Бүгін, 8 сәуірде еліміздің жастар ресурстық орталықтары мен ұйымдарының бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Ауқымды экологиялық науқан бес аптаға созылады және оның әр аптасы белгілі бір тақырыпқа арналады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Сәуірдің 13-іне дейін өтетін алғашқы апталықтың атауы - «Таза өлке».
Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартады.
20 сәуірге дейінгі апталық «Киелі мекен» деп аталады. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналады.
Сәуір айының 27-сіне дейін «Жасыл аймақ» тақырыбымен өтетін апталық ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеумен ерекшеленеді.
4 мамырға дейінгі кезең «Өнегелі ұрпақ» деп аталып, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналады.
«Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы, бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады.
Акцияға еліміздің барлық өңірлері қатысып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қайырымдылық және мәдени іс-шаралар өтеді.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті