• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 04 Сәуір, 2024

Жылу энергетикасын реттейтін құжат

119 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысында сегіз құжат қаралды. Оның ішінде мемлекеттiк наградалар, жылу энергетикасы мен мемлекеттік сатып алу мәселесіне қатысты заң жобалары бар. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы», Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар талқыға салынып, сатып алу және заңнамалық актілерді нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуі тұрғысынан ревизиялау туралы құжат бірінші оқылымда қаралды.

Жылу энергетикасы саласын реттеу қажет

Мәжіліс «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы және оған ілеспе жылу энер­гетикасы мен электр энергети­ка­сы мәселелері бойынша заң акті­леріне түзетулер енгізу туралы және Әкім­шілік құқық бұзушылық кодексіне толық­тыру­лар мен өзгерістер енгізу туралы заң жо­ба­ларын бірінші оқылымда ма­құл­дады. Елімізде жылу энергетикасы сала­сын­дағы жеке заң алғаш рет әзірленіп отыр.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев заң жобасы жылу энергетикасы саласы саясатындағы құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлу, жылу бөлігі бойынша бақылау функцияларын қайта қарау және басқа да бағыттарды қамтитынын айтты.

– Саланы одан әрі дамытуға қажетті шараларды әзірлеу үшін бүкіл салаға мониторинг жүргізілмек. Бүгінгі таңда елдегі саланың жай-күйіне қатысты мониторинг туралы деректер жоқ. Бақылауды енгізу қазіргі жағдайды нақтырақ түсінуге және сектордың одан әрі дамуын сапалы болжауға мүмкіндік береді, – деді А.Сәтқалиев.

«Жылу энергетикасы туралы» заң жобасын таныстырған Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, құжат жылу энергетикасы саласын реттеу және оның сенімді әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін экономикалық және құқықтық негіздерді белгілеу мақсатында әзірленіп отыр. Заң жобасында жылу энергетикасы саласын заңнамалық тұрғыдан және мемлекеттік реттеу қағидаттары белгіленеді. Соның бірі – жоспарлы және бағдарламалық құжаттар негізінде жылу энергетикасының озық және орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ құжатта Үкіметтің, уәкілетті органның, мемлекеттік және жергілікті атқарушы және өкілді органдардың жылу энергетикасы саласындағы құзыреті, жылумен жабдықтау субъектілері мен жылу энергиясын тұтынушылардың құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Құжатқа сәйкес уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар жоспардан тыс тексеру, бақылау және тергеп-тексеру субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау нысандарында жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Бұл ретте уәкілетті орган ортақ пайдаланылатын орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелерінің жылу желілерін пайдаланатын жылу энерге­ти­касы субъектілері мен жылу электр орта­лықтарының жылу энергетикасы сала­сындағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға тиіс. Ал жергілікті атқару­шы органдар орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың жергілікті жүйелерінде қазандықтарды, жылу желілерін пайдаланатын жылу энергетикасы субъектілері мен жылу тұтыну қондырғыларын пайдаланатын тұтынушылардың нормативтік-құқықтық актілер талаптарын сақтауын бақылауға алуы қажет.

Сондай-ақ заң жобасында облыс­тар, қалалар мен аудандардың жылу энергетикасының жұмыс істеуі мен дамуы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары әзірлеген (өзектендірілген) жылу энергетикасын дамытудың ұзақмерзімді және ортамерзімді әмбебап жоспарларына негізделмек. Ал қысқамерзімді, ортамерзімді және ұзақмерзімді перспективада жылумен жабдықтау субъектілері мен жылумен жабдықтау жүйелерін тұтынушылардың мүдделерін теңестіру мақсатында жылу энергетикасы саласында бағаларды (тарифтерді) мемлекеттік реттеу енгізу көзделіп отыр. Бұл ретте бағаларды (тарифтерді) реттеудің бірқатар өлшемшарты белгіленіп, заңнама деңгейінде жылумен жабдықтау жүйесінің құрылымы да көрсетіледі.

«Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын нақтылауға, жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің деректерді жедел беруі үшін жылу энергетикасының цифрлық жүйесін енгізуге, тиісті аумақтық бірлікті жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын әзірлеуге бағытталған түзетулер енгізді. Құжат бойынша таныстырылым және Дөңгелек үстел өткізілді. Жұмыс тобына 250-ден астам түзету келіп түсті, олар жұмыс тобының он екі отырысында және мүдделі министрліктер, ведомстволар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, сарап­шы­лар қатысқан комитеттің кеңей­тіл­ген отырысында қаралды», деді Е.Жаңбыршин.

 

Мемлекеттік сатып алу рәсімдері оңайлауы мүмкін

«Мемлекеттік сатып алу туралы» заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Бұл туралы Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов айтты. Оның сөзінше, ұсынылып отырған құжат сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлатуға және одан әрі автоматтандыруға, бірыңғай сатып алу платформасын құруға бағытталып отыр. Соның ішінде «мемлекеттік сатып алуды қоғамдық мониторингтеу» ұғымын енгізу және нормаларын регламенттеу, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «тұрақты мемлекеттік сатып алу» инс­титутын енгізу қарастырылады. Бұдан басқа мемлекеттік сатып алуды баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен жүзеге асырған кезде әлеуетті өнім берушілердің рейтингін енгізу мен мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарын және әлеуетті өнім берушіге қойылатын білік­тілік талаптарын регламенттеу көзделген. Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдерін нақтылау, бір көзден мем­лекеттік сатып алуды жетілдіру, уәкі­летті органның құзыреттерін нақ­тылау да құжатта көрсетілген.

«Заң жобасы бойынша жұмыс тобына 295 түзету келіп түсті, олар жұмыс тобының он тоғыз отырысында, коми­тет­тің кеңейтілген отырысында мүд­делі министрліктер мен ведомстволар, қо­ғамдық бірлестіктер мен сарапшы ұйым­дар өкілдерінің қатысуымен қарал­ды. Мемлекеттік сатып алудың өзекті мәселелерін талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізілді», деді комитет төрағасы.

Сонымен бірге депутат «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы «Мемлекеттік сатып алу туралы» құжат­ты іске асыру үшін әзірленгенін жеткіз­ді. Ондағы мақсат Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекске «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнамасын бұзу, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуды жүзеге асыру тәртібін бұзуы мәселелері бойынша түзетулер енгізу болып отыр.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов мемле­кет­тік сатып алу жүйесін қайта қарау мәсе­лесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жат­қанын атап өтті. Ол мемлекеттік са­тып алу барлық әлеуметтік маңызды жоба­ны жүзеге асыруға тікелей әсер ететін­дік­тен Мемлекет басшысы бұл саланы түбе­гейлі реформалауды тапсырғанын еске салды.

– Бұл заң жергілікті жерлерде туын­дай­тын түйткілді мәселелердің шеші­лу­і­не оң ықпал етеді деп сенеміз. Көп жұ­мыс атқарылды. Енді заң жобасын тезі­рек пысықтап, екінші оқылымға шыға­ру керек. Өйткені оны халық күтіп отыр. Өңір­лердегі бизнес қоғамдастығы мен тұр­ғын­дар ұсынылған өзгерістер туралы өз пікір­лерін білдіруі маңызды. Сондық­тан бейінді комитет өңірлерге барып, көш­пелі отырыс өткізгені жөн, – деді палата спикері.

 

Үкіметке сенбей отыр

Күн тәртібіне сәйкес заң жобалары талқыланғаннан соң депутаттар сала басшылары мен Үкіметке сауалдарын жолдап, өзекті мәселелерді жіпке тізді. Жалпы отырыстағы депутаттық сауалдардың басым бөлігі өңірлердегі су тасқынына арналды. Мәселен, депутат Мақсат Толықбай Премьер-министрге сауалын жолдап, қарғын судың астында қалған халықтың жайын қозғады. Жылдағы әдетке айналып келе жатқан мәселе Үкіметтің көп уәдесінің бірі ғана екенін айта келіп: «Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз» деген көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ. Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты су басқан өңірлерге барып, мән-жайға тікелей қанықтық. Тұрғындармен кездесіп, нақты ахуалмен таныстық. Алдағы уақытта да осы өңірлерге тағы да барып, жағдайды бақылауда ұстайтын боламыз. Апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдармен ғана күресіп келеміз», деді депутат.

