• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Наурыз, 2024

10 отбасының қоныстойы

200 рет
көрсетілді

Мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету мақсатында Жамбыл облысында өңірдің бұрынғы басшысы, марқұм Бердібек Сапар­баевтың қолдауымен «Асар­латып үй салу» жобасы қолға алынған еді. Бұл игі бастама әлі де өміршең болып тұр.

Бірнеше жыл бұрын басталған жоба аясында өңірдің барлық ауданында әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар қоныстанған үйлерге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, кейбір отбасыларға жаңа баспана тарту етілді. Бұл іске меценат азаматтар, кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары жұдырықтай жұмылып жүр.

«Асарлатып үй салу жобасы» өңірде сәтімен жалғасып жатқаны шын қуантады. Дерекке сенсек, бірнеше жыл бұрын басталған жоба аясында өңіріміздің әр қиырында, алыс ауылдарда тұратын ондаған отбасы баспаналы болыпты. Бірінің үйіне күрделі жөндеу жүргізілсе, енді бірінің баспанасына ағымдағы жөндеу жүргізілген. Кейбір отбасыға жаңадан үй салынып берілсе, тағы бір отбасыларға сол елді мекендерден кәсіпкер азаматтар үй сатып әперіпті. Мұндай қамқорлықты сезінгендердің атқамінер азаматтарға айтар алғысы шексіз.

Баянды бастама аясында кейінгі жылдары аудандарда қандай жұмыс атқарылып жатыр? Осы сауалға жауап іздеп, бірнеше ауданның ішкі саясат бөлімдеріне хабарласқан едік.

«Жуалы ауданы бойынша жуық арада 10 тұрғын үй пайдалануға берілді. Мыңбұлақ және Шақпақ ауылдық округтеріндегі тұратын екі отбасыға арналып жаңа баспана салынса, бес отбасы қоныстанған үйлерге күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ Боралдай, Билікөл, Қошқарата ауылдық округ тұрғындарына демеушілер үш баспана сатып әперген еді», дейді Жуалы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрқанат Балтабаев.

Жергілікті билік келтірген дерекке сенсек, Билікөл ауылдық округіне қарасты Әбдіқадір, Қошқарата ауылдарынан, Рысбек батыр елді мекенінен үш тұрғын үй сатып алынып, мұқтаж отбасыларға беріліпті. Сондай-ақ бірқатар тұрғынның үйіне тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, дер кезінде табысталған.

Ал қала іргесіндегі Жамбыл ауданында да «Асарлатып үй салу» жобасы шең­берінде бірнеше жыл бойы жалғасып келеді. Ауданның атқамінерлері алдыңғы жылды былай қойғанда, осы жылдың өзінде бірнеше отбасыны қуанышқа кенелтуді жос­парлап отыр.

«Ащыбұлақ ауылында Мейірхан Иман­құлов тұратын үйдің құрылысын қалпына келтіру ісі басталып кетті. Қазіргі кезде үй­дің ішкі сылағы мен еденіне бетон төсеу жұ­­м­ысы жүргізіліп жатыр. Ал Тастөбе ау­лын­да тұратын Сағынбек Қыпшақбаевтың үйіне электр жүйесі жүргізілді. Еденін қал­пы­на келтіру, ішкі әрлеу және сыртқы сы­лақ жұмысы қалды. Есік-терезе орнатуға  тапсырыс берілді. Сондай-ақ Қызылдихан аулының тұрғыны Фарух Машанлоның тұрғын үйінде де шаруа жоспарға сай атқа­рылып жатыр. Қазіргі кезде үйдің қабырғасы қаланған. Ауа райының қолайсыздығына байланыс­ты қалған жұмыс әзірге тоқтап тұр», дейді Жамбыл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Құтжан.

Жалпы алғанда аталған жоба аясында өңіріміздің барлық ауданында бірнеше жыл бойы әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың баспанасына жөндеу жұмыс­тарын жүргізу, үйі жоқтарға жаңа үй салу немесе сатып әперуге мықтап ден қойылған. Бұрынғыдан қалған асар дәстүрі бірнеше жылдан бері Жамбыл облысында сәтімен іске асырылып жатыр. Осы орайда мұқтаж отбасыларға қолдан келген көмегін көрсетіп жатқан демеушілерге де алғыс айта кеткен жөн.

Қалай десек те, байырғы дәстүрге сәйкес жалғасып жатқан «Асарлатып үй салу жобасы» ел ішіндегі бірлікті, азаматтардың іскерлігін тағы да бір айқындап берді. Жобаның басты мақсаты да осы еді. Өткен жылдың соңында Жуалы ауданында 10 отбасының қоныс тойын тойлауы – сөзімізге дәлел.

 

Жамбыл облысы