• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Наурыз, 2024

Әсем Рахметова: Сырт көздің сынындамыз!

153 рет
көрсетілді

Бүгін Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті. Әз Наурыз қарсаңындағы бұл жиынның Жайық жағасында, тарихта хан ордасы атанған Сарайшық қаласы жанында ұйымдастырылуы да бекер емес. Ұлттық құрылтай қоғамдағы айтылып жүрген мәселелер қаралатын, қарапайым халық көтеріп жатқан жайттар ортаға салынатын орта. Бұл елдігіміз бен егемендігімізді, бірлігіміз бен берекемізді бекемдейтін мәселелер көтерілер жер.

Бұл жолы да Құрылтай жұмысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біраз дүниелер туралы ой толғап, ортақ шешімдер жасау керектігін айтты.

- Сөзін халықтың бірлігі, ұлттың татулығы тақырыбынан бастаған Президент ел ағалары арасындағы ауызбіршілікке де тоқталды. Қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы болған адамдар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет, - деді Президент. Айтпасына болмады.

Тарихи тұлғалардың рөлін салыстырып, бір-біріне қарсы қойып жатқандарды да сынады. Әр заманның өз шындығы бар, бірақ тарих тұтас. Бұл халқымыздың жүріп өткен жолы. Әлеуметтік желі мен баспасөзде белгілі адамдарды бір-біріне қарсы қойғаннан түк ұтпаймыз. Сырт көздің сынындамыз!

Бос сөз, желең әңгімеге үйірміз. Есесіне кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келе жатыр. Үйдегі баланың кәмелеттік жасқа келгенше бір кітап оқымағанында шаруамыз жоқ, есесіне әлеуметтік желіде біреудің қырылысқанына ризамыз. Алдағы уақытты «Ұлттық кітап күні» белгіленуі мүмкін. Дұрыс бастама деп ойлаймын.

Президент қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастағанын айтты. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық екендігін тағы да қайталады.

«Мен экономиканы дамыту үшін «Креативті индустрияның» мән-маңызы зор екенін үнемі айтып жүрмін. Бұл мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс», деді Мемлекет басшысы.

Кей кезде біздің қоғам мен үшін өзгенің қаңсығына тез еліктегіш, теріс дүниеге иммунитеті мүлде жоқ әлсіз қоғам болып көрінеді. Қай-қайдағы есірткі, еліктіргіш заттар бізді табады. Ұтыс ойынының сан түрі бізге кіріп алған. Қаншама адам лудоманияның құрбаны болып, өзінің де, өзгенің де өмірін бұзып жатыр. Жат ұйымдар келіп, дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға шабуыл жасап жатыр. Әйелді кемсітіп, өлтіріп қою сау адамдар жасайтын дүние емес қой!

Еліне, халқына араша түскен Президент «Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық мораліне қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де!» деп, отбасы институты мен рухани дамыған қоғамымызды сақтауға шақырды.

Әсем Рахметова,

Парламент Сенатының депутаты