Қазақтың жыраулық өнерінде Бесқала жыраулық дәстүрінің орны бөлек. Қазақ халқы ертеден мекен еткен Әмудария бойындағы Шымбай, Хожелі, Қоңырат, Шаббаз (қазіргі Беруни), Көне Үргеніш қалаларын ертеде Бесқала деп атағаны тарихтан белгілі. Бұл өңір қазақтарының өзіне тән жыраулық, күйшілік, әншілік дәстүрі ғасырлар бойы қалыптасты.
Бесқала қазақтарының жыраулық дәстүрі кеңес кезеңінде-ақ ғалымдардың назарын аударып, зерттеле бастаған. Рахманқұл Бердібай, Оразгүл Нұрмағамбетова, Көбей Сейдеханов, Қабиболла Сыдиықұлы, Талиға Бекхожина, Қыдырәлі Саттаров, Балташ Ысқақов тәрізді әйгілі фольклоршы және музыкатанушы ғалымдар Бесқала өңіріне ғылыми экспедициямен барып, мол мұра жинақтап, бұл аймақтың жыраулық дәстүріне жоғары баға берген. Сонымен қатар Қаржаубай Жұмажанов, Қайыржан Аралбаев, Меңдібай Әбілұлы, т.б. бесқалалық әдебиеттанушы ғалымдар құнды еңбектер жазып, жариялады.
Бесқала жыршы-жырауларының өмірі мен шығармашылығын дүйім көпшілікке таныстырған 1979 жылы жарық көрген «Ақын-жыраулар» жинағы еді. Бұл жөнінде академик Р.Бердібай: «Бұл анықтама еңбекте 260-тай шамалы ақын-жыраулар жайында дерек келтірілген. Солардың біразы Қарақалпақстанда тұратын қазақ ақын-жыршылары. Жыршы-жыраулықтың эстафетасын бүгінге дейін қолдан түсірмей келген осы өлке орындаушыларын таныстыру сөз құдіретін, фольклорды қадір тұтатындарға тосын табыстай көрінетіні кәміл» деп жазды (Жыршылық дәстүр, 1980. 32-б.).
Академик Р.Бердібай сол еңбегінде: «Біздің байқауымызша, бұл күнде жырды ғасырлар бойы қалыптасқан өз мақамымен айтатын жыршылар, термешілер өте аз. Бүкіл Орта Азия мен Қазақстан бойынша, бастапқы тарауларда айтып өткендей, жыршылардың әзірге бай жері – Қарақалпақстан. Жыршы-жыраулардың көбі Сыр бойынан, Қарақалпақстан жерінен табылды. Әсіресе, жыршы-жыраулықтың дәстүрі Қарақалпақстанда қуатты қалпында, онда жыршылық өнер өте қастерлі екені анықталды. Қазақ жыры сақталған жаңа «Эпикалық аудан» – Қарақалпақстан фольклоршылар үшін аса қызғылықты, жанды мағлұматтар беретін тың өріс секілденіп отыр» (Бұл да сонда, 31-45-б.), деп атап көрсетсе, филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Саттаров аталған өлкедегі жыраулық өнер жайында жазған «Фольклор экспедициясының жемісі» атты мақаласында: «Бесқала, Көне Үргеніш, Әмудария құйылысындағы қазақтар арасында қазақтың жыршылық-жыраулық дәстүрі қаймағы бұзылмай толық сақталған өлке. Халық таланттары ұстаз, шәкірттік салтын жалғастырып, бірден екіге ұластырып келе жатқанының куәсі болдық» деп жазады. Ал музыкатанушы Т.Бекхожина «Қазақтың 200 әні» атты музыкалық-этнографиялық жинағында Қарақалпақстандағы қазақтардың жыраулық өнері туралы айта келіп: «Дәстүр бойынша ол жерде қоғамдық және үй ішілік той-думан еш уақытта жыраусыз өтпейді» деп жазады.
