Құран аятына сүйенсек, бұл дүниеде барлығы өлшеулі. Ал ғылымның мақсат-мұраты – осы өлшеулі дүниенің қисап-қисынын табу. Абайша айтсақ, өлшеуін білмек – бір үлкен керек іс. Ғалым Ақжан Машанидің «Көп замандар қыздырманың қызыл тіліне қалыптасып қалған біраз адам ол есептерге үрке қарайтын да болар. Бірақ «жалғандыққа ермей, тура жолға шығам» деген жанға сол есептер зор таяныш болар» деген сөзі ойымызды қуаттап, санамызға сәуле түсіріп тұр. Осы қағидамен біз де Наурыз мерекесінің математикалық һәм астрономиялық дәлел-дерегін ғалымдар Ғұзыхан Ақпанбет пен Мыңбай Ысқақовтың еңбектері бойынша зерделеп көрдік.
«Өзіңді танысаң, әлемді де танисың» деген ілкі тұжырым бойынша, он сегіз мың ғаламның барлық құпиясы өз ішімізде. Тереңіне үңіле берсең, ақиқат сыйы алақаныңда тұрады. Иә, алақанның өзі біраз сырды жасырып тұр. Ал бес саусағыңыз әлем құрылымының бейнесі екендігі ертеден белгілі. Ел аузындағы айқындықты, мәлімдікті айтқанда, «бес саусақтай білу», «алақандағыдай», «алақанға салғандай» деуі де ежелгі түсініктен шықса керек. Абайдың «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп бес асыл істі даралап көрсетуі де сол болса керек.
Кезіндегі «Көкілташ» секілді іргелі оқу-орындарында оқытылған он екі пәннің ең күрделісі – әбжад ілімін зерттеген Ғұзыхан Ақпанбет осы бес саусақ арқылы ай мен күннің есебін жүргізуге болатынын дәлелдейді. «Бармақтағы екі буынды қоса есептесек, саусағымыз ойша он төрт болады. Бұл ай есебін жүргізуге қолайлы. Айдың көріну мерзімі – 28 күн. 28 саны – киелі сандардың бірі. Апта күндері әр 28 жыл сайын айдың дәл сол күніне қайталанып келіп отырады. Енді айдың толуы, солуы деп бөлсек, әрқайсысы 14 күннен болып шығады» дейді ғалым. Енді осы әбжад есебінің негізінде Ғ.Ақпанбет күн мен түннің наурыздың 22-сі теңелмейтінін айтады. «Үлкен кісілер бұрын аймен есеп жүргізген. Ал қазіргі біз қолданып жүрген Григориан күнтізбесінде бір айда 30, 31 күн ауыса береді. Қазақ есебінде ондай ауысу жоқ. Бір айда тұрақты түрде 28 күн болады. 13-14 күндер – ай туады. Наурызды осы күннен бастап тойлаған дұрыс», дейді ол.
Ал наурыз атауының этимологиялық тамыры мен қолданылу тарихы жөнінде жұлдызшы математик Мыңбай Ысқақов тарқатып айтады. Айтуынша, наурыз атауы қазақ тіліне Соғды мен Хорезм арқылы ежелгі парсы тілінен келген. Бұл айды соғдылықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи» деген. Екіншіден, бұл пікірді «нау» сөзі де сыпаттайды. Әртүрлі өзгерістерге ұшырай отырып, ол бірталай тілде сақталған: орысша – нов(ый), немісше – нойе, латынша – нео. Сонда наурыз – жекелеген халықтардың мерекесі ғана емес, тұтас табиғаттың жаңаратын мезгілі деп есептесек, «наурыз» сөзінің өзегі де біраз халықтың тілінде ортақ сақталуы заңды дерсіз.
«Парсы сөзі болғанымен, «наурыз» атауы өте ерте заманда кірігіп, қазақ тұрмысына сіңіп кеткен сөз. Ертеден келе жатқан дастандардың бірі «Қобыланды батыр» жырында:
«Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін.
...Көлден ұшқан қаздаймын,
Наурыздан соңғы жаздаймын» –
деген жолдар бар.
Бұл күні жұрт ауыл аралап, бірін-бірі жаңа жылмен құттықтайтын, қарттарға өгіздің шекесі тартылатын, жастар наурызкөже ішетін, ән шырқап, күй тербеп, көкпар тартып, ойын-сауықпен өткізетін. Орта Азияның әкімдері кейбір зынданға салынған тұтқындарға кешірім беретін, сондықтан қарапайым халықтың «Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» дейтіні сондықтан», дейді ғалым.
Иә, Ұлыстың ұлы күнінің таңғажайып сырлары өте көп. Ендігі жерде оны ғылымның тұжырымымен зерделеп, халыққа таныта түссек мейрамның мәні тереңдеп, мазмұны кеңейе түсері даусыз.