Қазіргі әлемде денсаулық сақтау саласындағы сын-қатерлердің артуы аясында саламатты өмір салты ұғымы барған сайын өзекті және маңызды болып келеді. Бұл – өзімізді күтуге ынталандырып қана қоймай, сонымен қатар ұзақ және сапалы өмірдің кілті.
Саламатты өмір салты (СӨС) тек сән немесе уақытша құбылыс емес, бұл біздің әл-ауқатымыздың негізгі аспектісі, өзіндік бір философия. Халықтың денсаулығы мен өмір салтының сапасын бағалау түрлі ұйым мен мемлекетке өз бағдарламаларының тиімділігін анықтауға және күш-жігерді дұрыс бағытқа бағыттауға көмектеседі. Денсаулықтың әртүрлі индексі мен көрсеткіштері бұл үдерісте маңызды рөл атқарады, мәліметтер мен статистиканы қамтамасыз етеді, соның негізінде тұжырымдар жасауға және денсаулық сақтауды жақсарту стратегияларын жасауға болады. Мұндай шолу саламатты өмір салтының маңыздылығын және оның біздің әл-ауқатымызға әсерін жақсы түсінуге мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 70% жағдайда жұқпалы емес аурулар мезгілсіз өлімнің себебіне жатады. Денсаулықты нығайтудың ең маңызды бөлігі – саламатты өмір салтын ұстану. Саламатты өмір салтының маңызды аспектілері – темекі шегуден, алкоголь мен басқа да есірткі өнімдерінен бас тарту, рационалды тамақтану және дене белсенділігі, аз қимыл өмір салтынан бас тарту.
Түрлі елде жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, саламатты өмір салтын ұстану өмір сүру ұзақтығының айтарлықтай өсуіне әкеледі. Мысалы, Германияда жүргізілген зерттеу СӨС ұстану 40 жастан кейін өмір сүру ұзақтығының 13–17 жылға ұлғаюына әкелсе, АҚШ-тағы жүргізілген зерттеу нәтижесінде СӨС ұстану 50 жастан кейін өмір сүру ұзақтығының 12–14 жылға артуына әкелгені жайлы мәліметтер келтіреді.
2023 жылы статистика бойынша әлемде орташа өмір сүру ұзақтығы – 72,98 жыл, оның ішінде әйелдер – 74,6, ерлер 71,3 жас көрсеткішін құраған.
«World Health Organization» мәліметінше, орташа өмір сүру ұзақтығы 2023 жылы әлемде – 72,98. Мұндағы ең жоғары көрсеткіш – 89,52 жыл, ал ең төменгі көрсеткіш – 53,65 жыл. Зерттеу дерегі бойынша өмір сүру ұзақтығы жоғары елдерге экономикасы дамыған мемлекеттер енген. Сонымен қатар оған әсер етер факторларға күнделікті спорт әдеттері, тамақтану режімі, еңбек жағдайлары, әлеуметтік орта, отбасылық қатынастар, урбанизация, білім мен мәдениет деңгейі, еңбек жағдайлары, қаржылық жағдай, тұрмыстық ахуал, дәрі-дәрмектерді қолдану жиілігі, қоршаған орта, яғни судың, ауаның, топырақтың жағдайы, климат, атмосфералық көрсеткіштердің өзгеруін қосып кетсек болады. Ең маңызды фактор – әрине медицина деңгейі, медициналық көмектің сапасы мен жылдамдығын айта кету қажет. Ал өмір сүру ұзақтығы төмен мемлекеттер қатарына Африка құрлығының мемлекеттері шоғырланған. Оған басты себеп – АИТВ (ВИЧ) ауруының кең таралуы және жиі болатын азаматтық соғыстар.
Азаматтар «саламатты өмір салты» ұғымын қоғам қалай түсінеді және ол әдеттерді күнделікті өмірде қолдана ма? Қазақстандағы осы үрдісті анықтау мақсатында респонденттерге бірнеше сұрақ қойылып, әлеуметтік сауалнама жүргізілген еді. Сауалнама сұрақтары Қазақстан қоғамдық даму институтының жобасы «Дәстүрлерді жаңғырту: қазақстандық қоғамдағы жаңа мінез-құлық нормалары» әлеуметтанулық зерттеуі аясында қойылған. 2023 жылы өткен сауалнамаға 2400 респондент қатысты.
Отандастарымыз саламатты өмір салтын ұстана ма? Қазақстандықтардың 43,1%-ы саламатты өмір салтын ұстанатынын, тағы 33,6%-ы ұстанбайтындығын атап өтті. Сауалнама қорытындысынан саламатты өмір салтын әйелдер, ауыл тұрғындары жиі жүргізетінін аңғаруға болады.
Отандастарымыз саламатты өмір салты ұғымына нені жатқызады? Осы сұраққа жауап берген 67,4% респондент үшін бұл алкогольден бас тартуды, 64,8%-ы темекі шегуден бас тартуды, 64,0%-ы есірткісіз өмір сүруді білдірген. Ал 56,1% респондент саламатты өмір салтын спортпен, 53,8%-ы дұрыс тамақтанумен байланыстырады. Сондай-ақ 44,2% дұрыс ұйқыны, 41,8%-ы күнделікті режімді сақтауды атап өтті. Сауалнамаға қатысқан әрбір 5-адам дәрумендер қабылдауды саламатты өмір салтына жатқызды.
Саламатты өмір салты дегеніміз – ұзақ әрі сапалы өмірдің және әл-ауқаттың кілті. Осы бағыттағы түрлі индекс, әлеуметтік сауалнама халықтың денсаулығын бағалауда маңызды рөл атқарады және оны жақсартуға өз септігін тигізеді. Қазақстанда да, өзге мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, тұрғындарға саламатты өмір салтының маңызын түсіндіру және осы саладағы жаңа үрдістерді зерттеу өзекті.
Дамир БЕЛГІБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы