«Бұл домбыраның сүйегі...» деп бастапты шебер әңгімесін. «Ұлтымыздың әні мен күйі сіңіп, ұлы өнерпаздарының маңдай тері сіңген ағаштардан шабылып қиюластырылған. Әбікен Хасенұлы һәм сол қатарлы өнер иелері күй шертіп, бойындағы бар өнерін сарқып берген сахнаны көтеріп тұрған ағаштардан жасалған» депті-мыс домбыра шебері. Ертеректе. Құлаққа бала кезде сіңіп, есте қалған ауызекі әңгіме болса да, жаны бар сөз секілді.
Домбыра жасалған бөренелер кезінде Қазақ драма театрының (Қазіргі М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры) сахнасына жөндеу жұмыстары жүргізілгенде шығарылып тасталса керек. Ал атақты күйші Әбікен Хасенұлы мұнда 1934 жылдан бастап өмірінің соңына дейін актерлік қызмет атқарғаны белгілі.
Қазақ күй өнеріне ғана емес, Әбікен Хасенұлының театр өнеріне сіңірген еңбегі де аз емес. Бұрын көп айтыла бермейтін күйшінің бұл қырын өнертанушылар бертініректе көбірек қаузап жүр. Және қандай рөлдерді сомдаған? Арқаның даласында Бетпақпен шектесетін атасы Көпбайдың жазығында бұла өскен Әбікен сол заманда қазақ халқы басынан өткерген тағдыр азабын бойынан толығымен өткерген өнер иесі. Бұл айдауда жүріп, абақтыдан босап елге келгенде сүйген жары мен төрт баласы аштан өлгенін біледі. Бір баласы аман қалған екен, ол әкесі барған түні жан тапсырып, қолынан жерлейді. Ел түгелімен қырылып қалған. Содан Сарыарқаның қоңыр сарынын арқалап Алматыны бетке алған күйшінің болмысында ұлтының көз ашқалы көрген бар тағдыры кетіп бара жатқанын елестетуге көп ақылдың керегі жоқ түйсінгенге. 1934 жылдан бастап өнерпаз осы қасіреттің бәрін күймен ғана емес, актерлік шеберлікпен де «ойнап» шыққанын ұғарға жүректің қуаты жетер ме? Қазақстанның белгілі еңбек сіңірген әртісі Тілектес Мейрамов Әбікен Хасенұлы Әуезов театры сахнасында қырықтан астам образ галереясын жасаған (дәл саны – 43) және бұл образдардың барлығы дерлік басты рөлдер екенін жазады. Өнертанушы Ерлан Төлеутай ол туралы фотосуреттерді «сөйлете» келе: «Фотосуреттер Әбікеннің көп планды, жан-жақты, болмысы зор, ойы биік, қырағы, сергек актер болғандығын айқындай айшықтап тұр. Фотадағы Әбікен сомдаған образдардың көрнектілігі бірінен бірі өтеді. Егер осы суреттерді Әуезов театры музейінің бір сөресінде тығулы жатқан жерінен музей жетекшісі Наргиз Тамабекова мен «Әбікен» кітабының авторы Несібелді Әбдірахманова кездейсоқ тауып алмағанда, біз Әбікен сомдаған образдар бейнеленген бұл фотосуреттерден көз жазып қалғандай екенбіз. Өйткені аты-жөнсіз папкаға елеусіз жасырылған бұл фоталар ұзақ жылдар бойы әдейі ескерусіз қалдырылып, қол жете қоймайтын қалтарыс жерде, көзден таса сақталып келген. Алайда Әбікеннің ұлы күйші екені жұртшылықа айтылмай келгендігі сияқты, оның театр актері болғандығы да ешбір жерде өз мәнінде жарияланған емес. Тек осы жолдардың авторы 2013 жылы жарық көрген «Жүсіпбек Елебеков» кітабының Әбікенге арналған тарауында ұлы күйшінің сомдаған рөлдерін тізіп шығып, ол ойнаған бірнеше рөлге арнайы тоқталып, кейбірін сипаттай баяндаған еді. Міне, сол рөлдердің тізімі бүгін фота айғақтармен дәлелденіп отыр» дейді.
Аса дарынды күйшінің актерлік қабілеті домбырашылық өнерінен әсте кем түспегенін білеміз. Қандай кейіпкерді болсын асқан табиғи шынайылықпен сомдағаны сонша, кезінде бір қойылымда жағымсыз кейіпкердің кейпіне енгенде, зал дүрлігіп, ел орнынан тұрып кеткені туралы естеліктер бар. Күйшінің шығармашылығын зерттегендер мұндай жазбаларды осы бертінде шығарып жатыр. Мәселен, Әбікен туралы мақаласында белгілі күйші Жанғали Жүзбай:
«Соғыс жылдарында Қазақ драма театры мен филармония әртістерінен құралған концерттік бригадалар жасақталды. Мәскеуді басқыншылардан қорғаған атақты Панфилов дивизиясының ерлігі туралы Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішевтің «Намыс гвардиясы» пьесасында басты рөл генерал Панфиловтің бейнесін Қалибек Қуанышбаев пен Әбікен Хасенов қатар сомдады. Осы спектакльде Әбікен Қамал Қармысов, Қапан Бадыров, Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов секілді әйгілі актерлермен сахналас болды. Соғыс жылдарындағы осынау қажырлы еңбегі ескеріліп, 1945 жылы Әбікен Хасеновке Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі атағы және «Құрмет белгісі» ордені берілді. Мерзімдік баспасөз беттерінде Әбікеннің актерлік шеберлігі туралы бірсыпыра мақалалар да жазылды. «Қазақ өнерінің тарихы» атты үш томдықтың 1-кітабының «Театр өнері» бөлімінде:
«Актер Ә.Хасенов батырдың мінез қайшылығын дәл тауып ашқан. Тұтас спектакль барысында күресті аңсаған батыр бітімді жанның бейнесі бар көркемдік сипаттарымен ашылған. Бірақ ол күресті бейберекет, озбырлық, байлардан кек қайтару деп ұғады. Ол әскери техника мен әскерлік тәртіпке қарсы. Актер халық қозғалысының саяси мәнін түсінбеген әрі ескі көзқарасынан қайтпаған Кетенің ішкі қайшылықтарын түбіне жеткізе ашқан» деген деректерді келтіреді.
Қазақ театр өнері атты қатпар-қатпар әлемнің бір түкпірінен күйшінің биік таланты мен қияпатты қабілеті қылтияды. Бәлкім тасты жарған қарағайдай қасқайып көрініп келеді. Тек тереңіне үңіліп, парықтайтын зерттеушілер керек-ақ.