Күн жылына ери бастаған қар сай-саланы қуалап, үстін-үстін толыға түсті. Билік тасқынға тосқын қоюдың амалдарын қарастырып, бірқатар шара қабылдады. Тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы штаб құрылды, кезекшілік ұйымдастырылды. Аса қауіп тудыратын тұстар анықталып, сақтық күшейтілді.
Табиғаттың тасыр мінезін кім түсініп болғандай? Қазіргі кезде қызыл су әл бермей барады. Облыстың іргесіндегі Жезді кентіндегі су тасқынының күшейгені соншалық, мұнда төтенше жағдай жариялауға тура келді. Өйткені кенттегі он шақты үйді су басып қалған. Бұларға басқа да қауіпті үйлердің тұрғындарын қоса отырып, барлығы 30-ға тарта отбасы көшіріліп, уақытша жатақханаға орналастырылды. Қазір келтірілген залал, шығын есептеліп жатыр.
– Жезді өзенінің деңгейі 3,5 метрге дейін көтеріліп кетті. Дес бергенде, алдын ала атқарылған іс-шаралар арқылы ғана күллі кентті тасқын астында қалуға жол берілмеді. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органнан – 15, Төтенше жағдайлар департаментінен – 50-ге жуық, Полиция департаментінен 30-дан аса қызметкер, жалпы саны 13 техника мен 3 сорғы жұмыс істеп жатыр. Жездідегі жағдайды облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы өзі барып көрді, халықпен кездесіп, жергілікті басшылыққа тиісті тапсырмалар берді, – дейді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Еркеназ Оспанбекова.
Ресми мәліметке сүйенсек, су басу қаупі жоғары болып тұрған Талдысай ауылының тұрғындары да түгелдей Жезді кентіне қоныстандырылды. Облыс басшылығы олардың үй-жайларына барып, хабар алып тұруы үшін күніне екі араға көлік қатынасын ұйымдастыруды қолға алды. 28 наурызда Қостанай облысының Ұлытауға жақын маңындағы «Сарыторғай ауылын толықтай су басып қалды» деген хабар жетісімен, халықты жеткізу қажеттілігі туындап қалу мүмкіндігі ескеріліп, Жезқазған қаласына 300-ге жуық адамды орналастыру, ас-суын беру мәселесі де шешімін тапқан еді. Бұл қиын кезде көршілес елдің бір-біріне көмек көрсетуге әзір екенін көрсетті.
Қар әлі де толық еріп біткен жоқ. Сондықтан кейбір жерлерде су деңгейі төмендегені байқала бастағанымен, қауіп сейілді деп айтуға болмайды.
Ұлытау облысы