«Қазгидромет» мемлекеттік кәсіпорнының мамандары күздегі ахуалды саралай келе, бірнеше өңірді су басуы мүмкін екенін былтыр желтоқсаннан бері бірнеше мәрте ескерткен. Мемлекеттік мекемелерге хабарлаған. Демек қолда бар болжамға қарамастан жауаптылар жағдайды бақылаудан шығарып отыр.
«Қазгидромет» мамандары су тасқыны болады-ау деген аймақтарды күзде топырақ ылғалдылығының жоғары болғанына қарап шамалаған. Ол аздай қыс мезгілінде жауын-шашын, қар көп түсті. Күннің күрт жылынып, қайта суытқанынан топырақтың беті мен қарда мұз қабаты пайда болды.
Мамандар осы фактілерді негізге ала отырып, су тасқыны қаупі бар аймақтардың картасын ақпан, наурыз айында шыққан негізгі гидрологиялық болжамдарда көрсетіпті. Әрі сол картада қазір су басқан аймақтар бар екен. «Қазгидромет» РМК мамандары негізгі гидрологиялық болжамнан бөлек, наурыз айынан бері апта сайын болжам ұсынып келеді. Ел аумағындағы гидрометеорологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Су деңгейі күрт көтерілген жағдайда гидрологиялық бекеттер әр 4 сағат сайынғы жиі бақылауға ауысады. Осылайша су басу қаупі туралы дауылды ескертулерді уақтылы анықтайды екен. Мысалы, биыл су тасқыны туралы «Қазгидромет» РМК филиалдары 64 ескерту жариялаған.
«Қазгидромет» РМК гидрологиялық болжамдар басқармасының басшысы Серік Ибраевпен сөйлейскенімізде, ел аумағындағы ахуал жөнінде сұраған едік. Ол су тасқынының себеп-салдарымен қатар алдағы екі-үш күнге арналған ауа райы болжамын айтып берді.
– Орталығы Қостанай облысының үстінде орналасқан кең циклон Қазақстанның барлық аумағына әсер етеді. Жауын-шашын күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысында, Ақмола облысында, Павлодар мен Қарағанды облысында, Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр, қар жауады деген болжам бар. Алматыда, Түркістан, Жетісу облыстарында жаңбыр молынан түседі. Қазір Қарағанды, Ұлытау, Ақтөбе, Батыс Қазақсан, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында су көтерілгені байқалды. Енді Ақмола, Солтүстік Қазақстанда су көтерілуі мүмкін. Тасқынның себеп-салдарын күзгі ылғалданумен, жауын-шашынмен байланыстырамыз. Биыл күзге дейін жауын мол жауды. Ал қар жылдағыдан көп түсті деп айта алмаймыз. Қардың биылдан да көбірек түскен жылдары бар. Бірақ күзгі ылғалдану әдеттегіден әлдеқайда жоғары болып тұр. Су басу қаупін алдын ала ескерткеніміз осыдан. Себебі кейбір өңірлерде ылғалдану деңгейі 5 есеге дейін өскен, – дейді басқарма басшысы С.Ибраев.
Көктемде елдің басым бөлігінде ауа температурасы бір төмендеп, жоғарылайтыны түсінікті. Наурыздың соңында солтүстік-батыста, солтүстікте (Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары) ауа температурасы 3-10 градусқа дейін төмендеуі мүмкін екен. Ал күндіз біртіндеп 2-8 градусқа дейін жоғарылайды деген болжам бар. Еліміздің орталығында (Қарағанды, Ұлытау облыстары) түнде 0-8 градус аяз болса, күндіз +1+6 градусқа дейін төмендейді. Республиканың шығысында (Шығыс Қазақстан, Абай облыстары) түнде ауа температурасы – 3+2 градусқа дейін, күндіз +2+7 градусқа дейін төмендейді екен. Ал Оңтүстік өңірлерде (Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстары) ауа температурасы түнде 0, +5 градусқа дейін, күндіз +5+13 градусқа дейін төмендейді. Аталған өңірлерде ауа температурасы белгілі бір деңгейде төмендесе, республиканың батысында (Батыс Қазақстан, Атырау облыстары) ауа температурасы түнде 0,+7, күндіз +12+17 градусқа дейін жоғарылайды деген болжам жасалған.
Сәуір айындағы ауа райының консультативтік болжамына сәйкес орташа айлық температурасы еліміздің басым бөлігінде нормадан 1 градусқа жоғары немесе норма шамасында болады деседі. Әрі жауын-шашын мөлшері республика аумағының басым бөлігінде нормадан жоғары болуы мүмкін. Ал норма шамасындағы жауын орталықта (Ұлытау, Қарағанды облыстары), солтүстікте (Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары), оңтүстік-шығыста (Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстары), шығыста (Абай, Шығыс Қазақстан облыстары), оңтүстікте (Қызылорда, Түркістан облыстары) күтіледі екен.
Нақ қазір су деңгейі елдің бірнеше гидрологиялық бекеттерінде қауіпті деңгейге жақын, тіпті қауіпті деңгейден асып тұрғандары да бар. Мысалы, Қарағанды облысының Шешенқара ауылындағы Нұра өзені, Приишимское ауылындағы Есіл өзені қауіпті деңгейге жақын. Ұлытау облысындағы Сарысу өзені де қауіпті деңгейге жақын болса, Малшыбай кентіндегі Қаракеңгір өзені қауіпті деңгейден астып тұр екен. Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау, Шежін 2, Өленті өзендері де қауіпті деңгейден асқан. Сол секілді Ақтөбе облысындағы Ырғыз өзені қауіпті деңгейге жақын болса, Елек, Шиелі өзені қауіпті деңгейден асып барады. Қостанай облысындағы Сарыторғай өзені де қауіпті деңгейден асып барады деседі.
Биылғы тасқынның себеп-салдары 2017 жылы кейбір өңірлерде болған жағдайға ұқсайтындай. Мұндай деректерді салыстыра берсек, таусылмайды, әрине. «Қазгидромет» мамандары ұсынған болжамдар су тасқынына тосқауыл қоюға асыққандарға септігін тигізсе, болжамдарға бейқам қараған басшыларға сабақ болады деп сенейік.