«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) қатысушылары өткен жылдың соңына қарай ел бюджетіне 85,2 млрд теңге шамасында салық төлеген. Биыл қаңтар айында төленген салық сомасы 90 млрд теңгеден асып отыр. Мамандар бұл 2018 жылғы сомадан шамамен 60 есе көп екенін айтады. Осыдан екі жыл бұрын аталған орталықтың реттеу жүйесі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) салық ашықтығы стандартына сай келді деп танылған.
«АХҚО – өңірдегі жетекші қаржы орталығы және біз ең алдымен капитал қозғалысына ықпал ететін инфрақұрылымды құрып, дамытуды көздейміз. Тіркелген қатысушылардың саны, қаржылық компаниялар санының өсуі, Қазақстан экономикасына тартылған инвестициялар көлемі мен қатысушылардың ел бюджетіне төлеген салығының сомасы, сондай-ақ мәміле көлемі, AIX биржасы арқылы тартылған капитал – бұның бәрі орталық жұмысының тиімділігін көрсетеді. AIX биржасы арқылы 2023 жылдың соңында 4,6 млрд доллар тартылса, АХҚО қатысушыларынан тікелей инвестиция 6,3 млрд долларды құрады», дейді АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров.
2023 жылы көлік, логистика, агроөнеркәсіптік және өндірістік кешендер, жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК), IT-сала секілді бірқатар бағыт белсенді дами түскен. АХҚО академиясы білім беру және корпоративтік оқыту бағдарламалары шеңберінде қаржы, инвестициялық менеджмент, тәуекелдерді басқару, қаржы технологиялары және басқа да салалар бойынша 18 мыңнан аса маманның білімін жетілдірді. Орталық жұмыс істей бастаған 2018 жылдан бері қатысушылар саны ұдайы артып, орташа жылдық өсімі қосымша 460 компанияны құраған.
2024 жылы ақпан айында орталыққа тіркелген қатысушы саны 78 елден шетелдік капиталмен құрылған компанияларды қоса алғанда, 2500-ден асты. Олардың көбі қаржы, ақпарат және байланыс, көтерме және бөлшек сауда, өндіріс пен пайдалы қазбаларды өндіру секілді салаларға тиесілі болып тұр.
Осы ретте АХҚО-ның барлық қатысушы-компаниясы Қазақстанның салық резиденттері екенін және еліміздің салық заңнамасына сәйкес есеп жүргізуге, сонымен қатар салық жеңілдіктеріне қарамастан тиісті есептілікті тапсыруға міндетті екенін атап өткен жөн. Салық жеңілдіктері негізінен қаржылық, нарықтық қызметтерді жүргізу немесе кәсіби қызметтер көрсету үшін АХҚО реттеушісінен тиісті лицензия алған компанияларға қолданылады.
Орталық инвестицияларды тарту бойынша мерзімінен бұрын нәтижеге қол жеткізіп, алдына жаңа мақсаттар қойып отыр.
«Қазірдің өзінде АХҚО арқылы ел экономикасына 10,9 млрд доллардан аса қаражат тартылды. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында қойылған міндет орындалды. Ортамерзімді перспективада біз инфрақұрылымды дамытуды жалғастырамыз және нарыққа көміртегі квотасы мен тұрақты қаржыландыру сияқты сұранысқа ие құралдарды ұсынатын боламыз», дейді Ренат Бектұров.