Барша түркі елі мен Шығыс халқы мекендейтін Орталық Азиядан Балқанға дейінгі алып кеңістікте ежелден тойланып, ортақ дәстүрге айналған, бес мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы – жаңару мен жасампаздық, береке мен бірлік, молшылық пен тоқшылық мерекесі.
Бұл күні бүкіл ел қуана көрісіп, өкпе-ренішті ұмытып, ортақ қазаннан дәм татып, қырдағы туыс пен ойдағы ағайын достық рәуіште тоғысқан. «Наурыз – ырысымның ұйтқысы» деген атам қазақ байтақ далаға дән сеуіп, қорадағы малын төлдетіп, ел тыныштығын тілеген. Сондықтан да болар, күн мен түннің теңелу сәтін ата-бабаларымыз ежелден Ұлыстың ұлы күні деп атаған.
Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы да барлық отандасымыз үшін жалпыхалықтық мерекеге айналды. Жаңарған қоғамымызбен үйлесім тауып, еліміздегі достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөлге ие болды және басты мемлекеттік мерекеге айналды.
Елдік тұрғыда жаңару және қоғам құндылықтарын одан әрі қалыптастыру мақсатында қабылданып отырған Наурызнама тұжырымдамасы жаңа Қазақстандағы жаңа саяси дәуірдің басталуымен тұспа-тұс келіп отыр. 14 наурыздан бастау алып, қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтитын тұжырымдамадағы онкүндіктің Көрісу күні – Амал күнімен басталып, 23 наурыз – Тазару күнімен аяқталуы бекер емес. Өйткені Наурыз мерекесін тәуелсіз қазақ елі үшін жаңаша дамудың рәмізі, еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі деп қабылдаумыз керек.
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы ауыл еңбеккерлерінің тынымсыз тірлігінің арқасында халқымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты буынының біріне айналып, жаңа қарқынмен дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы алдағы бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамытуды жаңа деңгейге көтеру және аграрлық саладағы жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру жөнінде нақты міндеттер қойды. Осы мақсатта агроөнеркәсіп саласының әрбір бағыты бойынша кешенді шаралар қарастырылған «Жол картасы» әзірленді.
«Жол картасына» елімізде мал басын көбейтуге, шикізатты қайта өңдеуді арттыруға, сүт және ет тауарлы фермалары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндейтін нысандарды іске қосуға бағытталған шаралар енгізілген. «Жол картасын» жүзеге асыру 2028 жылға қарай агроөнеркәсіп кешені жалпы өнімінің көлемін 2 есеге арттырып, 17 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған осындай қомақты көмек ауыл шаруашылығын дамытуға жаңа серпін беріп, ел ырысын молайтуға үлкен үлес қосары сөзсіз. Ұлан-ғайыр даламыздағы Наурыз айында басталатын ауыл шаруашылығы саласындағы мал төлдету, егін егу секілді қызу жұмыстар – ел ырысының бастауы, дәулетіміздің өзегі болса, рухани өмірімізде де үлкен серпілістер басталды.
Жер шарындағы барша халық көз тігіп, әлем саясаткерлерінің сөз дәміне айналған, осыған дейін ұлт ұясы – Ұлытауда, рухани астанамыз Түркістанда өткен ұлттық жиын биыл шежірелі аймақ – қасиетті Атырау өңірінде жалғасын тапты. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей «Ұлттық құрылтай халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылымға айналды». Құрылтайдың ел танымында жыл басы саналатын Көрісу күнімен тұспа-тұс келуі халықтың көңіліне ерекше күй сыйлап, алқалы жиынның мазмұнын тереңдете түскенін айта кету абзал. Осындай әсерлі сәттерде Ақтамбердінің:
«Төскейге орда орнатып,
Төменде бидің кеңесін
Біз де бір құрар ма екенбіз?» деген толғауы еске түседі. Тағдырдың тәлкегімен жер-жаһанға тарыдай шашылған қазақтың туған жердің төрінде мәслихат құрып әлемдік күрделі құбылыстарға үн қосуы, шынымен де бабаларымыздың аңсаған сәттері осы емес пе еді деген ойға жетелейді.
Мемлекет басшысының ел болашағына байланысты ұстанымы айқын, бағдары берік, бағыты анық екеніне куә болдық. Енді қоғам болып қолдап, ұлт болып ұйысып, Құрылтайда көтерілген барлық бастаманы жүзеге асыруға атсалысу әрқайсымыздың міндетімізге айналуға тиіс.