Бесқала аймағында ХІХ және ХХ ғасырдың бірінші жартысында жиеней Өтім, Қосым, Сағыр Дүйсенбай, Тұрманқожа, Қазан, Амантұрлы, Қалым, Өгізбай, Тілеумағамбет (Қу молда), Лепес, Қарасай, Оразбай, Кенелдік, Серікбай, Тәжік, Қайырмақол Қалмұрат, Муса тәрізді айтулы жыраулардың өмір сүргені туралы мәліметтер ғылыми еңбектерде кездеседі. Бұл жыраулардың әдеби және музыкалық мұраларының біршамасы сақталған. Ал ХХ ғасырда ғұмыр кешкен Әбдімұрат, Мыңбай, Жақып, Ережеп, жоли Жақсылық, Теңізбай, Құдайберген, шекті Жақсылық, Мұратбай, Серімбет, Қайролла, Ерқожа, Сапарбай, Мәтнияз, Қошқар, Жұмағали, Жолжан, Алдаберген, Наурызбек, Атаубай, Қарлыбай, Мәспатша, Өтешбай, Ысқақ, Қартбай, Парахат, Қайып, Пішенбай, т.б. сынды өзге де жыршы-жыраулар Бесқала қазақтарының жыршылық дәстүрін дәріптеп, Орталық Азияға танытты. Осы жыраулардың өнеге-тәрбиесін алған көптеген шәкірттер бүгінде айтулы өнерпаздарға айналып, ұстаздары қалдырған дәстүрді жалғастырып келеді.
Әр өңірдің жыршылық дәстүрін өзге аймақтардан ерекшелеп тұратын негізгі белгілері – мақам-сазы, қайырымы мен репертуары. Бесқалада ғұмыр кешкен әрбір жыраудың өзіне тән мақам-сазы бар. Халық арасына кең таралған «Әбдімұраттың жолы», «Теңізбайдың жолы», «Оразбайдың жолы», «Жоли Жақсылықтың жолы», «Ерқожаның жолы», «Наурызбектің жолы», «Жолжанның жолы» деп аталатын мақам-саздар осының дәлелі. Бұл өңірде «жыр сарыны, сазы, мақамы» дегенді «жолы» деп айтады.
Кешегі ХХ ғасырдағы жыршылардың ғана емес, ХІХ ғасырда өмір сүрген жыраулардың да мақамдары мен жыр-күйлері бүгінге жетіп отыр. Ел арасынан мұндай дүниелерді әлі де көптеп кездестіруге болады. Бір ғана Наурызбек жыраудың өзі қырыққа жуық мақаммен жырлаған. Соның ішінде жиырмадан астам мақамды өз жанынан шығарған.
Бесқала жыршылары мақам-саздарының ерекшелігі, әсіресе, жыр-дастандарды жырлағанда айрықша білінеді. Жыраулар терме-толғауларда қолданбаған мақамдарды жыр-дастандарға келгенде кеңінен пайдаланып, жыр оқиғаларын түрлі сазбен құлпыртып отырады. Дауыстары дыбыс таспасында сақталып қалған Алдаберген Тасқынбайұлының «Асау-Барақ», Наурызбек Нұржаубайұлының «Едіге», «Төрехан», «Барақ батыр» жырлары сөзімізге дәлел. Кейінгі жылдары ел ішіндегі көнекөз кісілер мен жеке мұрағаттардан Қосым, Мәтнияз, Серікбай, Қалмұрат, Жақсылық, Ғани, Ерқожа сияқты жыраулардың мақам-саздарының табылуы бізге үлкен олжа дер едік.
Бесқала жыраулық дәстүрінде мақамдарды қолданудың өзіндік реті бар. Мысалы, 11 буынды өлеңге арналған мақаммен жыраулар топқа түскенде, мерекенің басында айтса, төкпе мақам қыза-қыза келгенде қолданылған. Төртқара Оразбай жыраудың домбыраны көбірек тартып, сөзді азырақ айтатын сазы жыршы топта төкпелетіп ұзақ жырлағаннан кейін ентігіп, алқынып қалмас үшін қолданылған.
Бесқала қазақтарының жыраулық дәстүрінде құрдағы тыңдаушыны бірнеше күн бойы тыңдатуға жыраулардың арнайы қызғылықты сценарийі болады. Топқа келген жырау «Амандасу термесімен» бастап, «Сөз басы», «Өзін таныстыру», «Той иесіне», «Насихат термелерін» екі-үш сағат бойы айтып, «Ортаға тастау» толғауына кезек береді. Мысалы, Теңізбай жырау «Ортаға тастауын»:
«Нақыл сөзден сөйлесем,
Айтқанымның бәрі рас.
Ертегі, жырдан жырласам,
Жары – өтірік, жары – рас»,
– деп бастап, «Сәдуақас сахи», «Ақтам сахаба», «Шәкір-Шәкірат», «Бозұғлан», «Қарасай-Қази», «Қыз Жібек», т.б. жырларды көпшіліктің ортасына салған. Осы дәстүр бойынша Наурызбек жырау да:
«Алдымдағы, ағайын,
Үлкен-кіші жамайым,
Айтқанмен терме таусылмас,
Бұрынғы өткен батырдан
Өздерің таңдап, қалап ал.
Шаңдақта шапқан жылқыдай,
Алдыңа айдап, салайын.
...Едіге батыр ер еді,
Кәраматты дер еді,
Мұны қалай көресің?
Едігеден Нұрадын,
Жеңген жауы көп еді...
Нұрадыннан ер Муса,
Өздеріндей ер туса.
Аттанады жауына,
Садағын асып, бел буса.
Ер Мусадан дөреген,
Мамай менен Қанды Орақ.
Орақтан екі ұл туды,
Тұқым қуып, зор туды.
Қази менен Қарасай.
Алдыңа салып отырмын,
Тыңдауға халқым жараса-ай.
Үлкен-кіші құрбылар,
Бір тыңдауға бұл қалай?»
– деп өлеңдетіп, репертуарындағы «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Төрехан», «Барақ батыр», «Құлбек батыр», т.б. жырларды ортаға тастап:
«Алдымдағы әлеумет,
Әлгі айтқан ертектің
Сіздер қайсысы болды ұнатқан?»
– деп халықтың таңдауына салатын болған. Бірнеше күн жырлаған жыраулар той соңына қарай «Топ тарқатар» толғауын айтып, көпшілікпен қоштасады. Қарақалпақстанға экспедициямен барған фольклоршы ғалым Б.Ысқақов жырлаудың төменгідей ерекшелігі туралы былай деп жазады: «Осыдан кейін жырау өзін тыңдаушылардың көбі үлкендер болса, үлкендерге, жастар жағы көп болса, жастарға ауа сөйлейді. Тыңдаушылардың назарын аударып алған соң жырау өзінің репертуарын атап шығып, көпшілікке тыңдатады да, жұртшылық қалаған жырды толғап кетеді. Жырын «Тойтарқау» термесімен аяқтайды».
Кейбір жырлардың ел ішінде жырлануына кешегі тоталитарлық жүйе тыйым салса да, Қарақалпақстандағы қазақ жырауларының репертуарынан көлемді эпостар көптеп орын алды. Оны жақсы байқаған Т.Бекхожина «Қазақтың 200 әні» атты жинағында жоғарыда атап көрсеткен «сценариймен жырлау» ерекшелігі, Бесқала жырауларының репертуарындағы эпостардың маңызы туралы: «Шақырған жерге жырау шәкірттерін (3-4 кісі) ертіп барады. Тойды жыраудың өзі бастайды. Сонан соң насихат терме, күлдіргі, сықақ өлең, термелерге көшеді. Алайда жыраудың негізгі жауапты нөмірі эпикалық жыр айту болып есептеледі. Эпикалық жыр айту алдында жырау термелеп, өзінің ұстаз жырауын атайды (жергілікті елдің тілінде «Пәтия алған ұстазын»), өз репертуарымен таныстырады да, халықтың нені қалайтынын сұрайды» деп жазады.
Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жыраулары мұраларының жиналуына М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Өзбекстан Ғылым академиясының Қарақалпақстан бөлімі көп үлес қосты. Фольклорлық экспедиция Қарақалпақстанға бірнеше рет барып, көптеген әдеби және музыкалық мұра жазып алынды. Нақты деректерге сүйенсек, әрбір экспедицияның өзінде он мыңдаған жол терме-жырдың хатқа түскенін көреміз. Бұл экспедицияларда жиналған мол мұраның біршама бөлігі бірнеше жинақта жарияланды. Атап айтар болсақ, 2011 жылы «Бабалар сөзі» сериясымен жарық көрген жүз томдыққа «Қазақ шежіресі», «Бозұғлан», «Қобыланды батыр», «Едіге», «Қарасай, Қази», «Батыр Мамай, қанды Орақ», «Барақ батыр» сынды желілі жыр-эпостардың Тілеумағамбет, Әбдімұрат, Құдайберген, Жақсылық, Атаубай, Қартбай, Ерқожа, Қайролла, Наурызбек сияқты ақын-жыраулар жырлаған нұсқалары енген.
1968-1993 жылдар аралығында үздіксіз экспедиция ұйымдастырып, Бесқаладағы қазақ жырауларының мұраларын жинауға ерекше үлес қосқан ташкенттік ғалым, профессор Қ.Саттаров бұл қазыналардың жарыққа шығып, баспа бетін көруіне де мұрындық болды. Қ.Саттаровтың құрастыруымен Жақып, Атаубай жыраулардың «Қызыл ат», «Қарасай, Қази» жырлары жеке-жеке жинақ болып жарияланса, академик Ә.Марғұланның алғы сөзімен Ө.Қалбайұлының «Алаңқай батыр», профессор Қ.Жұмажановтың құрастыруымен Т.Аманжолұлының «Барақ батыр» жырлары Алматы, Нөкіс қалаларында жарық көрді.
Бесқаладағы ақын-жыраулар ертеден келе жатқан эпостарды жырлаумен ғана шектелмей, өздері де көптеген жыр-дастан шығарды. Олар Әмудария бойында және қазіргі Қазақстан аумағында өткен тарихи оқиғаларды, айтулы шайқастарды жырларына қосып, суреттеп отырды. Мысалы, Құдайберген жырау Қоңыратта хандық құрған Ә.Мұңайтпасұлы туралы «Әзберген хан», Тілеумағамбет Аманжолұлы «Қобыланды батыр» (өз нұсқасы), «Асау-Барақ», «Асқар батыр», «Өтешбай мен Марқабай батыр», «Ермағамбет батыр», Өмірзақ Қалбайұлы «Алаңқай батыр», «Ер Қосай», «Қазақ Сауран айналғанда», Наурызбек жырау «Сүлеймен патша», «Әнес сахаба», «Құлбек батыр», «Тарихтан қалған сөз» (шежіре-жыр), т.б. желілі жырлар жазып қалдырған. «Қырымның қырық батыры» циклді эпосы қазақтың жалпы жыраулық өнерінде «Қарасай, Қази» жырымен аяқталса, Қарақалпақстандағы қазақ жыршы-жыраулары бұл циклді дамыта жырлап, жалғасы ретінде «Құлбек батыр» жырын қосқан. Бұл жыр өзге аймақ жыршыларының репертуарында кездеспейді.
Бұл өлкедегі жыраулардың көне үлгіде жырлайтын ерекшелігін байқаған алматылық ғалымдар кеңес одағы кезінде бесқалалық жоли Жақсылық, Мұратбай, Қайролла, Алдаберген, Наурызбек, Тұрлан, Жайылхан сияқты жыршы-жыраулардың орындауындағы жыр-термелерді күйтабаққа және радио қорларына жазып алып, халық арасына кең таратты.
Бесқала жыраулары бір жырдың өзін әртүрлі нұсқада жырлаған. Мәселен, «Қарасай, Қази» жырының оқиға желілері де, көлемдері де әр жыршының орындауында әрқилы болып келеді. Жақсылық жыраудың «Қарасай, Қазиы» 4 500 жол болса, Атаубайда 4 120 жол, ал Өмірзақ ақында бұл жырдың көлемі – 4 906 жол. «Қарасай, Қази» жырының Ж.Құтыманұлы, Қ.Иманғалиев, Т.Кәрібаев, Ә.Сейілханұлы, О.Оңғарбаев, Қ.Қылышұлы, Т.Бейсенбаев, Қ.Шоқаев, Т.Аяпов, Н.Нұржаубайұлы сынды жыраулардың орындаған нұсқалары бізге жетіп отыр.
