Ұлттық музей мен «Отандастар қоры» КеАҚ-тың бірлескен жобасы аясында Өзбекстан қазақтарының рухани мұрасы кеңінен зерттелді. 2022-2023 жылдары аралығында жүргізілген ізденістер нәтижесінде 250-ден аса құнды материал жинақталды. Сондай-ақ ұлттық қор оннан астам 100-200 жылдық тарихы бар жәдігерлермен толықты.
Жоба жұмыстары Өзбекстанның Ташкент пен Науаи облыстарында (Қызылқұм) тұратын қазақтар арасында жүргізілді. Зерттеулер нәтижесінде аймаққа қарасты Тамды, Үшқұдық, Кенимех ауданының елді мекендерінде әлі күнге дейін көшпелі мал шаруашылығын кәсіп етіп, Қызылқұмның арасында тіршілік етіп отырған қазақтардың музыкалық фольклоры, ауыз әдебиетінің үлгілері, қазақтың дәстүрлі емшілігі сынды құнды деректер алынды. Ұлттық музейде өткен дөңгелек үстелде мекеменің Мәдени мұраны ғылыми зерттеу институты ғалымдары осы рухани мұраларды жинау, сақтау, зерттеу жұмыстарының қорытындысымен бөлісті.
– Тамды ауданы бойынша Тамды ауданының орталығы және Керізбұлақ, Жаңа шаруа, Жырықты, Өтемұрат қатарлы ауылдар қамтылды. Ұшқұдық ауданы бойынша Үшқұдық ауданының орталығы және Ұзынқұдық, Құлқұдық, Жүзқұдық, Мыңбұлақ, Шалқар қатарлы елді мекендер, Кенимех ауданы бойынша Кенимех ауданының орталығы және Баймұрат, Үштөбе, Қалмұрат қатарлы елді мекендер қамтылды. Нәтижесінде, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі, орындаушылық өнері, музыкалық фольклор, этнографиясына қатысты өте мол мұралар жазылып сақталды. Өзбекстандағы қазақтардың рухани мұрасын ғылыми зерттеу жұмыстарында Науаи облысының Тамды және Үшқұдық аудандарынан қазақ халқының рухани мұрасын ұстанушы 16 көзі тірі мұрагермен тікелей жүздестік. Өзбекстан қазақтарына жүргізілген зерттеулерде музыкалық-этнографиялық кешенді экспедицияның бағыттары айқындалып, жиналған материалдық емес мәдени мұра элементтері жанрлық ерекшеліктеріне қарай сұрыпталды. Сондай-ақ биыл жинақталған деректер негізінде ғылыми еңбек дайындау жоспарланып отыр, – деді өнертанушы, PhD Ардаби Мәулет.
Елде материалдық емес рухани мұралардың халі мәз емес. Бұл туралы депутат Жанарбек Әшімжан Мәжілісте мәселе көтеріп, биліктегілерге депутаттық сауал жолдаған-ды. Дөңгелек үстел барысында да депутат арнайы заң жобасы жедел әзірленуі керек екенін еске салды.
– Қазақ халқының материалдық емес рухани мұрасы үлкен екі саладан тұрады. Біріншісі – материалдық емес мәдени мұра, екіншісі – материалдық мәдени құндылықтар. Материалдық құндылықтар бойынша Үкіметтің арнайы қаулысымен тарихи-мәдени ескерткіштердің жұмысы жүйелі жүргізіліп келеді. Мұндағы маңдымай тұрғаны – материалдық емес рухани мұралар. Материалдық емес мәдени мұра дегеніміз – әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәлім-тәрбие, теміршілік-ұсталық, садақшылық, құдық шегендеуші, құсбегілік, аңшылық, ұлттық дағдылар, ән, күй, жыр, қисса, бата, жоқтау, сыңсу, жарапазан, жұмбақ, жаңылтпаш, ұлттық мейрамдар. Қысқасы, ресми түрде қағазға түскен 87 элемент. 2003 жылғы 17 қазанда Парижде жасалған «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау» туралы Конвенцияны Қазақстан 2011 жылы 1 маусымда ратификациялаған. Әлемде 150 ел халықаралық конвенцияны ратификациялап, материалдық емес мәдени мұраны қорғауға міндеттеме алған. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Париж конвенциясына мүше елдер материалдық емес мәдени мұраға қатысты арнайы заң қабылдаған. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, тіпті Ресейдің өзі материалдық емес көне мұраларын заңмен бекітіп, бүкіл өңірде жыл сайын экспедициялар ұйымдастырып, төл өнерді ұстанушылар туралы мәліметтерді жинап, сақтап, мемлекеттің байлығы ретінде қорғап отыр. Бізде заң түгіл сынық сүйем құжат жоқ. Материалдық емес рухани мұраны сақтаушыларды тізімге алу, сақтау, қорғау жұмысы мемлекеттік саясат ретінде ешқашан республика түгіл, өңірлерде жүргізілмеген, – деді Жанарбек Әшімжан.
Басқосуға мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиеттанушылар мен өнертанушылар, фольклортанушылар, сондай-ақ музей саласының мамандары қатысты.
– Тарихын танып, дәстүрін жалғап келе жатқан көнекөз қариялардың жыл өткен сайын қатары сиреп барады. Ал олардың бойына жинаған қазынасын, халқымыздың рухани мол мұрасын бүгін жазып, жинақтамасақ, ертең кеш болары анық. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмыстарды қолға алдық. Ғылыми экспедиция ұйымдастырдық. Жоба Ұлттық музейдің ұйытқы болуымен, Ардаби Мәулет сынды ғалымдардың бастамасымен іске асты. Ол бұған дейін Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Көкшетау өңірлерінде ғылыми экспедиция ұйымдастырып, рухани мұраларымызды түгендеп жазып алып, зерттеген болатын. Мұндағы басты мақсат – шетелдегі қазақтардың материалдық емес мұраларын зерттеу. Сол ыңғайда Өзбекстандағы ауыз әдебиеті, жыр, аңыз, күй, терме, жұмбақ, бата, салт-дәстүр сынды фольклорлық мұралар молынан жинақталды. Қазір урбанизация дәуірінде жоғалып бара жатқан материалдық емес құндылықтарымызды жинап, теріп алудың маңызы ерекше. Алдағы уақытта Ресей, Қытай, Моңғолиядағы қазақтардың рухани мұрасын түгендесек деген ойымыз бар, – деді «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы.
Айта кетейік, бұл жиналған мұралар әдебиеттану, өнертану, тарих, этнография, эстетика, педагогика тағы басқа ғылым салаларында қолдануға ұсынылады.