттығу жиынына жол тартады» деп болжаймыз. Екінші курста Б.Саттархановтың жаттығу жиындары күрделене түсті. Ол Қазақстанның жастар құрамасының сапына қабылданды. Содан кейін толассыз сапарлар басталды. Ол бүкіл республиканы шарлады, шетелге де жиі шығып тұрды. Атағы мен абыройы да арта түсті. Десек те, Бекзат мүмкіндігінше университетке бас сұғып, сабақтан қалмауға тырысатын.
Соңғы рет Бекзатпен оқу ғимаратында 2000 жылдың көктемінде кездесіп, 10-15 минуттай әңгімелесудің сәті түсті. Шынығып, әбден шыңдалған спортшының бар ойы, арман-мақсаты Сидней Олимпиадасында атой салу еді. Сөз орайы келгенде, жаһандық жарыста топ жаруына тілектес екенімді білдірдім. Арада бірер ай өткеннен соң жасыл құрлықта жасындай жарқылдаған курстасым Олимпия ойындарының жеңімпазы атанды. Сол сәтте барша Алаш жұрты бөркін аспанға атып қуанды. Қасында жүрсең, шуағынан жаныңа жылуы сезілетін Аманкелді Сейітхан ағамыздың теледидардан «Бекзат бұл жеңісін Түркістанның 1 500 жылдық мерейтойына арнады» деп жер-жаһанға жар салғанда, қуанбаған қазақ жоқ-ау, сірә!
«Дайын асқа – тік қасық» демекші, Бекзаттың сол мезетте қалай ғана Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті бола қалғаны маған да және бірге оқыған курстастарына да беймәлім. Бәлкім, оның біз білмейтін бір сыры бар шығар. Бірақ бұл мәселе қазір маңызды емес.
Болашақ Олимпиада чемпионының қаладағы тұрмыстық жағдайына келсек, ол Шымкенттегі «Абай» саябағының маңындағы студенттерге арналған ОҚМУ-дың №4 жатақханасында төртінші қабаттағы 412-бөлмеде тұрды. Жатақхананы суреттесем, біз оқыған 1997-1998 жылдары қыс мезгілінде салқын, жылу түгілі жарық жанса, қуанатын кез. Бөлмелерге күннің сәулесі аз түседі. Ұзын дәліздің бас-аяғында салбырап сығырайған электр жарығы, қабырғасы жартылай көк түске сырланған, ас әзірлейтін бөлмесі, алқам-салқамы шыққан газ плитасы бар, ал дәретханасы тобыққа жетер көлкіген суға толған.
Бұл күндері біз де өсіп-жетіліп, өз саламыздың білікті маманы болдық. Мемлекеттік жаттықтырушы ретінде түрлі жарыстарға барып тұрамын. Спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын көріп қайтамыз. Сол кездері санамызды сансыз ойлар шарлайды. Тоқсаныншы жылдар мен ХХ ғасырдың басындағы күйсіздікті көрген мен бүгінгі таңда өнер көрсетіп жүрген кейбір спортшылардың халықаралық жарыстарда сүрінген тұста «жағдай жасалмады» деп сылтау айтып, ақталатындарына таңым бар. Мүмкін олардың жақсы көрсеткішке қол жеткізуіне кесірін тигізіп жатқан кедергілер бар да шығар. Бірақ бұлай айтуға тұрмайтын майда-шүйде мәселе. Тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда, қазіргі спортшылардың жағдайы әлдеқайда жақсы. Олар – толықтай мемлекеттің қамқорлығында. Оқу-жаттығу жиындары үздіксіз өтеді, жарыстардан қалмайды. Одан қалса, демеушілер мен жекелеген ауқатты азаматтардың көмектері тағы бар.
Менің жаңатастық Жеңіс досымның болашақ жары Мәдинаның жатақханадағы бөлмесі сол Бекзат тұрған бөлменің үстінде, бесінші қабатта орналасқан еді. Сол жаққа кеш бата аптасына екі-үш рет келеміз. Досымның махаббаты – магнит. Мәдинаның бөлмесіндегі жылуы жоқ жылытқыш радиаторды қасықпен соқсам, Бекзат бөлмесінде болса, жауап қайтарады. Осылай қауышып тұратынбыз.
17 жастағы жігіттің бір күндік кестесі қауырт шаруаға толы болды. Күнде жаттығу, қатаң режім сақталған. Бекзат «Жаттығудан соң демалуым керек» деп серіппе тәрізді, жатсаң белі еденге дейін созылатын темір керуетінен тұрмайды. Бөлмесі салқын, жамылғаны – мақта көрпе. Екеуміз түрлі тақырыпта әңгіме айтамыз. Ол рингтегі барлық қарсыласы туралы мәліметтер жинап жүретін. Әр жекпе-жегін дәптерге тізіп, жан-жақты сараптама жасайды. Болашақ Олимпиада чемпионы жатақхананың жастары жиі бас қосатын түрлі кештерге де көп қатыспайтын. Тамағын талғаммен, маңайдағы асханадан уақтылы ішетін.
Сол Бекзат батырымыздың спорттағы жеңісі, оның жарқын бейнесі, қайсар әрі биік адамгершілік қасиеті, жұмсақ мінезі, аққан жұлдыздай өте шыққан қысқа да, мағыналы ғұмыры барша қазақ халқының жадында мәңгі сақталатынына сенімдімін.
Нұрпейіс ҚОНЫСБАЕВ,
Автомотоспорттан мемлекеттік жаттықтырушы