• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Табиғат 22 Наурыз, 2024

Қырдың сәні – бәйшешек пен қызғалдақ

331 рет
көрсетілді

Бәйшешек пен қызғалдақты ата-бабаларымыз көктеммен, махаббатпен, құнарлылықпен, өмірдің жаңаруы­мен, тіршіліктің мәңгілік циклімен бай­ланыстырған. Наурызнамада қызғалдақтың басты рәміз болып бекі­тілуі көпшіліктен қолдау тапты. Әсіресе көктем ерте шығатын, яғни дала гүл­дерінің, оның ішінде бәйшешек пен қызғалдақтың сұлулығына алғаш болып көз құмарын қандыратын Түркістан өңірінің халқын қуантып отыр.

Көктемнің нышаны болып саналатын бәйшешек Түркістан өңірінде биыл қаңтарда гүлдеген еді. Күннің жылынуы мен жер қабатындағы ылғалдың әсерінен өсіп шыққан бәйшешек алдыңғы жылы да қаңтар айында гүлдеп, суырлар оянып кеткен-ді. Мамандардың пайымдауынша, бәйшешек, яғни наурызгүл – көктемде қар астынан шығатын гүлдердің жиынтық атауы, ал қызғалдақ пен жауқазын лалагүлдер тұқымдарынан тараған. Сон­дай-ақ мамандар еліміздің барлық өңірінде бәйшешек атауы қолданылмайтынын айтады. «Солтүстік далалық өңірлерде – құндызшөп (ұй­қышөп) десе, Алтайда – қандық, оңтүстікте запыран-алатаулық бәйшешек және кессельрингілік лапыз» атайтын көрінеді. Сол секілді, жауқазын бәйшешегі де бар. Бұл жердегі бәйшешек – жауқазынның күлтесі деуге болар. Латынша атаулары: бәйшешек – Grocus, Galanthus, жауқазын – Primula, қызғалдақ – Tulipa. Бізге орыс тілі арқылы келген «тюльпан» латыннан енгенін көріп отырмыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, көктемнің нышаны саналатын, Түркістан өңірінде гүлдеген бәйшешектің бұл түрі «кессельринг лапызы» деп аталады екен. Лапыздар тұқымдасына жататын бұл өсімдік елімізде сирек кездеседі. Алайда елімізде таралу аймағы кеңдеу, Батыс Тянь-Шань тау етегінен, Қаратау аласа тауынан және Шу Іле тауларынан басқа Памир-Алтай тауында өседі. Кессельринг лапызы – сабағы жалғыз және тіке, биіктігі 6-10 см болатын көпжылдық өсімдік. Гүлдері ақ, қоңырау тәріздес болып келеді. Наурыз-мамыр айлары аралығында гүлдейді.

Бүгінде оңтүстік өңірінің Келес, Сарыағаш, Қазығұрт, Ордабасы аудандары, Арыс қаласы аумағында Бузе қызғалдағы ашылып тұр. Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбектің айтуынша, өңірдегі қызғалдақ атаулы Наурызда, яғни айдың соңына таман ашыла бастайды. «Құмды аймақтарда қызғалдақ наурызда гүлдей бастаса, таулы аудандарда маусым айының соңына дейін өседі. Яғни төрт ай қызғалдақтарды туристік нысан етуге болады. Далаға қызыл кілем төсеп тастағандай әсер қалдыратын қызғалдақ маусымында әлемнің түкпір-түкпірінен келіп тамашалайтын туристер көп. Жапонның сакурасы біздің қызғалдақтардың қасында қалып қояды. Осыны бір жүйеге қоя алмай жатырмыз», дейді Ғани Назарбек.

Деректерге көз жүгіртсек, XVII ғасырда алғаш­қы қызғалдақтың ұрықтары әлемдік деңгейде үлкен сұранысқа ие тауардың бірі болған. Керуен жолдарында сатылған. ХІХ ғасырдың аяғында патша өкіметінің сол кездегі әскери қызметкерлері қазақ даласынан миллиондаған түп қызғалдақтың ұрығын қазып алып, Голландияға саудалаған. Ілгеріде Нидерланд корольдігі ханшайымы Беатрикс қыз­ғалдақ жайында ағынан жарылып: «Ұлы Жібек жолы ғасырлар бойы Еуропаны Азиямен, сондай-ақ Қазақстанды Нидерландпен байланыстырып тұрды. Осы байланыс­тар біздің елімізге қызғалдақ гүлін әкелді. Бұл гүл осылайша Нидерландқа кең тарады. Гүл саудасында да ол ең өтімді өнімге айналды. Қазіргі кезде қыз-ғалдақ гүлі – нидерландтықтардың нөмірі бірінші экспорттық тауары» деген екен.

Қазір еліміздің аумағында қыз­ғалдақтың 35 түрі өседі, олардың 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Ерекше қызғалдақ түрлерінің ішінде Грейг пен Кауфман сорттары да бар. Ал Леммерс қызғалдағы әлем бойынша тек Түркістан облысындағы Машат шатқалында кездеседі. Мамандар еліміздің батыс және солтүстік облыстарында гүлдің 3-4, Шығыс Қазақстанда – 6, ал Түркістан облысында 30-ға жуық түрі таралғанын айтады.

Табиғаттың көркем сыйларының бірі қыз­ғалдақты дәріптеп, кейінгі ұрпаққа бар маңыз­дылығын жеткізу мақсатында өңірде 2012 жылы республикалық фотобайқау өтті. Ал 2013-2014 жылдары жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұттың бастамасымен «Шырайлым – Шұбайқызылым!» тақырыбында жас талапкерлердің алғаш аудандық, кейін облыс­тық, республикалық, халықаралық байқаулары ұйымдастырылды. «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбай­қызыл жалауы!» атты қызғалдақтар фестивалін өткізу 2018 жылдан бастап дәстүрге айналды. Яғни жастарды табиғатты аялау, қорғау, сақтауға шақыру мақсатында «Шұбайқызыл шоқы­сының» тарихы жайлы мағлұмат беріліп, жас ақындардың өлеңдері оқылып, табиғат тақырыбында көрме мен суретшілердің байқауы өткізіліп келді. Мархабат көкемнің бұл игі ісі жаңаша жалғасын табады деген ойдамыз. Фес­тивальға келген жапониялық қонақтардың «осындай табиғи қазынамыз болса біз алтынмен қоршап қояр едік» дегені де түркістандықтардың жадында.

Жалпы, қазақтың әрбір төбесі мен сай-саласы тылсым тарихтан терең сыр шертіп тұрғандай. Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауы­лынан Құлан өзенін кесіп өтіп, «Түркібасы әулие» төбе­сінің күншығыс жағын орай айналып, Қаратауға қарата біраз жер жүргенде алдыңыздан Шұбайқызыл шоқысы шығады. Шырайлы мекен Шұбайқызыл жыл сайын көктемде қызғалдақтарға көмкеріліп, айнала-төңірек қып-қызыл кілемге боянады. Келушілерге керемет көңіл күй сыйлап, ерекше әсерге бөлейді. Ғалымдардың айтуынша, Шұбайқызылдағы қыз­ғалдақтың басқа өсімдіктерден айырмашылығы 7-15 күн арасында өмір сүреді, тұқымы бар-жоғы 2 жыл жеміс береді. Яғни баптау мен күтуді талап етеді. Бұл орайда қызғалдақ көп өсетін Шұбайқызыл шоқысы «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің құрамына енгенін айта кетелік.

 

Түркістан облысы