Дүниежүзіндегі ауа райы заңдылығының өзгерісі мұздықтардың беймәлім мінез танытуына тікелей байланысты екенін мамандар талайдан бері айтып, дабыл қағып келеді. Ағын судың азаюына, тұщы судың тапшылығы мен мұхит суының температурасына, тіпті мемлекеттердің тұрақты дамуына да мұздықтардың тура және жанама әсері бар.
Экономиканың өркендеуі мен халықтың өсімі суға деген сұранысты жоғарылатып, соған сәйкес, су ресурсын қолданудағы бәсекені арттырып келеді. Аспанмен таласып, кербез кейпі көз арбайтын Орталық Азия мұздықтарының басындағы бүгінгі мұң – жер бетінің экожүйесіне қатер төндіріп тұрған әлемдік криосфера мәселесінің бір бөлшегі ғана.
Орталық Азия тауларындағы мұздықтар 3 мың метрден асатын биіктікте орналасқан. Олардың көлемі әртүрлі, кейбірінің ауданы бірнеше шақырым аумақты қамтиды. Қырғызстан мен Тәжікстан жерінің жартысына жуығы Тянь-Шань мен Памир тауларының ең биігіне тиесілі. Тянь-Шань тауларындағы криосфера Сырдария өзенінің бастауларын, ал Памир таулары Әмудария өзенінің бастауларын еріген қар суымен қамтамасыз етеді. Ақбас мұз шыңдарының көзге көрінетін беткі қабаты бар.Тау жоталарында сіресіп жатқан қардан басқа, криосфераның тас көшкіні, мұздың қозғалысынан пайда болған тау жыныстары сынықтарының үйіндісі, мәңгі тоң сияқты жерасты мұз қабаты тағы бар. Климаттың өзгеруін талдайтын Үкіметаралық сарапшылар тобының арнайы дайындаған баяндамасында мұздықтардағы қардың, мәңгілік тоңның еріп, азайып келе жатқаны талай рет айтылып, дабыл қағылған. Соңғы 50 жылда Орталық Азиядағы мұздықтар 20-30%-ға азайған.
Мұздықтар мәселесінің Орталық Азияда орналасқан бес мемлекетке тікелей қатысы бар. Бұл аймақтағы мемлекеттер үшін мұздықтар ағын судың өмірлік маңызы бар табиғаттағы ұзақмерзімді қоры болып саналады. Мұндағы өзен-көл жүйесі қардың еріген суы мен биіктегі мұздықтармен біте қайнасқан. Тау етегінде жатқан климаты ыстық әрі құрғақ Қазақстан, Түрікменстан, Өзбекстан сияқты елдер ағысының басы мемлекеттік шекарадан тысқары жерде жатқан су көздеріне тәуелді. Орталық Азия криосферасындағы ахуал қалай реттеліп отыр, климаттағы өзгерістен қандай қауіп туындайды, метерологиялық мәселелер қаншалықты тереңдеді? Міне, осы сауалдар Алматыда бес мемлекеттің мамандары бас қосқан Орталық Азиядағы криосфера өзгерістеріне арналған халықаралық семинарда кеңінен талқыланды.
ЮНЕСКО мұздықтар мәселесінің аса маңызды екенін ескере отырып, Қазақстан Үкіметінің келісімімен мұздықтарды зерттеу орталығын ашуды құп көргені белгілі. Мұздықтарды зерттейтін әлемдегі жалғыз орталық ретінде төрт жылдан бері жұмыс істеп келеді. ЮНЕСКО аясында құрылған осы орталықтың ұйытқы болуымен БҰҰ-ның Даму бағдарламасы арқылы Ғаламдық экологиялық қор қаржыландыратын «Климаттың өзгерісіне тұрақты дамудың және бейімделудің кешенді әдістерін әзірлеу үшін нивал-гляциал жүйелерін бағалаудағы өңірлік ынтымақтастық арқылы Орталық Азия елдерінің тұрақтылығын күшейту» жаңа өңірлік жобасы Орталық Азиядағы ең маңызды экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған. Негізгі идеясы өткен жылы Парижде бекітілген бұл төрт жылдық жоба криосфераны зерттеу, адами әлеуетті арттыру, бір мүддені мақсат етіп ұстанған елдердің ынтымақтастық байланысын дамытуды көздейді. Табиғи апаттар түрінде ауыр салдарды тудыруға қабілетті ауа райы өзгерістеріне және экологиялық проблемаларға байланысты ең маңызды мәселелер қаралған Алматы семинарында криосфера жағдайы әр мемлекеттің мысалында алуан қырынан сараланды.
«Бұл жобаның маңызы зор. Себебі Орталық Азияда өзендерге жиналатын сулар криосфера, яғни тау мұздықтарынан келеді. Сондықтан қордағы су көлемін бағалау керек. Экономикалық тұрғыдан да қолжетімді су мөлшерін біліп, нақты қадамдар жасау маңызды», дейді гляциолог, Орталық Азиядағы криосфера жобасының үйлестірушісі Мартна Барандун.
ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, дүниежүзілік мұрагерлік тізіміне енгізілген ормандардың 50%-дан астамы, сондай-ақ көгілдір көміртектің ең маңызды қоймасы саналатын теңіз нысандарының үштен екі бөлігі тоқырау қаупінен қатерге ұшырау алдында тұр. Жер қабатының құрғап кетуі, орман өрттері, топан су мен дауылдар – осы құбылыстың бәрі климат өзгерісінің салдары болып саналады. Орталық Азия мемлекеттері арасында қолға алынған бұл жоба өңірді сумен жабдықтауды және тұрақтылықты қолдауға арналған қарлы, мұздықты және мәңгі тоңды жүйелердің маңыздылығын назарға алады. Орталық Азияның ауыл шаруашылығы саласы және энергетикасы сумен жабдықтау жүйелеріне тәуелді, ендеше оны сақтау аса қажет. Жоба Орталық Азия елдері арасындағы өңірлік ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған. Себебі ауа райының өзгерістері, олардың су ресурстарына әсері криосфера туралы деректерді және әзірленген іс-әрекет жоспарын пайдалану мен өңір елдерінің тұрақтылығын сақтау үшін бірігіп күш жұмсауды талап ететін трансшекаралық мәселелерге келіп тірелетінін барлығы да тегіс мойындайды.
ЮНЕСКО жанындағы «Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының» директоры Такир Балықбаев: «Орталық Азиядағы судың 80%-ын қар мен мұздықтардың суы құрайды. Оның ішінде 30%-ы мұздықтарға тиесілі. Демек, жалпы ағын судың төрттен бір бөлігін мұздықтар беріп жатыр. Осы себепті мұздықтарды зерттеу – өте маңызды мәселе. Өкінішке қарай, соңғы 150 жылдың ішінде мұздықтардың көлемі де, олардың ауданы да азайып бара жатыр. Кейінгі 50 жылда мұздықтардың ауданы жыл сайын 0,73%-ға, ал көлемі 1%-ға дейін азайып отырады. «Осы қарқынмен ери беретін болса, болашақта мұздықтар таусылып қалмай ма?» деген жалғыз сұрақ қазір әлемді алаңдатып отыр. Бұл әбден мүмкін. Осы ғасырдың аяғына дейін мұздықтар, әрине, болады. Бірақ көлемін жоғалта береді. Егер ол жоғалатын болса, қазіргі өзен-көлдер алып отырған 30% судың орнын не толтырады? Міне, бұл – мәселе. Сондықтан климаттың өзгеруіне диагностикалық талдау жасау аса маңызды. Осы талдаудың негізінде әр ел алдағы уақытта криосфераға байланысты туындайтын мәселені шешу жолдарын, «не істеу керек?» деген мәселедегі іс-қимыл жоспарын, бастысы, өңірлік жоспарды жасап, бекіту керек», деді.
Семинарға Қазақстанның, Қырғыз Республикасының, Тәжікстанның, Түрікменстанның, Өзбекстанның өкілдері, криосфера зерттеулері жөніндегі халықаралық сарапшы мамандар, деректерді басқару жөніндегі мамандар мен саясаткерлер, сондай-ақ гидрометорталығының қызметкерлері қатысты. Екі күнге созылған семинарда криосфераның жай-күйін бағалау, мониторинг жасау, су ресурстарын тұрақты басқарудың кешенді әдістерін әзірлеу және өзгеріп жатқан климаттың салдарын жеңу үшін бейімді стратегиялар қалыптастыруды сөз етті. Халықаралық семинар криосфера мониторингі және деректерді басқаруда тиімді өңірлік ынтымақтастық үшін негіз жасауды алға тартты. Бұл сенімді ұлттық іс-қимыл жоспарын даярлауға, криосферадағы алдағы өзгерістердің ақпараттық жоспарлануын жүргізуге мүмкіндік береді.
«Суға байланысты туындап отырған мәселе шашетектен. Ерте көктемдегі жауын-шашынның соңын ала бере қар ериді. Ол еріп біткен соң мұздықтардың еруі басталады. Бұлай ери беретін болса, жаз ортасына жетпей, мұздықтың суы сарқылып бітуі мүмкін. Ал су азайса, тапшылық, құрғақшылық басталатыны белгілі. Өңірлік іс-жоспар «суды соңғы тамшысына дейін қалдырмай сарқып алмас үшін не істеу керек?» деген сұрақтың төңірегіне құрылуы керек». Сөз алған спикерлердің пікірі, негізінен, осы ортақ ойдың төңірегінде түйінделіп жатты.
Еліміздің аумағындағы биылғы тасқын су әкелген қасірет тарихта сирек болатын төтенше жағдай ретінде есте қалады. Тыныш жатқан аймақтардың топан судың астында қалғанын семинар қатысушылары бірауыздан: «күн күрт жылынғанда болмай қоймайтын табиғаттағы өзгеріс» деп атады. Сонымен бірге көктемгі арнасынан асып-тасыған сумен алысатын ауыл халқы жаз шыға қуаңшылықтың зардабын тартады. Былтырғы жазғы қуаңшылықта Жамбыл облысының Талас және Шу өзендерінде су азайып, ол аймақтың ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізді. Мұның ең үлкен себебі – еліміздегі өзендер мен көлдердің негізгі бастау-бұлағының басқа елдерде жатқанында. Су көздерінің трансшекаралық аймақтардағы тағдырын бір ел ғана шешіп, жауапты болуының салдары көрші мемлекеттер үшін ауыр болуы мүмкін. Бір шекарадан бір шекараға өтетін су мәселесінің шешімін таба алмай келе жатуы – үлкен проблеманың арқауы. Семинарда су қожайындарының қолындағы құзырлы билікті мемлекетаралық келісіммен тиімді пайдалану жолдары төрт жылға жоспарланған ауқымды жоба аясында алдағы уақытта қарастырылатыны айтылды.
АЛМАТЫ