«Хат жаздым қалам алып сізге еркем...» Білмеймін, Димаштың осы «Дайдидауын» тыңдаған сайын біртүрлі ойланып қаламын. Сезімін хат арқылы жеткізгендер бізге қарағанда «романтик» болды ма деймін...
Әуелі хат алушының құрметті һәм ғизатты екенін өзінің де, оның да есіне салады. Одан кейін ардақты басының амандығын біледі. Ізгі ілтипатын тағы бір білдіре кетіп, енді ауыл-аймақ, бота-тайлағының қалын сұрайды. Сөйтіп, мәселенің мәнісіне осындай ұяң амандасудан кейін бір-ақ түседі ұятты қыз-жігіттер. Ал осылай біз де хат арқылы болмаса да, чат арқылы әдіптеп, әдемілеп жағдай біліссек не кедергі? Жоқ, уатсаппен уағдаласып қысқа-нұсқа сөйлесетін бізге Әбдірахман мен Шұға секілді хат алмасуға төзіміз жетпейді. Бәлкім сезіміміз шығар?
Қайдан жетсін! Көп замандастарымыз көркемсөзді көбік сөз деп ұға ма, әйтеуір көңілі тартпайды. «Сәті келіп тұрғанда сәніне қарап жатар жағдайым жоқ» деп төтесінен тура тартады да, сұрақты «былш» еткізеді. Ондайға әбден қаныққан экранның арғы жағындағысы да сөзін «гүрс» еткізеді. Асқар Сүлейменовтің афоризмін сәл майыстырып айтқанда, сауалы тергеу тектіге жауабы теміртекті сөз болады да.
Адамдардың сөзі жайдақ, сөйлемі сойдақ болатын тағы бір себебі кітаптың бетін түйе боталағандай аз ашады. Ал қаламды несиеге қол қойғанға ғана алса не қыл дейсіз? Олардың хатынан гөрі арызы көркем шығады. Күлесіз бе, жылайсыз ба? Әлгіндегі Әбдірахман мен Шұғалардың хатын оқып алып, әлеуметтік желіге кіріп қалсаң кір сабынды езіп ішкендей бетің қайтып қалады. Әдебиет деген адамның тілін, ділін тәрбиелейтін бірден-бір құрал ғой. Өлең сөзге өгейлігі бар жарым тіл қоғамның бет түгіл безеу ұялатын сөздерді маңыратып жатқаны сондықтан болса керек.
Ал қайыр сау болыңыз, қадірлі оқырман! Айтайын дегенім осы еді.