Кейінгі жылдары елімізде жастардың энергетикалық сусындарға тәуелділік мәселесі жиі көтеріліп жүр. Мектеп жасындағы балалардың HBSC (health Behaviour in School – aged Children) денсаулығына қатысты ұлттық зерттеудің былтырғы деректеріне үңілсек, сергіткіш сусындарды жасөспірімдердің 20,5 пайызы апта сайын ішетіні расталған. Сол себепті жүрек пен жүйкеге зиян мұндай өнімдерді енді 21 жасқа дейінгі азаматтарға сатуға тыйым салынбақшы.
Бүгінде әлемнің бірқатар елінде энергетикалық сусындарды сатуға қатысты шектеулер енгізілген. Мәселен, мұндай сусындар Түркия, Польша, Әзербайжанда кәмелет жасына толмағандарға сатылмайды. Испанияда бұл тақырып жан-жақты қаралып жатыр. Олар энергетикті алкоголь және темекімен қатар қойып отыр. Елімізде таяуда өткен Сенаттың жалпы отырысында депутаттар жастардың «допингіне» айналған өнімдерді сөз етті. Яғни халық қалаулылары уақытша күш беріп, есесіне жүйке жүйесін қоздыратын энергетиктердің саудасын заң аясында қатаң бақылауда ұстау қажет екенін тағы бір мәрте еске салды.
«Ұлт қауіпсіздігінің негізгі стратегиясының бірі – ұлт денсаулығы. Өскелең ұрпақтың денсаулығы – ұлт болашағы. Сенатта қаралған заңда осыған дейін талқылау барысында депутаттар балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуды 21 жасқа дейін шектеуге және заңды қатаңдатуға қатысты ұсыныстар болды. Себебі энергетикалық сусындар жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, бүйрек, жүйке тамырлары ауруларына алып келеді. Жүкті әйелдерге де кері әсер етеді. Адамда қорқыныш, үрей пайда болады. Психологиялық және физикалық тәуелділікке ұрындырады. Біз ұсынған түзетулер белгілі бір дәрежеде бизнесті шектейтінін түсінеміз. Алайда балаларымыздың денсаулығы кез келген триллиондаған қаржыдан қымбат екенін естеріңізге салғым келеді. Неге Үкімет Парламент депутаттарының бастамасын қолдап, бүгінге дейін осы мәселенің қорытындысын бермеді? Осы мәселе бойынша нақты ұсынымдарды білгіміз келеді. Бұл мәселе қандай мерзімде, қандай заң жобасы аясында өзінің заңнамалық шешімін табады?», деп сұрады сенатор Ғалисқар Сарыбаев.
Денсаулық сақтау министрлігі балалар мен жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуды шектеуді көздейтін арнайы құжат әзірледі. Құжат «Ашық НПА» порталына орналастырылды. Онда энергетикалық сусындарды тұтыну ауқымы жыл сайын артып келе жатқаны туралы деректер келтірілген. «Euromonitor International» дерегі бойынша 2022 жылы елімізде бөлшек сауда арналары арқылы сергіткіш өнімдерді сату көлемі бағаның айтарлықтай өсуіне қарамастан 2021 жылмен салыстырғанда 25 пайызға артқан. Ең қорқыныштысы тек бір Алматы қаласының халқы 12 айда 9 млн литр энергетик тұтынады екен. Сондықтан Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс басталғанын айтты.
«Қазір 21 жасқа дейін жасөспірімдер мен балаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу бойынша АРВ (реттеушілік әсерді талдау) дайындалған. Ол Үкіметаралық комиссияда мақұлданған. Қазір Үкімет қорытындысының жобасы дайын. Барлық орталық мемлекеттік органдармен келісілген. Ішкі істер министрлігімен келісу ғана қалды. Сонымен қатар басқа нормалар бойынша вендингтік аппараттарда осы өнімді сату немесе жарнамаларға тыйым салу мақсатында АРВ мәселесінде жұмыс жалғасып жатыр. Мәжілістегі «Лудономания туралы» заңнамаға осы нормаларды енгіземіз», деді вице-министр.
