Батыс Қазақстан облысында су тасқынымен күрес дамылсыз жүргізіліп жатыр. «Қазгидромет» мекемесі облыстық филиалының басшысы Төлеген Шапанов Жайық өзеніндегі су деңгейі сәуірдің екінші жартысында қауіпті шекке жетеді деп мәлімдеді.
Қазір Батыс Қазақстан облысында су тасқынына байланысты жағдай күрделі. Облыста кіші өзендердің су деңгейі түскенімен, облыс орталығы арқылы өтетін үш өзен – Жайық, Шаған және Деркөлде су көтеріліп, тұрғындарға қауіп төндіріп тұр.
«Алдағы болжам бойынша Жайық өзенінің деңгейі сәуірдің екінші жартысында Ресейден келетін судың есебінен 850 см-ге жетеді деп отырмыз. Бұл – қауіпті деңгей. Орал қаласының маңында Жайық суы 650 см-ге жеткен кезде аңғарынан асып, айналасындағы сай-салаға жайылады. Бұл – саяжай аумақтарында тұратын халыққа қауіп төнеді деген сөз. Яғни Подстепной ауылына дейінгі №1, 2, 3 саяжай аумағы, Ет комбинаты шағын ауданындағы бау-бақша серіктестігі, жалпы өзен бойындағы саяжайдың бәріне қауіп бар», деді Т.Шапанов.
Орал қаласының маңындағы саяжай аумағында 5 мың үй-жай, 20 мың адам тұрақты тұрып жатқаны белгілі. Бүгінде су басуы мүмкін елді мекендер мен саяжай аумағынан 6 мыңнан аса адам эвакуацияланды. Олардың 3 мыңнан астамы – балалар. Эвакуациялық бекеттерде 1 мыңнан аса адам орналасқан, қалғаны туған-туыстарын паналаған.
Бүгінгі таңда су тасқынын жою және апаттан құтқару жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Төтеншеліктер автожолдардың 48 тұсын су шайып кеткенін, 23 жерде жол үстінен өткенін хабарлады. Ол жерлерге кезекшілік қойылған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, көлік қатынасы жоқ 10 елді мекенге азық-түлік қорын жеткізу ұйымдастырылған. Соңғы деректерге қарағанда, 3 мыңнан аса үй жануары қауіпсіз жерге айдалған. Ал әзірге су тасқыны салдарынан 139 ірі қара, 39 жылқы, 1 413 қой-ешкі – барлығы 1 591 мал, 112 үй құсы шығынға ұшырағаны хабарланды. Толық шығынды арнайы комиссия есептейді.
Қазір Орал қаласы маңында қауіпті жағдай қалыптасып отыр. Өткен тәулік ішінде 1 500-ден аса адам көшірілді. Мұның 700-ден астамы – бала. Сондай-ақ Ұзынкөл су қоймасындағы қауіпті жағдайға байланысты төменде орналасқан Ұзынкөл, Барбастау, Шаған, Кемер және Юбилейное ауылы тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.
Қазіргі уақытта жағдай тұрақты күрделі және бақылауда тұр. Өңірге осыған дейін Ақтөбе облысы аумағында болған маңғыстаулық құтқарушылар тобы келді. Олар оралдық әріптестерімен бірге Орал қаласындағы «Бірінші саяжай» және «Екінші саяжай» тұрғындарына су басу қаупі жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізіп жатыр.
Батыс Қазақстандағы қиын жағдайға еліміздің түкпір-түкпірінен алаңдаушылық білдіріп жатқан жандар көп. Сәуірдің 4-і күні «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы атынан 20 тонна гуманитарлық көмек Орал қаласына жетті.
«Орал қаласында үшінші эвакуациялық бекеті толуы жақын. Тағы 2 бекет бар, олар да толса, резервтегі 3 бекет дереу жасақталады», деп хабарлады Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Тасқын судан зардап шеккен халыққа медициналық, психологиялық көмек дер кезінде жасалып жатыр. ТЖМ апаттар медицинасы орталығы қызметкерлері және БҚО төтенше жағдайлар департаментінің психологі олимпиадалық резерв интернат-мектебіндегі эвакуациялық бекетте орналасқан тұрғындарға көмек көрсетті.
Өңірдегі құтқару жұмыстарына арнаулы қызмет өкілдерінен бөлек, «Жайық таза қала» ЖШС, №5517 әскери бөлім сарбаздары, «Таулы Қарабақ ұрыс қимылдары ардагерлері» қоғамы, «Зенит» зауыты қызметкерлері, т.б. көптеген мекеме-ұйым атсалысып жатыр.
Батыс Қазақстан облысы