Жылдар бойғы жұмыстар нәтижесінде Арал табанынан құм мен тұз суырылған кешегі кездер де ұмыт болуға айналды. Бүгінде кепкен теңіз ұлтанында миллиондаған сексеуіл көшеті бой көтеріп келеді. Осынау тындырымды тірлік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға ресми сапары барысында сөз болып, көрші елмен бірге өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бірлескен іс-шараларды қолға алу, оның ішінде Арал теңізінің түбіне ағаш отырғызу қажеттігі ерекше аталды.
2021 жылы Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған еді. Сол жылдан бастап 2023 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған түбіндегі 544,5 мың аумақта орман мелиорациялық жұмыстар орындалды. Мұның ішінде 2083,4 тонна сексеуіл (галофит) тұқымы және 25,8 млн сексеуіл тұқымы егілді.
Бұл жұмыстарды Қызылорда облысының әкімдігімен қатар Экология және табиғи ресурстар министрлігі бақылауына алып, біраз шаруа атқарылып жатыр. Атап айтқанда, 2021 жылы 101,1 мың га жерге ағаш отырғызылса, соның 37,1 мың гектарын облыс әкімдігі, 64 мың гектарын министрлік атқарды. Осылайша, 2022 жылы бөлінген қаражат аясында 250 мың га жерге (облыс әкімдігі – 95,5 мың га, министрлік – 154,5 мың га), 2023 жылы 193,4 мың га жерге (облыс әкімдігі – 100 мың га, министрлік – 93,4 мың га) ағаш отырғызылды. Ал биыл 275 мың га алқапқа көшет егу жұмыстары жоспарланған. Мұның 100 мың гектарындағы жұмыс облыс әкімдігіне, 175 мың гектары министрлікке тиесілі. Бұл ретте көктемгі жұмыстарға 65 мың га, күзгі орман отырғызуға 210 мың га қарастырылған. Қазіргі уақытта жоспарланған көлемнің 30 мың гектары іске асты. Бұл жұмыстар 10 сәуірге дейін толығымен аяқталады.
Өткен аптада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Арал, Қазалы аудандарына сапарлап, орманшылар жұмыстарымен танысты. Олар әуелі теңіз ұлтанындағы жұмысты әуеден бақылап, содан кейін сексеуіл көшеттерін отырғызды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов фитоорманмелиорациялық жұмыс барысын айтып өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен теңіз табанындағы 1,1 млн гектарға сексеуіл егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Республикалық және облыстық бюджет есебінен 2021 жылы – 101 мың гектар, одан кейінгі жылы – 250 мың гектар, былтыр 193,2 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыс жүргізілген. Алда 556,2 мың гектарға сексеуіл егу жоспарланып отыр. Бүгінге дейін құрғаған ұлтанға 15,3 млн көшет отырғызылған.
Осы бағытта жұмысты жүйелеген орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен 1,8 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Теңіз табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу және жобалауға облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге қаралған. Күзде 50 мың гектар жерге сексеуіл тұқымын себу үшін 180 тонна тұқым жиналады.
Жалпы, Аралдың экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға инвестор тарту да нәтижесіз емес. Белгілі кәсіпкер, меценат Тимур Турлов бұл бағыттағы жұмысқа 2 млн доллар бөлу туралы шешім қабылдады. Ал осы сапар барысындағы келісімге сәйкес «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы да 500 млн теңге бөлетін болды.
Алдағы аптада 20 мемлекеттің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері Арал ауданына келмек. Олар аймақтың экологиялық мәселелерімен жіті танысып, оны жақсартуға инвестиция тарту бағытында жұмыс жасайды. Жалпы, құрғаған ұлтанға сексеуіл егу тәжірибесі білікті мамандар тарапынан қолдау тауып отыр. Шөл даланың шынарындай сексеуіл табиғаттың тепе-теңдігін сақтап, құм мен тұздың көшуін тежейді.
Сапар барысында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шарбиев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Қазалы қаласындағы тұрақты орман тұқымбағының құрылысымен де танысты.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырысымен «Еңбек» ЖШС салып жатқан құрылыс құны – 518,6 млн теңге. Тұқымбақтағы 33 гектарға Аралдың ұлтанына егілетін көшеттер дайындалады.
Сапар барысында Экология және табиғи ресурстар министрінің бірінші орынбасарына орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын өсіру, өртті ерте анықтайтын құрылғы қажеттігі айтылды.
Облыс аумағында 7 млн гектар мемлекеттік орман қоры бар, оның 3,8 млн гектары – орманды алқап. Қызылорда орман шаруашылығы мекемесіне қарасты жер көлемі 838 022 гектар болса, оның 707 613 гектары – орманды жер. Мекеме өрттің алдын алу, жою бағытындағы іс-шараларды ұйымдастырып, мемлекеттік орман қоры аумағындағы жұмысшылардың, онда орналасқан ұйымдардың, жеке тұлғалардың өрт қауіпсіздігі, санитарлық ережелерді сақтауын қамтамасыз етеді.
Қызылорда