• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Наурыз, 2024

Парламентаризмді дамыту: Мақсат пен меже

164 рет
көрсетілді

Осыдан төрт жыл бұрын құрылған Парламентаризм институтына жүктелген басты міндет – қабылданатын заңдардың сапасын арттыру. Заңнамаға өзгерістер енгізудің ғылыми негіздемесін қалыптастырып, жаңа нормаларды енгізу және заң жобаларын әзірлеу де осы мекемеге міндеттелген. Бір сөзбен қайырғанда, институт депутаттарға заңнамалық бастама құқығын іске асырып, сапалы заң шығаруға көмектеседі. Өткенде «Бізге мемлекеттік тілді міндеттейтін заң керек пе, әлде заңның өзі мемлекеттік тілде жазылғаны маңызды ма?» деген мәселені көтергенде сапалы заң шығару ісінің өзекті тұстары да байқалған еді. Осыған орай біз Парламентаризм институтының директоры Қанатбек САФИНОВКЕ бірқатар сұрағымызды қойып, ой-пікірін білген едік.

– Конституциялық реформа аясында Парламенттің заң шығару үдерістері де өзгерістерге ұшырады. Жаңартылған депутаттық корпус бір жыл жұмыс істеді. Бұл өзгерістер Парламенттің заң шығару қызметіне қалай әсер етті?

– Заң шығармашылығы –  динамика­лық үдеріс. Кейінгі жылдары бұл үде­ріс айтарлықтай өзгерді. Парламенттің институционалдық рөлі басым бола бастады. Ал заңна­малық белсенділіктің бастауын «күшті Президент – ықпалды Парла­мент – есеп беретін Үкімет» үлгі­сін іске асыруға елеулі серпін бер­ген конституциялық реформадан іздеу керек. Қазір заң шығарушы орган­ның белсенділігі, Парламент депутат­тарының бастамашылдығы артты. Депу­таттар өзекті әлеуметтік-экономика­лық және қоғамдық-саяси мәселелерді жиі көтере бастады. Активтерді қайтару, онлайн платформалар, жануарларға жауапкершілікпен қарау, кәсіподақтар туралы заң жобалары осыған жарқын мысал бола алады. Бұл депутаттар­дың қоғамды толғандырған жүйелі мәсе­лелерді шешуге деген ниетін көрсетеді.

Бүгін де депутаттар бастамашы­лық еткен заң жобаларының саны артты. Мәселен, 2023 жылға арналған жоспарда Үкіметтің 27 заң жобасы болса, 2024 жылы 18 заң жобасы бар. Ал Мәжіліс пен Парламентаризм институтының бірлескен жұмыс жоспарында 35 заң жобасын әзірлеу көзделген. Парламент депутаттары заң жобалау жұмыстарын жүргізетін басқа да заң жобалары бар.

Заң шығару үдерісінде демократиялық қағидаттарды нығайту да маңызды. Бүгінде бір мандатты депутаттар, саяси партиялар фракцияларының белсенді мүшелері заңнаманы халықтың нақты қажеттіліктеріне барынша сәйкестендіру мақсатында ашық талқылап жүр. Жаңартылған депутаттық корпустың алдында заңнаманың тұрақсыздығы, нормативизм, құқықты шектейтін және тыйым салатын заңдар мен заңға тәуелді актілердің көптігі, олардың жүйесіздігі секілді мәселелерді шешу міндеті тұр.

Қоғамдық қатынастарды реттеудегі нормативизм – ұлттық заңнамадағы қалыптасқан үрдіс алаңдаушылық туғызады. Тәуелсіздік алғалы бері 300 дербес заң қабылданып, мыңнан аса түзету мен өзгеріс енгізілді. Мыңнан аса халықаралық шарт ратификация­ланса, 50 мыңға жуық заңға тәуелді акті қабылданған. Осы «құқықтық бейберекетсіздікті», ұлттық заңнаманың жетілмегенін «ұтымды» пайдаланған шенеуніктер мен олигархтар мемлекеттік мүлікті жекешелендіріп, заңсыз сатып алынған активтерді шетелге асырып жіберді.

