Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына елеулі өзгеріс әкелгеніне тарих куә. Қаңтар оқиғасынан кейін құрылып, алғашқы жиынын – Ұлытауда, екіншісі – Түркістанда, Наурыз қарсаңында Атырауда өткен Ұлттық құрылтай да солардың қатарында болатыны анық.
Құрылтайда айтылған сөз жаңа саяси қоғамдық мәміленің негізін қалыптастырары сөзсіз. Қазақстан дамуының негізгі қағидаттары – әділдік, жауапкершілік, өрлеу. Атырауда өткен құрылтайда осы қағидаттарды жүзеге асыруға бағытталған жаңа идеялар мен ұсыныстар ортаға тасталып, жаңа міндеттер айқындалды. Ең бастысы – жаңа құндылықтар жүйесі ұсынылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда мемлекеттік, ұлттық құндылықтарды берік орнықтыра түсуге бағытталған маңызды дүниелерді атады. Мәселен, кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру үшін нақты қадам жасалады. Бұл – озық ойлы ұлт болудың төте жолы.
Қазақстан тарихы тым тереңде жатыр. Алтын Ордадан бастау алып, Қазақ хандығы дәуірінде қалыптасты. Алтын орда тарихын, брендін қалыптастыру. Яғни Мемлекет басшысы әлемдегі Алтын Орда туралы түсінік Қазақстанмен байланысты болуы керек деген түйінді айтты.
Мемлекет басшысы, тарихшылар мен мәдениетттанушыларға, құзырлы органдарға жаңа міндеттер мен тиісті тапсырма берді. Ұлттық бірегейлікті сақтауда елді толғандырып жүрген радикалды неофиттер жайлы орынды айтылды. Құрылтайда тарих, мәдениет идеология саласының бағдары ғана емес, ұлттық бірегейлікті нығайту, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға қатысты Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауыл, аудан орталығы тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы қолға алынады. Осылайша, Атырауда өткен Құрылтай алдағы талай іске ұйытқы болғалы тұр.
Айгүл ҚАПБАРОВА,
Сенат депутаты