«Бұл ретте қарғын суға қарсы төтеп бере алмайтын атқамінерлерге цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдердің тәжірибесі түсіне кірмеген секілді. Себебі кейбір аудандарда дайын тұруға тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ. Су саласында білікті маман тапшылығын былай қойғанда, гидролог, гидротехниктердің кешенді жұмысы көзге көрінбейді. Ендігі жерде қолдағы барынан айырылған халыққа тиісті көмек көрсетіліп, салғырттықпен күресу керек», деді халықтың мұң-мұқтажын жеткізген депутат.

 

Тарифке тоқтам бола ма?

«Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары мен Аграрлық мәселелер комитетінің мүшелері бірауыздан «ветеринария саласының жағдайы өте мүшкіл» дейді. Бұдан бұрын жолданған сауалға да сала басшылығы жалпылама жауап берген. Қазір де ветеринария институты туралы, вакцина сапасы, ветеринарлардың мәртебесін көтеру, материалдық жағдайын жақсарту мәселелері өзекті проблема күйінде қалып отыр. Депутаттардың айтуынша, елдегі 6 300 ауылда кем дегенде бір ветеринарлық клиника және дәріхана болуы керек. Ал зертханалар әр ауданда болуға тиіс. Осындай инфрақұрылымдарды бюджеттің ақшасын күтпей, кәсіпкерлердің есебінен ашып, жұмыс істеуін неге заңды түрде жағдай жасалмай отырғаны түсініксіз.

Сондай-ақ депутат Елнұр Бейсенбаев ұялы байланыс қызметі тарифінің күннен-күнге қымбаттауының себебін сұрады. «Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жос­парлары 2023 жылы 57%-ға дейін өскен. Ал 2021-2022 жылдары тарифтердің өсуі орташа алғанда 13-тен 37%-ға дейін болған. Атап айтсақ, 2023 жылдың сәуірінде Билайн «Яркий» тарифтік жоспарын 1790 теңгеден 2490 теңгеге дейін (өсуі 39%); Кселл мен Теле2 тамыз айынан бастап әртүрлі тарифтік жоспарының өсетінін мәлімдеген. Атап айтқанда, «Реальный безлимит» (Кселл) 3390 теңгеден 4390 теңгеге (өсуі 29%), «Просто супер» (теле2) 2590 теңгеден 3290 теңгеге (өсуі 27 %) өсті. Ең қызығы, Актив, Кселл операторлары тарифке 1 мың теңге, ал арнайы әлеуметтік желілердегі интернетті лимитсіз қолдану үшін тағы 990 теңге үстінен қосып отыр. Сонда бар-жоғы 3390 теңгелік тариф 5380 теңгеге дейін, яғни 59 пайызға қымбаттады», деді депутат. Мұның себебін депутат «Байланыс туралы» заң операторлардың байланыс қызметінің тарифтерін өздері қоюға мүмкіндік беріп қойғанымен түсіндірді. Тіпті операторлар бұл жайында Бәсекелестікті қорғау агент­тігін хабардар етуге де міндетті емес. Сорақысы, агенттік бағаның өсуі кү­дік туғызғанда ғана оның негізділігін тек­­серіп, заңсыздық анықталған жағ­дай­­да, айыппұл сала алады. Алайда айып­­пұл мөлшері монополистік қызмет нәти­­же­сінде алынған кірістің небәрі бес пайы­зын ғана құрайды. Сондықтан депутат Үкімет ұялы байланыс қызметін көрсету және олардың тарифін белгілеу бойынша тұты­ну­шылардың құқығын барынша қорғау ба­ғытында жұмыс істеп, заңнама талап­тарын күшейтетін уақыт келгенін жеткізді.

Жалпы отырыста мәжілісмендер әлеуметтік-экономикалық мәселелер бо­йынша жауапты мемлекеттік органдарға 11 депутаттық сауал жолдады.