Жұрт көрмегенді көңілмен оқитын суретшілер қауымы ел рухының шежіресін кескіндеп келеді. Қарт тарихтың түбінен сыр қозғаған сара таланттар әр құнды сәтті болашақ сарайына тасушы көпір іспетті.
Астанада Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Мерейтойлық көрмеде музей қорында 10 жыл бойы жинақталған бейнелеу өнерінің жауһарлары ұсынылған. Олардың қатарында Әбілхан Қастеев, Әубәкір Ысмайылов, Орал Таңсықбаев, Салихитдин Айтбаев, Үкі Әжиев, Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмайылова, Камиль Муллашев, Амандос Ақанаев, Ерболат Төлепбай, Алпысбай Қазығұлов, Ағымсалы Дүзелханов сынды белгілі қылқалам шеберлерінің туындылары бар. Көрмеге келген қонақтар барлығы 50 автордың 250 туындысымен танысуға мүмкіндік алды. Шарада аңызға айналған туындылармен қатар талантты жас авторлардың заманауи дүниелері ұсынылған. Сонымен қатар дәстүрлі қолөнер, зергерлік және тоқымашылық өнер бұйымдары, музыкалық аспаптар көрерменге көрсетілді.
– Бүгінгі көрме – Ұлттық музейдің 10 жылдық мерейтойы аясында тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен ұйымдастырылып отырған алғашқы кураторлық жоба. Мақсатымыз – келушілерді қазақ кескіндемесінің тарихы мен оның даму жолымен таныстырып қана қоймай, әлемдік өнердегі өзіндік орнын көрсету. Қазақ бейнелеу өнерінің тарихы терең, музейде бір ғасырдан астам уақыт сақталып тұрған суреттеріміз де бар. Сондай-ақ 2022-2023 жылдары бұл қорды жас суретшілердің жұмыстарымен толықтырдық. Биыл он жылдыққа байланысты жыл соңына дейін әртүрлі көрме ұйымдастыру жоспарда бар, оның ішіне отандық көрмелермен қатар халықаралық көрмелер де кіреді. Бүгінде Ұлттық музейде 20-ға тарта коллекция, 200 мыңнан астам жәдігер сақтаулы. Олардың барлығын, әрине, экспозицияға көрсету мүмкін емес. Осындай көрмелер арқылы болашақта қала тұрғындары мен қонақтар назарына ұсынып отыратын боламыз, – дейді Ұлттық музей директорының міндетін атқарушы Айбек Сыдықов.
Іс-шара барысы «Қазақ кескіндемесіндегі тарихи сюжеттер», «Табиғат бейнелері – алуан түрлі пейзаждық мотивтер», «Қазақстан өнеріндегі суретші әйелдер», «Қазіргі заманғы өнер – жаңа есімдер» сияқты тақырыптық аймақтарға бөлінген. Көрме кураторы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының өнер теориясы мен тарихының оқытушысы, еліміздің сурет өнері туралы бірнеше кітаптың авторы Ольга Батурина көрермендерге туындылар тарихы жөнінде құнды мағұлматтармен бөлісті.
– Суретшілер неғұрлым талантты болған сайын дүниенің жарқын көрінісін соғұрлым терең көре бастайды. Мәселен, мына суреттегі Абрам Черкасский – алдымен Қазақстанға жер аударылып, бүкіл өмірі елімізбен тікелей байланысқан суретші. Ол Алматыға келгенде қалада алғашқы суретшілер училищесі ашылады. Черкасский сонда оқытушы болып, бүгінгі біз танитын көптеген корифейлерді ұясынан қанат қақтырды. Солардың ішінде Сабыр Мәмбеев сынды әйгілі суретші бар. Білгенге, Қазақстан тек дала мен таулардан тұрмайды. Міне, Михаил Шаталовтың мына бір суретінде аспанмен астасқан теңіздің, құстар мен зәулім кеңістіктің бейнесі келісті көрініс тапқан, – деді куратор.
Көрмеге қойылған сурттерде елдік рухты көтеретін ұлттық нақыштар, салқар дала, сабылған көш, шұрқыраған жылқылар бейнесі жиі көрініс тапқан. Ұлы даланың кербездігі мен кеңдігі бейнеленген туындылар арқылы ұлт өмірінің көркем шежіресіне қиял қанатымен еркін сапарлауға болады.