Бүгін елемесең, түбі қайғылы жағдайға душар етуі мүмкін кеселдердің алғы шебінде жүрек қан-тамырлары аурулары да тұр. Ал мамандар жүректі сақтауды ескертудей ескерткенімен, дерті әбден меңдеген науқастар кардиохирургтердің алдынан бір-ақ шығып жатады. Алайда кардиохирургиядағы озық технологиялардың септігімен жасалатын жүрек пен қан-тамырларына зақымы барынша аз операциялар дәтке қуат. Әлбетте, зергерлік дәлдікті талап ететін мұндай күрделі операциялардың артында білікті мамандардан құралған тұтас команда тұр. Ендеше, осы бағыттағы жұмыстар жөнінде Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы Марат Пашимовтан біраз мағлұмат алдық.
– Отандық кардиохирургияның жетістіктері Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-ын айналып өтпейтіні аян. Озық технологияларды тоғыстырған орталықта күн сайын жоспарлы, күрделі операциялар жасалып жатады. Осыны өзіңіз нақтылай түссеңіз?
– Біздің институтты Қазақстанның кардиология, кардиохирургия, терапия салаларының көшбасшысы деуге толық негіз бар. Хирургтеріміз ауыр дертке шалдыққан алматылықтарды ғана емес, еліміздің әр шалғайынан келген азаматтарды емдейді. Кейінгі жылдары консультативтік-диагностикалық қызметтен бастап, хирургиялық операциялар мен реабилитациялық көмекке деген сұраныс өте жоғары болып тұр. Бұған қоса біздің институт операцияны кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттері арқылы да жасап жатыр. Былтыр орталық дәрігерлері 4 071 операция жасаса, оның 1 940 – ТМККК, 2 131 операция МӘМС пакетіне тиесілі. Ал бұл – осыншама адамның өмірі мен тағдыры, жақындарының қуанышы.
– Кардиохирургия саласында қолданысқа енген инновациялық технологиялар туралы білгіміз келеді...
– Кейінгі 30 жылда жүрек кеселдерін емдеуде серпінді өзгеріс бар. 90-жылдардың басында жүрек операцияларының дені кеудені тіліп, ашық әдіспен жасалатын. Қазір операциялардың басым бөлігі – үлкен тіліксіз, наркозсыз жасалатын эндоваскулярлық операциялар. Қарапайым тілмен айтқанда, мұндай операциялар кезінде күретамыр немесе көктамырдың бірі бірнеше жерден ғана тесілетіндіктен, науқастың өз өзіне келу үдерісі бірнеше күннен аспайды.
Сол сияқты ашық жүрекке криоаблация, аорта қақпақшасын транскатетерлік әдіспен ауыстырып, LVAD және тағы да басқа аралас операциялар жасаймыз. 3D визуализациясы бар торакоскопиялық қондырғы жүрек қақпақшаларын ауыстыру, жүрекке шунт қою сынды операцияларды кеудені кеспей, зақымы аз әдіспен жасауға мүмкіндік береді. Осы орайда өткен жылдың табысы деп мынадай әдістерді ерекше атап өтер едім:
Біріншісі – биологиялық протез. Біз Сауд Аравия профессоры Мұхамед Саллах Алрешхиданмен бірлесіп екі бірдей пациенттің жүрек қақпақшаларын биологиялық протезбен алмастырдық. Мұндай операция ТМД аумағында бұрын-соңды жасалмаған. Бұл клапан сапа көрсеткіштері жағынан теңдесі жоқ, көпке шыдайды, қолдану да оңай. Оның үстіне мұндай протез орнатылған пациент өмір бойы қан сұйылтатын антикоагулянттарды ішу машақатынан құтылады.
Екіншісі – жасанды жүрек LVAD. Былтыр біздің кардиохирургтер екінші рет LVAD операциясын жасады. Операцияға дейін пациент жансақтау бөліміне үш рет түскен, ұзақ уақыт бойы стационарда жатып емделген еді. Бірақ мұның бірі де нәтиже бермепті. Халі аса ауыр мұндай пациенттер бұрын ағзаның резерві біткенше ғана өмір сүретін. Қазір осы операция арқылы мұндай пациенттер қалыпты өмірге орала алады. LVAD – өте қымбат тұратын операцияның бірі. Елімізде бұл МӘМС қаржысы есебінен тегін жасалады. Кез келген мемлекет халқына осындай мүмкіндік сыйлап отыр деп айта алмаймын. Ал біз осындай операциялар жасап жүрміз және оны мақтан тұтамыз.
Үшіншісі – «қатып қалған» тамырларға операция жасау. 2023 жылдың шілде айында біздің рентгенхирургтер Румынияның жетекші дәрігерімен бірлесіп ротаблация жасады. Бұл әдіс жылдамдығы жоғары роторлық бұрғылау қондырғысының көмегімен тарылған коронарлық артерияларды тазартуға мүмкіндік береді. Қарапайым тілмен айтқанда, дәрігерлер кальций түзінділері салдарынан «тас болып қатып қалған» тамырларды бұрғылап тазартады. Ротаблациясыз жүректегі қан тамырларын толық тазарту мүмкін емес. Бірақ мұнда операциядан кейін асқыну қаупі өте жоғары. Сондықтан оны біліктілігі аса жоғары клиникаларда тәжірибелі дәрігерлер жасағаны дұрыс.