– Қанатбек Бейсенбекұлы, қазіргі таңда заң шығару үдерісінде институт алдында қандай міндеттер тұр?

– Заң шығару үдерісі көптеген нақты аспектімен сипатталады, бірақ бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – депутаттарды дәйекті ақпаратпен қамтамасыз ету. Заңдар уақыт пен мазмұны жағынан үнемі өзгеріп отырады. Парламент депутаттары түрлі мәселені қозғайтын заңдар бойынша ұсыныс жасап, дауыс беруге тиіс. Оған қоса, заң шығарушы билік тек заңдарды қабылдап қана қоймай, оларды Үкіметтің орындауын да бақылауда ұстауы қажет. Алайда депутаттардың бәрінде бірдей мемлекеттік қызметте тәжірибе жоқ. Олар заңның нақты орындалуын бақылайтын бір саланың сарапшысы да емес. Бұл жағдайда институт саяси, құқықтық, экономикалық және басқа да мәселелерде объективті және тексерілген ақпаратты ұсына отырып, депутаттарға көмектесуде маңызды рөл атқарады. Парламентарийлер үшін тиісті фактілерді объективті жинақтап қорыту және талдау, сондай-ақ сарапшылар қауымдастығының кәсіби пікірін алу маңызды. Зерттеу орталығы ретінде институттың басты рөлі – атқарушы билік ескере бермейтін, қоғамдағы пікірлер мен көзқарастардың кең ауқымын қамтитын объективті талдауды қамтамасыз ету. Міндетіміз – қандай да бір шешімді таңу емес, депутаттарды хабардар ету.

– Институттың биылға арналған жоспарлары қандай? Заң шығару үдерісінде жинақталған мәселелерді шешуде институт неге сүйенеді?

– Биыл институт өзіне ауқымды міндеттер қойып отыр. Мәжіліс пен институттың бірлескен жоспарына сәйкес биыл төрт заң жобасы әзірленді, ал 2024 жылдың маусымына дейін тағы бес заң жобасын әзірлеу жоспарда бар. Бұл құжаттар маңызды әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси қатынастарды реттеуге бағытталған. Сенат­тың Жобалық кеңсесімен өзара іс-қимыл желісінде 8 заң жобасын әзірлеу жоспарланған. Оған қоса, заңнаманың әртүрлі саласын жетілдіру мақсатында 19 дөңгелек үстел және ғылыми-практи­калық конференция өткіземіз.

Біз үшін тұжырымдамалық критерийлер маңызды және сәйкесінше біз заң шығару үдерісіне сыни тұрғыдан қараймыз. Заң шығару үдерісін құқықтық реттеудің мазмұнын түбегейлі өзгеруі қажет. Осы мақсатта институт депутаттармен бірлесіп «Құқықтық актілер туралы» заңға және норма шығаруды жетілдіруге бағытталған басқа да норма­тивтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсы­ныстар пысықталып жатыр. Мәселен, заң шығару үдерісін сапалы өзгерту және жауапкершілікті, құқық нормаларын, нормативтік-құқықтық актілерді пысықтау деңгейін арттыру мақсатында институт заң жобаларын ғылыми (кәсіби) сараптаудан ғылыми (кәсіби) әзірлеуге көшуді ұсынады.

Заң жобаларының мәтіндерін кәсіби топтың әзірлеуінің артықшылықтары бар. Өйткені кәсіби команда әзірленген заң жобаларын талқылау мен келісудің барлық кезеңінде қол қойылғанға дейін сүйемелдейді, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, Заңның қолданылуының құқықтық мониторингіне қатысады және ең бастысы – жұмысына, оның ішінде материалдық жауапкершілікті өз мойнына алады.

Мемлекет басшысы 2020 жылы шама­дан тыс заңнамалық регламенттеу мәселесін көтеріп, заңдар мен қаулы­лардың егжей-тегжей нормалары мем­лекеттік аппараттың жұмысын тежеп қана қоймай, Парламенттің жұмысын, шешім қабылдау үдерісін тежейтініне назар аударды. Осыған орай институт кешенді зерттеу жұмысын жүргізді. Парламенттің кейінгі бес сессиясында қаралған 543 заң жобасының 168-інде мемлекеттік органдардың құзыретін кеңейтетін 2 473 норма болды.

