Адамзат өркениетінде өшпес із қалдырған әйгілі Алтын Орданың астанасы Сарайшық өңірінде өткен Ұлттық құрылтайдың маңызы зор.
Арғы қазақ пен бергі қазақ, қайсар қазақ пен жомарт қазақ адамзат баласының тарихындағы ұлы оқиғалардың куәсі ғана емес, олардың туындауына тікелей себепші болды. Мысалы, Түркі әлеміне ірі өзгеріс әкелген Тұмар патшайым, Аттила, Шыңғыс хан, Әмір Темір және осы киелі топырақтан шыққан Сұлтан Бейбарыс – бәрінің тарихымызда орны бар.
ХХ ғасырда да біз түрлі қиындықты бастан кештік. Соның бірі – Екінші дүниежүзілік соғыс. Жаһандағы барлық ұлтты жойып, өздерінің арийлік үстемдігін, нацистік идеологиясын орнату үшін әлемге соғыс ашқан фашистерге қарсы аталарымыз қасқайып тұрды. Аға ұрпақ үшін де, біз үшін де ол қанды шайқас – фашизмге қарсы соғыс болды. Бұл ретте қатыгез жауды қайтарамыз деп шейіт кеткендер бағалаусыз қалмауы қажет.
Бірақ бүгінгі қоғамда Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихымен таныспаған, санасы уланған баз біреулер қаһарман-майдангерлердің нағыз ерлігін жоққа шығарғысы келеді. Неміс халқы мен неміс фашистері – екі бөлек ұғым. Гете мен Гитлерді, Гейне мен Геббельсті шатастырмау керек. Егер жаңсақ пікірлерге жол берсек, бұл тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік болады. Сонда фашистерді жоюда жанқиярлықпен арпалысқан Төлеген Тоқтаров, батыр қыздарымыз Әлия мен Мәншүк, отқа оранған ұшағымен жау эшелонын таран жасаған Нүркен Әбдіров, бір ұрыста 7 ДЗОТ және жүздеген басқыншыны жойған Исатай Сүйеубаев, Мәскеуді қорғау үшін Вермахтың 18 танкісін тас-талқан еткен панфиловшылардың ерлігі қайда қалды?
Бұл – Отанды қорғау жолында жанын пида еткен адал азаматтардың нағыз қаһармандығы, асқан ерлігі. Осынау қанды соғыс сол жылдары еліміздің әрбір отбасына қасірет пен қайғы әкелді. Адамзат өркениетінде зардабы жөнінен бұрын-соңды болмаған, миллиондаған адамның өмірін жалмаған, тағдырын талқан еткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына келер жылы 80 жыл толады. Бұл маңызды датаның бізге де тікелей қатысы бар.
Еліміз бұл қасіретті соғыстан тыс қалған жоқ. Соғыс басталар алдында Қызыл әскер қатарында 178 мың Қазақстан болған екен, ал соғыс кезінде әскерге 1 миллион 200 мыңдай азаматымыз шақырылды. Оның 600 мыңнан астамы ұрыс даласында қалды, қаншама майдангер мүгедек болып оралды.
Кеңес одағы Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 271 мыңдай (271 503) Қазақстан азаматы із-түзсіз жоғалып кеткен. Сұрапыл соғыста кеңес әскерінің 7 миллиондай жауынгері тұтқынға түскен. Ал оның ішінде жерлестеріміздің қанша екені әлі толық анықталмаған. Бұл бағытта Президент архиві зерттеу жұмысын бастаған болатын. Нәтиже бар, бірақ әлі де жеткіліксіз.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан отандастарымыздың тағдыры туралы сенімді ақпаратты алатын Ұлттық цифрлық платформа, яғни толық электрондық дерекқор әлі күнге дейін жасақталмаған. Сарапшылардың пайымдауынша, майдангер ата-бабасын іздеуші ұрпақтың саны 2 миллионнан асады екен. Қазіргі таңда Қазақстан азаматтары, тарихшылары және шежірешілері майдангерлерді іздеу үшін ресейлік электрондық дерекқорларды пайдаланады. Бірақ бұлардың ішіндегі миллиондаған құжаттан отандастарымыз туралы деректерді табу өте қиын.
Тағы бір мәселе, майдангерлерге қатысты негізгі құжаттар мен деректер Ресейдің мұрағаттарында. Онда Қазақстан Республикасының жергілікті мұрағаттары мен қорғаныс департаменттерінде сақталған офицерлер мен жауынгерлердің бастапқы шақыру деректері жоқ. Бүгіні таңда соғысқа қатысты мұрағаттардағы құжаттар әбден тозған. Ресей тарапы майдангерлерінің мәліметтерін цифрландыруды бастап кетті. Мысалы, «Мемориал» қоғамдық мәліметтер қоры жұмысын 2003 жылдан бері жүргізіп келеді.
Ал біз бұл жұмысты мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде әлі қолға алған жоқпыз. Бұл жұмыстармен тек үкіметтік емес ұйымдар және жекелеген отаншыл азаматтар ғана айналысып жүр. Мысалы, «Атамның аманаты» қоғамдық ұйымының арқасында Қазақстанның 1500 жауынгерінің жерленген жері, майдандағы тағдыры, жауынгерлік жолы анықталған. Солардың 12-сінің сүйегі елде қайта жерленді. Бұл қоғамдық ұйым ай сайын із-түзсіз жоғалып кеткен офицер мен жауынгерлердің дерегін ағайын-туғанына тауып беріп отыр.
Бүгінде мемлекетіміздің бейбіт өмір сүріп, берекелі тіршілік кешіп жатқаны Отан үшін от кешіп, туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмай, жат жерде қалған және елге жеңіспен оралған майдангерлердің арқасы емес пе? Ендеше, ұмытылғанды жаңғыртатын, жоғалтқанды іздейтін уақыт келді.
Сұрапыл соғысқа қатысқан барша жауынгердің қаһармандығын мәңгі есте қалдыру, жастарымызды отансүйгіштікке, тарихымызды құрметтеуге баулу – майдангерлер алдындағы қасиетті парызымыз. Бұл мемлекеттің маңызды және жүйелі түрде айналысып, оған жан-жақты қолдау көрсететін жобасы болуы қажет. Сондықтан соғысқа қатысқан барлық майдангер туралы ғылыми зерттеу жұмысын жүйелі түрде жүргізуді қайта жаңғырту керек. Еліміздегі, шетелдердегі жауынгерлердің құжатын, дерегін іздестіріп, цифрландырып, арнайы Ұлттық портал жасауымыз қажет. Бұл жұмыстарға тәжірибесі бар қоғамдық ұйымдарды тартып, қаржыландыру мәселесін бюджетке ғана артпай, «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» қорлары арқылы іске асыру керек. Сондай-ақ Президент әкімшілігі жанынан арнайы мемлекеттік комиссия құруды ұсынамын және бұл комиссия соңғы жауынгерді тауып алғанша жұмыс істегені дұрыс.
Батыр Бауыржан Момышұлының: «Әділдікті мойындау – адал кісінің ісі», деген нақыл сөзін жадымыздан шығармайық. Адалдықтың белгісі – тарихымызға, өткенімізге деген құрмет. Осы істі бірге абыроймен атқарайық.
Еділ ЖАҢБЫРШИН,
Мәжіліс депутаты