• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Наурыз, 2024

Кедергісіз ортадағы көктем мейрамы

129 рет
көрсетілді

Наурызнама онкүндігі аясында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат елордадағы мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығының қызметкерлерімен және емделушілерімен кездесті.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде аталған орталықтың бірнеше жылдан бері ерекше қажеттіліктері бар балаларды дамыту және инклюзивті қоғам қалыптастыру жолында белсенді жұмыс істеп келе жатқанына назар аударды. Сондай-ақ Палата спикері бұл мәселеге Мемлекет басшысы үнемі баса мән беріп отырғанын атап өтті. Ел Президентінің тапсырмасымен Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және кедергісіз орта құру бағытында ауқымды жұмыс атқарылып, берік институционалдық негіз қалыптасып келеді.

«Қазіргі таңда елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету, оларды әлеуметтік қорғау бағытында кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Кедергісіз, инклюзивті орта қалып­тастыру – мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде ерекше қажеттіліктері бар ересектер мен балалардың ортаға бейімделуіне, олардың сапалы білім мен меди­циналық қызмет алуына, спортпен шұғылдануына және жұмыспен қамтылуына қажетті жағдай жасалып жатыр. Сондай-ақ Парламент Сенаты да мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және тұрмыс сапасын жақсарту саласында тиісті шаралар қабылдап келеді», деген Мәулен Әшімбаев Палата жанынан мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатымен құрылған Инклюзия жөніндегі кеңестің қыз­метіне тоқталып өтті.

Кездесу барысында сенаторлар есту, сөйлеу, көру, аутизм спектрі және басқа да ауытқулары бар балалар­ды оқытудың арнайы жобаларымен және мамандандырылған әдісте­месімен та­ныс­ты. Осы ретте орталықта инте­рак­тивті бөлмелер, арнайы әзірленген да­мы­­тушы жабдықтары бар сенсорлық-ди­на­микалық залдар жұмыс істейтінін атап өткен жөн.

Орталық басшылығының айтуынша, қазіргі таңда бұл жердің есебінде 200 бала және психоневрологиялық патологиясы бар 42 ересек адам бар. Мекеменің негізгі міндеттерінің бірі – белсенді өмірлік позиция мен балалардың өзіне-өзі көмектесу дағдыларын қалыптастыру және олардың жан-жақты дамуына ықпал ету. Осыған байланысты есту қабілеті бұзылған 20-ға жуық адам, одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі бала тәр­биелеп отырған ата-аналардың өздері орталықта аспаз, тәрбиешінің көмекшісі болып еңбек етеді. Бұл әлеуметтік бейімделу мен даму үшін қолайлы атмосфера қалыптастыруға ықпал етеді.

Орталықтың ұжымын және тәрбиеленушілерін Наурыз мейрамымен құттықтаған Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен биыл аталған мереке Наурызнама-2024 тұжырымдамасы аясында жаңа форматта аталып өтіп жатқанын айтты. Мұндай қадам ұлттық бірегейлікті нығайтуды көздейді. Көрісу күнінен басталған Наурызнаманың әр күнінің атауы мен мән-мағынасы бар. Соған сәйкес бүгін, яғни 19 наурыз – Жаңару күні екені белгілі. Бұл табиғаттың жаңаруымен қатар тұтас қазақстандық қоғамның жаңғыруын да білдіретін мәнге ие.