Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық музей ұжымы «Қоғамдық келісім» РММ-мен бірлесе отырып, «Наурыз – ел ұлықтаған ұлы күн» атты Наурыз мерекесіне орай кешенді іс-шара өткізді.
Ұлттық музейдің айтулы жобасына жылдағы дәстүр бойынша дипломатиялық корпус өкілдері, қоғам және өнер қайраткерлері, ғалымдар қатысты. Мерекелік жиын көрісу дәстүрінің театрландырылған көрінісімен басталып, Ұлттық музейдің жылдағы өткізетін тұсау кесу рәсіміне ұласты. Рәсімге Астана қаласы әкімдігінің мамандандырылған балалар үйінің балдырғандары арнайы шақырылды.
Іс-шара барысында Наурыз мерекесіне арналған көрме ашылды. Көрмеге қазақ халқының дәстүрлі жиһаздарының әдемі үлгілері – қолдан жасалған сандықтар, тұскиіз және түскестелер қойылған. Одан бөлек келген қонақтар назарына түркі халықтарының ұлттық киім үлгілерінен дефиле ұсынылып, қазақ, әзербайжан, башқұрт, күрд, қарақалпақ, қырғыз, ұйғыр, өзбек, татар халықтарының киімдері таныстырылды. Музей алаңындағы Консервация және реставрация бөлімі қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктер қолөнер шеберлерінің түркі халықтарының ұлттық қолданбалы өнері мен материалды мәдениетіне қатысты ұйымдастырған керемет көрмесі де көп көңілінен шықты.
«Бүгінгі кең көлемде ұйымдастырылып отырған іс-шараның негізгі мақсаты – түркі халықтарының мәдениетін, соның ішінде дәстүрі мен өнерін паш ету, ұлттар арасындағы мәдени бірегейлігін айқындай отырып, этномәдени мұраны сақтау мен тарату, өскелең ұрпаққа бай дәстүріміз бен мұрамызды жеткізу. «Наурызнама» деп аталатын онкүндіктің де түпкі мақсаты осы», деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев.
Келген қонақтар музей фойесінде бесасық, тоғызқұмалақ, бестемше, ләңгі сынды ұлттық ойындар ойнап, мәре-сәре болды. Іс-шара соңында Наурыздың шашуы шашылып, көрермендер түркі халықтарының ұлттық өнерін тамашалап, ән мен күйге жан суарды.