Өйткені әлеуметтік, мәдени мәселелерді шешуге Құрылтай оң серпін бермек. Енді елімізде бар басымдық әлеуметтік салаға беріліп, экономика әртараптанып, өзге елдермен алыс-беріс, барыс-келіс қайта жандана түспек, ал елдегі мәдениет, туризм салалары қайта түрленбекші. Сарапшылар, сондай-ақ тарихи сананың жаңғыруы мен қазақы құндылықтарды әлемдік брендке айналдыру бағытында да нақты шешімдер қабылданады деген сенімде. Осындай тарихи басқосудың наурыз айында Еуразия кіндігі – киелі қазақ жерінде өтуі де көршілес елдерге үлгі болса керек.
ЮНЕСКО Наурыздың барлық түркі және парсы тілдес халықтар үшін ортақ мереке екенін ескере отырып, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Адамзаттың материалдық емес мәдени құндылықтар тізіміне енгізіп, халықаралық мереке ретінде жариялады. Шынын айту керек, елімізде Наурыз мерекесі бүгінге дейін жергілікті әкімшіліктер мен мемлекеттік мекемелерінің күшімен ұйымдастырылып, киіз үй тігіліп, концерттер мен түрлі ойындар ойнаумен шектеліп келді.
Жыл басын мерекелеу үдерістерінің жалпыхалықтық сипатқа ие болғанымен, әлі күнге дейін бір арнаға түспегенін мойындауымыз керек. Сондықтан болса керек, Президент ұсынған Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасын халқымыз өте жылы қабылдады. Тұжырымдамада атап көрсетілген қайырымдылық, мәдениет және ұлттық салт-дәстүр, шаңырақ, ұлттық киім, жаңару, ұлттық спорт, ынтымақ, жыл басы, тазару ұғымдары қазақ халқының қоғами үрдістерінің өзегі екені даусыз. Ең бастысы, Наурыз мерекесінің ортақ нышаны қабылданды. Бұл – ұлықты мейрамның маңызын одан әрі артыру үшін аса қажетті қадам.
Енді Наурыз мерекесінің мәртебесін халықаралық деңгейде бекітіп, түбі бір түркі халықтары үшін ортақ нышан белгілеуге ұмтылыс жасау керек. Сонда ұлықты мерекенің шоқтығы тек түркі, парсы елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде де биіктей берері сөзсіз.
Қазақстан Түрксой және сол сияқты беделді халықаралық ұйымдар арқылы осындай ұсыныс енгізсе, Наурыз мерекесін әлем елдерінің танып-білуіне жол ашылар еді және де Орталық Азия мен түркітілдес мемлекеттер халықтарының мәдени және рухани байланыстарын нығайта түсуге септігін тигізері анық.
Ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық құндылықтарды, адами қадір-қасиеттерді және «Қара шаңырақ» қағидасын жас буынға дарыту бүгінгі қоғамның басты бағыттарына айналғаны абзал. Мысалы, жасы үлкен қарияларға сәлем беру, батасын алу, ата-анаға тағзым ету секілді әдеп-ғұрыптар бүгінгі қоғамның қазығына айналуға тиіс.
Бүгінгі буын үшін қазақ халқы ежелден қадір тұтқан жеті қағидат басты маңызға ие. Олар – аталар дәстүрі – ұлттық құндылықтар, әке-ана – әдеп-ғұрып және салт-сана, аға – қадір мен қасиет, іні – ізет және ілтипат, туған-туысқан – татулық төрі, дос-жаран – бірлік пен азамат абыройы, көрші-көлем – қадір мен құрмет. Жұртымызда ежелден Наурыз мерекесінде үлкенге сәлем беріп, көнекөз ақсақалдардың батасын алу дәстүрі бар және ел арасындағы араздық тоқтатылып, ұлттық бірлік салтанат құрған. Осы салт достық пен татулықтың қоғамның дамуының алтын қазығы деуге болады.
Ауыл десек, ел десек көз алдымызға қара шаңырақ, қара қазан, ақбоз үй, ақылгөй ата, ақ жаулықты ана елестейтіні хақ. Жұртшылық Ұлыстың ұлы күнін көтеріңкі көңіл күймен, тың серпінмен қарсы алып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деген шынайы тілектерін жаудырып жатады. Халқымыз ежелден Наурызда айтылған тілектер қабыл болады деп, мереке барысында әр шаңыраққа бақ пен береке тілеген.
Наурыз мерекесі – адал мақсаттар мен ақ тілектер айы. Ұлт ұрпағының алдында кең даланың кемел келешегі, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, жаңа дәуірде жасампаз ел құру секілді тарихи міндеттер тұр. Көңілі дарқан, рухы биік қазақ халқының осы бір сындарлы кезеңнен де абыроймен өтеріне сеніміміз мол. Бұл сенімге – аталар дәстүрін ту қылып ұстаған, білімді де білікті жас ұрпақтың өсіп келе жатуы дәлел.
Серік ЕГІЗБАЕВ,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы,
Мәжіліс депутаты