Төртіншісі – құны 5 млн теңгеден асатын дефибриляторлар. Біздің клиникада жүрегі аяқ-астынан тоқтап қалу қаупі бар пациенттерге кардиовертер-дефибриллятор, электрокардиостимулятор, окклюдер орнатылады, жүрекке ресинхрондау терапиясы (CRT-D) жасалады. Жүрек қағысы бұзылған ауыр халдегі науқастарға радиожиілікті аблация, криоаблация сынды тағы да басқа аса күрделі операциялар жасалады.
Былтыр қазан айында клиникада жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын пациенттерге заманауи дефибрилляторлар орнатылды. Бұл операцияны да Алматыда алғаш рет біздің дәрігерлер жасады. Құрылғының бір артықшылығы – қашықтан монитор арқылы бақылауға мүмкіндік беретіндігінде. Мұндай технологиялар арқылы науқастың ахуалын қашықтан бақылауға, қажет болса реттеп отыруға, тіпті пациенттің телефонына арнайы қосымша орнатуға болады.
– Сөз арасында қымбат қызметтердің көбі МӘМС арқылы жасалатынын айттыңыз. Дегенмен осы жүйеге қатысты наразылық та жоқ емес. Сіздіңше, денсаулық сақтау саласына осы реформа енгізілгелі бері не өзгерді?
– Шындап келгенде МӘМС пакетінің көлемі жыл сайын кеңейіп келеді. Бұл халыққа көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттырып отырғаны сөзсіз. Бұған дейін атап өткенімдей, біз МӘМС қаражаты есебінен жоғары технологиялық көмек көрсетеміз. Жалпы, бұл операциялар жоғары технологияларды, көп ресурсты және емдеу мен диагностиканың бірегей әдістерін қажет етеді. Мұның бәріне көп қаражат керек. Біздің жағдайымызда осы қажеттіліктерді МӘМС өтеп жатыр дер едім.
– Былтыр жазда Алматыда тұңғыш рет жүрек алмастыру операциясы жасалғанын біз де жаздық. Алдағы күндердің еншісінде елімізде тағы қандай күрделі операциялар жасалуы мүмкін?
– Иә, клиникамызда Астанадағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығымен бірлесіп, науқастың кеудесіне донор жүрегін салдық. Операцияға дарынды кардиохирург Юрий Пя жетекшілік етті. Жалпы, біздің елде кардиохирургия мен кардиореанимация жақсы дамыған. Ол жүрек алмастыру операцияларының сәтті болуына толық мүмкіндік береді. Оған кадрлық мүмкіндігіміз де, материалдық-техникалық әлеуетіміз де жеткілікті. Жоспарлы мақсаттарымыз бар.
– Дегенмен жүрек алмастыру дегеніңіз – күнде жасалатын операция емес. Осы бағыттың дамуы қалай болмақ?
– Жалпы алғанда, донорлық ағза тапшылығы – әлемдік проблема. Өкініштісі, науқастардың басым бөлігі жүрек алмастыру операциясына жете алмай көз жұмады. Себебі жүрек тапшы, алмастыратын орган, тін аз. Ал онсыз адамның ұзақ өмір сүруі екіталай. Әсіресе ауыр жүрек дертіне шалдыққан пациенттерге шұғыл операция жасамаса болмайды. Сондықтан алдымен донорлықты дамыту қажет деп ойлаймын.
– Таяуда аритмологтеріңіз бес күн бойы 30 шақты «зергерлік» операция жасады. Осы орайда шетелдік кардиологиялық орталықтармен байланыстарыңыз туралы да білгіміз келеді.
– Биыл 11–15 наурыз аралығында біздің мамандар РҒА академигі, ІТМ ФЗО директорының ғылыми-клиникалық жұмыс жөніндегі орынбасары Сергей Артеменконың жетекшілігімен жүрек ырғағы мен өткізгіштігінің күрделі бұзылыстарын емдеу үшін ауыр операцияларды сәтімен атқарды. Сергей Николаевич жүрекше фибрилляциясы бар емделушілерде радиожиілікті катетерлік абляция процедурасының тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін әдіснамалық тәсілдерді әзірлеген бірегей маман екенін атап өткен жөн.
Бұл операциялар – өте күрделі және жүрек ырғағының бұзылуын емдеудің ең тиімді әдісі. Радиожиілік катетерлік абляция жүрекке үшөлшемді навигациялық картаға түсірудің озық жүйелерін пайдалана отырып жүргізіледі. Осылайша, науқастарды өмірге қайтарады. Бұл жүйе Алматыда тек КІА ҒЗИ-да ғана бар.
Одан кейін де жүрекшелер фибрилляциясы және басқа да күрделі эктопикалық ошақтары бар науқастарға операциялар жалғасты. Мәселе мынада, аритмияның патологиялық ошақтары жүректің өткізгіш жүйесіне қауіпті жақындықта орналасады. Ал 3D технологиялары аритмиян көзін – жүректің басқа тіндеріне зақым келтірместен патологиялық ошақты 1 миллиметрге дейін табуға көмектеседі. Науқас толығымен қалпына келеді, нәтижесі операция кезінде-ақ көрінеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