• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 08 Сәуір, 2024

Алғашқы ақын әйел

165 рет
көрсетілді

Оның заманы біздің дәуірден жиырма үш ғасыр ілгері. Шумер мен Аккад жұртшылығы оны төбесіне тұтты. Жырларын жаттап, өнегесін орындады. Бұл қасиетті әйелді ғалымдар ең алғашқы ақын деп тұжырымдайды. Ол кім болған? Өлеңдері не туралы? Бүгінгі әңгімеміз қадым заманның қалам иесі – Энхедуанна хақында болмақ.

Аккад билеушісі Саргон – месопотам­дық қала-мемлекеттерді бағындырып та­рих­­та­ғы алғашқы империя құрған тұл­ға­лар­дың бірі. Оның қызы Энхедуанна құдай-ана ғибадатханасының жоғарғы қыз­меткері болды. Энхедуаннаның жырлары әкесінің дәл билік құрып тұрған кезінде тасқа басылды. Онда мінәжат жырлары мен ғибадатхана гимндері қашалып жазылған көрінеді. Бір қызығы, археологтер шығарманың соңында авторлық қолтаңба қою дәстүрін де осы Энхедуанна бастаған деп топшылайды.Дәл осы дәуірде құдайлар мен қасиет иелерінің суреттері кеңінен бейнелене бастаған. Әлбетте Энхедуаннаның да дидары  тасқа түспеуі мүмкін емес. Алебастрлық дискіге қашалған алғашқы ақын әйелдің бейнесін ғалымдар жәдігерлердің ең ғажап үлгісіне балайды.

Сонымен Энхедуаннаның шығарма­шылығына тоқталайық. Оның өлеңінде ақсүйектерге тән тәкаппарлық та әйелге тән нәзіктік те жоқ емес. Ақынның төмендегі еркін түрде аударылған бір өлеңіне назар аударып көрейікші.

«Зүбәржаттың жарқын сәулесіне назарын бұрған,

Кез келген дүниелік қам қарекеттерде кеңесін берген,

Аспанның асты, жерүстіне даңқы жайылған,

Даналық дарыған хас бегім Нисабеге мадақ!»,

дейді Энхедуанна ғылым мен өлең пірі Нисабені ұлықтап. Ол жай ғана көңіл көрі­ністерін бейнелейтін жырлар ғана емес, заманының саяси келбетін де суреттейтін шығармаларды да жазып қалдырған. Оның «Нин-ме-сара» гимні ақын өлімінен кейін бес жүз жыл бойы қасиетті мәтін есебінде оқылып келген. Мамандардың айтуынша, гимннің өте көп көшірілген нұсқасы оның халық арасында өте танымал болғанын білдіреді. Энхедуанна жырды көршілес Ур патшасының шабуылдап, қудалауы кезінде жазған. Елінің азаттығын қайтаруға жанын салған ақын әйел өзінің поэзиясын қарсы тарапқа қару есебінде қолданды. Ақыр аяғында әкесі Саргон­ның немересі Нарам-суэн аккадтықтарды жеңіске жеткізеді. Аталып отырған «Нин-ме-сара» гимнінің оқиға желісі мемлекеттің ұзақ күрестен кейін қайта қалпына келуімен аяқталады.

Кейбір ғалымдар Энхедуаннаны шумер әдебиетінің Шекспирі деп атайды. Ұлық Инаннаның құрметіне жазылған гим­нінде оның құдай-ана арасындағы кө­ңіл толқыныстары ашық көрінеді. «Мен сен­дікпін. Солай болып қала да береді» деп жиі қай­таланатын тармақтар расында ақын жа­нының сезімталдығын көрсетіп тұрғандай:

«Қайғы, қасірет...

Қайыр, қош...

Уа, менің патшайымым!

Мен сендікпін!

Солай болып қала да береді.

Маған бейілің бұрылып, жүрегің жұмсарсыншы!

Бұл жырым сенің жолыңа шалған құрбандығым болсыншы!

Сенің құдіретің жер-жаһанды нұрландырып тұр!

Менің жаным сенің ұлық жазаңды қабылдады...

Қайғы...Ұйқысыздық... Қасірет...»

Кезінде Есенғали Раушановтың «Әйел­ден ақын шықпайды, биші не күйші бол­маса» деген шумағы біраз ақын қыз­дар­­ды дүдәмал ойға қалдырған еді. Әрине, ақын­ның бұл шорт кесімінің мән-мазмұны өзі­не ғана мағұлым. Алайда тарихтың жар­қын тұ­лғасы Энхедуаннамен танысқаннан ке­йін, ақыннан әйел шықпақ түгіл, алғашқы ақынның өзі әйел болған ба деп ойланып қалуыңыз әбден мүмкін.