Жаңа заңның нұсқасына сәйкес мұндай сусындарды автоматтарға қоймайды, жарнамасына да бұдан былай жол жоқ. Ал үлкендер үшін сатылса, саудасы мектептен және басқа оқу орындарынан 200 метр алшақта жүруге тиіс. Денсаулық сақтау, спорт ғимараттарына да бұл энергетиктерді жақындатпайды.
«Өндірушіге қарамастан, барлық энергетик құрамы жағынан ұқсас. Олар үш негізгі компоненттің есебінен жұмыс істейді: көп мөлшерде қант, жоғары дозалы кофеин және таурин. Олардың құрамында тұрақтандырғыштар мен консерванттар бар. Осының бәрін ескере отырып, бұл сусындарды денсаулыққа қауіпті деуге болады», дейді Астана ұлттық ғылыми онкология орталығының нефролог дәрігері Шолпан Садықова.
«Дені сау ұлт» ұлттық жобасында қант қосылған сусындарға акциз ендіру белгіленген. Сондай-ақ Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы да қамтылған. Енді құрамында қанты көп сусындарға қосымша салық құнын көтеру мәселесіне қатысты шешім жыл соңына дейін қабылдануы мүмкін. Өйткені энергетикалық және газдалған сусындардың кесірінен елімізде қант диабеті, семіздік және жүрек-қан тамыры секілді аурулар көбейіп барады. Мәселен, тек қант диабетімен ауыратын науқастардың саны кейінгі 5 жылда 31%-ға өсіп, 400 мыңға жуықтады. Егер бұлай жалғаса берсе, мамандар 2030 жылға қарай сырқаттанғандар 1 млн-нан асады деп болжап отыр.
«Кофеин тәуелсіз зат ретінде басқа жанама әсерлерді де тудыруы мүмкін. Ол белгілі бір мөлшерден кейін ағзаға зиян келтіреді. Ересектер үшін тәулігіне 400 мг (2–3 кесе) және 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін 100 мг (1–2 кесе) құрайды. Бұл – норма емес, ең жоғары рұқсат етілген тәуліктік доза. Ал 1 бөтелке энергетикалық сусынның құрамында 8–9 кесе кофе бар. Энергетикалық сусындардан кофеинді шамадан тыс қабылдағанда асқазан-ішек жолдарының гиперстимуляциясына, жүрек айнуы, құсу, диарея және іштің ауырсынуына әкелуі мүмкін. Сусындағы қант стимулятор рөлін атқарады. Қантты шамадан тыс тұтыну жүрек ауруына, семіздікке, 2 типтегі қант диабетіне және басқа да метаболикалық проблемаларға әкелуі мүмкін. Сондықтан көптеген ел оның жарнамасы мен сатылуын, әсіресе оларды кәмелетке толмағандар арасында тұтынуды реттеуді қадағалайды», делінген Денсаулық сақтау министрлігінің БАҚ-қа ұсынған деректерінде.
Айта кетейік, құрамында қанты көп сусындарға қосымша құн әлемнің 70-тен астам елінің салық жүйесіне енген. Оның ішінде экономикасы біздікіне ұқсас Ресей, Қырғызстан сияқты мемлекеттер де бар. Өзбекстан да келесі айдан бастап тәтті сусыннан салық алуға кіріспекші. Қанты көп тәтті сусын мен энергетик ішкенді азайтқаннан халықтың денсаулығы жақсарып кетпейтіні түсінікті. Десек те, сарапшылар халықаралық тәжірибеде акцизді салық енгізгеннен тәтті сусындарды тұтыну төмендегенін және ағзаға пайдалы сусындардың өсімі байқалатынын атап көрсетіп отыр.