Бесқала қазақтарының жыр-мақамдары елімізде өткен ғасырдың 70-жылдарының басында кең тарай бастады. Сол жылдары Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірттері Жақсылық Сәрсенғалиев, Қаламқас Орашева, Болатбек Ердәулетовтер әйгілі Наурызбек жырауды Қарақалпақстанға арнайы іздеп барып, одан жыраудың өз мақамдары мен репертуарындағы сол өңірдің өзге де мақам-саздарын үйреніп, елімізге әкеліп дәріптеді. Ал Наурызбек жыраудан арнайы тәлім алған ақтөбелік Ордабай (Бақтыгерей) Сандыбаев Бесқала мақам-саздарының 80-жылдардың ішінде Ақтөбе өңіріне тұңғыш рет насихатталуына көп еңбек сіңірді. О.Сандыбаев 1992 жылы қазіргі Қ.Жұбанов атындағы университет жанынан термешілер студиясын ашып, Бесқала мақамдарын Елдос Жұмағұлов, Нұржан Сағынаев, Әділбек Сарин, Құлбек Дүйсекенов, Света Ақмалаева, Есентүгел Әзи, Жаңабай Аманбеков сияқты, т.б. жиырма шақты шәкіртке үйретті. Бұл туралы өзінің «Наурызбек саз-сарындарында кие бар» мақаласында: «Ақтөбеге келдім де, Наурызбектің жазып берген мақам-саздарын, сөздерін үйреніп, термені тоқтамастан үш сағатқа дейін айта алатын жағдайға жеттім. Мен саз-сарындарды тек Наурызбек ағамнан алдым, одан алғаным бойынша терме айтуды жалғастырып, батасын алған адаммын. Сонымен 90-жылдардың басында Темір ауданынан Ақтөбе қаласына ауысып, Наурызбектің жолындағы барлық мақам-саздарды екі жылдық студияға оқуға келген шәкірттерге қолдан келгенше үйреттім», дейді.
Қазақ музыка мәдениетінің бір бөлшегі болған Бесқала жыраулық дәстүрінің мұралары бүгінгі күнде елімізде және Орта Азия театрларында, үлкен сахналарда, оқу орындарының залдарында орындалып, халыққа рухани азық болып келеді. Қазіргі таңдағы өкілдері – Қарасай Әбдімұратұлы, Өсербай Сәрсенбайұлы, Аманкелді Сәнкібаев, Мырзағұл Жұмағалиев, Тұрлан Бейсенбаев, Қожахмет Ниязов, Оразай Тұрғалиұлы, Аманқос Садықов, Абылай Бөріханов, Елдос Жұмағұлов, Қоныс Жүсіпов, Бекенқұл Арзиев, Әділбек Сарин, Сәрсенбай Рахманбердиев, Ринат Тәжібаев, Қази Қожамұратов, Рүстем Батырбаев, Бауыржан Ермекбаев, Бақтыбай Елеусінов, Кеңес Болатбекұлы, Жақсыбек Барлыбаев, т.б.
Бесқала қазақтарының жыраулық өнері Қ.Жұмажановтың «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті», Қ.Аралбаевтың «Бесқала өрнектері», М.Әбілұлының «Дәуқара өңірінің діни-ағартушы қазақ ақын-жыраулары» атты ғылыми еңбектерінде біршама зерттелсе, бүгінгі күні де Бесқала жырауларының мұраларын жинақтап, зерттеу ісі өз жалғасын тауып келеді. Бұл өңірдің әдеби-музыкалық мұралары алдағы уақытта да жинақталып, әрі қарай зерттеліп, үлкен сахналарда насихатталып, ұлтымыздың рухани кәдесіне жарай береріне сеніміміз мол.
Күнқожа ҚАЙРУЛЛА,
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы,
Мәдениет саласының үздігі