Институт ұсынған негізгі мәселенің бірі парламенттік бақылау функциясын толыққанды іске асыруға қатысты. Бұл ретте біз «парламенттік тергеп-тексерулер туралы емес, тек заңдардың орындалуын бақылау туралы» (Конституция­сың 57-бабының 6-тармағы) айтып отырмыз. Парламенттік, депутаттық қызметтің бұл бағыты жандандыры­луға тиіс. Институт осы бағытта атқару­шы билік, мемлекеттік органдар және заң­дар­дың орындалуына жауапты лауазымды тұлғаларды, оның ішінде жеке тұлға­ларды бақылауды жүзеге асыра­тын нақ­ты тетіктерді әзірлеуге ниетті. Атап айтқанда, Үкімет мүшелерінің заң­дар­ды орындауы нормативтік актілерді қабылдаудан және қабылданған за­ң­на­маны мониторингілеуден тұратын негізгі міндеттер мен шараларды орындауды ғана қамтымайды. Бұл қызмет заңда көзделген нақты мақсаттар мен көрсеткіштерге қол жеткізуде құқық нормаларын іске асыруды, сондай-ақ олардың тиімділігін бағалауды қамтуға тиіс. Алайда нәтижелерге қол жеткізу­ге және олардың тиімділігін бағалауға бағытталған заңдардың орындалуын ұйымдастыру мәселелері көбіне заң шығарушы органдардың бақылауы­нан тыс қалады. Салдарынан, жыл са­йын қабылданатын заңдардың санына қарамастан, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға әсері шектеулі болып қала береді.

Парламенттік бақылау функциясын толыққанды іске асыру цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект жүйелерін пайдалануды талап ететінін атап өткен жөн. Жалпы парламенттік бақылау функциясын толыққанды іске асыру заңнамалық реттеуді қажет етеді.

– Президент «Цифрлық Қазақ­станды» құру мәселесін үнемі көтеріп келеді. Осы бағытта институттың қол жеткізген жетістіктері мен алдағы жос­пары туралы айтсаңыз.

– Парламент қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында институт жасанды интеллект элементтерін заң шығару үде­рісіне енгізуге ерекше мән беріп отыр. Бұл заң шығару сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Ха­лық­аралық тәжірибе, сондай-ақ ЭЫДҰ-ның бірқатар ел парламенттерінің заңна­малық қызметінің табысты тәжі­рибесі заң шығару үдерісінде ақпарат­тық технологиялардың негізгі рөлін көрсе­теді. Аталған технологияларды енгізу заңна­малық үдерістерді жеңілдетіп, субъек­тивті тәсілді жоюға, заңдардың орындалуын бақылау және цифрлық мониторингтеуді оңтайландыруға жол ашады.

Осы мақсатта институт Еуропалық парламенттік кеңістіктегі негізгі ойыншы – грек «Hellenic OCRTeam» командасымен ынтымақтастық орнатты. ЕО ашықтық тізіліміне енгізілген команда Парламенттермен өзара іс-қимылдың халықаралық желісімен тығыз байланысты. Жұмыстың осы бағытын іске асыруға құқықтық болжау, оның ішінде техникалық бейін – «Victory Technologies» саласындағы отандық сарапшылар да тартылған.

Практикалық тұрғыдан институт заң шығару үдерісіне 3 нақты құрал – құқықтық сараптаманы, заң мәтіндерін жазу мен құқықтық болжауды әзірлеуді және енгізуді жоспарлап отыр. Жасанды интеллект технологияларын толыққанды енгізу заң шығару үдерісін бюрократиядан арылтуға, бюджет қаражатын оңтайландыруға, Парламент депутаттарын күнделікті жұмыстан босатып, қоғамдағы мәселелерге барынша тиімді әсер ететін және азаматтарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға жәрдемдесетін оңтайлы заңнамалық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»