Режиссер Ринат Балғабаевтың «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен түсірілген «Горгона» деректі фильмінің көрсетілімі миллион қаралым жинаған. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Туынды бүгінгі қоғамның өзекті тақырыбына айналған сексуалдық зорлық-зомбылық мәселесін қаузап қана қоймай, тағдыры ұқсас кейіпкерлердің бойындағы өзіне деген сенімділікті арттыруға үндейді.
Алдыңғы айда ғана шыққан деректі фильм әлеуметтік желілерде қоғамдық резонанс тудырған. Жарияланған күннен бері миллион рет қаралып, түрлі сарындағы пікірлер тоқтаусыз келіп жатыр. Себебі фильмдегі кейіпкерлер – өз басынан өткізген қиын тағдырын көпшілікке жеткізуге батылы жеткендер. Түсірілімге кейіпкерлермен қатар Қазақстанда гендерлік және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласында жұмыс істейтін сарапшылар да қатысып, мәселенің түп-төркінін түсіндіруге тырысады. Басты мақсат – зорлық-зомбылықты бастан кешірген кейіпкерлердің шынайы оқиғасын көрсетіп, көрерменге ой салу. Ал фильмнің атауына әлеуметтік желілердегі танымал тренд негіз болған екен. Осыдан екі жыл бұрын әлем бойынша мыңдаған қыз зорлық-зомбылық көргенін көрсету үшін Горгон Медузасының суретін жариялады.
Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының кеңсе басшысының міндетін атқарушы Дина Әмрішеваның айтуынша, өз оқиғаларын бөліскен кейіпкерлер – зорлық-зомбылық көргендерді үнсіз қалмауға және қоғамды гендерлік зорлық-зомбылықты жою үшін бірігуге шабыттандыратын батыл әйелдер. Бұл фильм әйелдер құқығы үшін күресте және зорлық-зомбылықтың барлық түрін жоюда маңызды ақпараттық-насихаттық туынды болмақ. Сондай-ақ ол: «Зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Фильмге түскен әрбір кейіпкер біздің қоғамдағы барша әйелге батылдық сыйлай алды. Зорлық-зомбылықтың түп-төркіні отбасындағы тәрбие мен жауапкершілікте. Біздің қоғам назарына ұсынып отырған фильмге қатысты ой-пікірін білдіріп жатқандардың көбі әдеттегідей қыз-келіншектер. Олардың үлесі 70 пайыз болса, қалған 30-ы ер адам. Осының өзі біздің кейіпкерлеріміз басынан өткерген қиын жағдайды және өмірлік оқиғаны жүрекке жақын қабылдап, түсінуге тырысатын, батылдық танытуға шақыратын еркектердің де бар екенін көрсетіп отыр», дейді.
Фильм режиссері әрі продюсері Ринат Балғабаевтың сөзінше, қоғамда зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандар статистикада келтірілген саннан әлдеқайда көп. Себебі қоғамның зорлық құрбанына деген көзқарасы сөгу мен айыптаудан тұрады. Одан қалса елдегі заң нормалары әлсіз. Көптеген қылмыстық іс сотқа жетпейді, ал жеткендер құқық қорғау жүйесінде жиі қиындықтарға тап болады, соның ішінде тергеудің жеткіліксіздігі және біржақты көзқарас қалыптасып қалған. Сондықтан жәбір көргендер бастан өткізген ауыр азапты аузынан шығармай, жылдар бойы жасырып қалуға тырысады. Мәселен, фильмді түсіру барысында продюсер жүзге жуық оқиғаны қарап шығып, түсірілімге он екі кейіпкерді шақыртқан. Алайда соңғы сәтте көбі қоғамның көзқарасынан қорқып, шешімдерін өзгерткен. «Сексуалдық зорлық-зомбылықтан аман қалғандарды қолдау эмпатия мен адамгершілік мәселесі ғана емес, қоғамдық сананың жетілуін, әділеттілік пен теңдік жағында тұруға дайындығын көрсетеді», дейді фильм авторы.
БҰҰ-ның дерегінше, Қазақстанда жыл сайын әрбір алтыншы әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Мұның себебі көп. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен фильмді түсірушілер мен қолдау көрсеткендерге қоғамның санасына сілкініс жасап, зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті арттыру бағытындағы жұмысы үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, статистиканың артуына қоғамның көзқарасы, заң нормаларының орындалмауы, құқық қорғау органдарының әділетсіздігі де себепші болып отыр. Сол себепті он екіде бір гүлі ашылмаған бүлдіршіндер зорлық-зомбылыққа түсіп, қыздарымыздың қанаты ерте қайырылып, тағдыры талқандалып жатыр. Ал қоғамдағы бұл келеңсіздікті тоқтату үшін күшімізді бір арнаға тоғыстырып, жұмыла жұмыс істеу керек екенін айтқан ол: «Отбасындағы зорлық-зомбылық комиссияның күн тәртібінде тұрған мәселеге айналды. Қазір Парламентте қаралып жатқан әйел құқығы мен бала қауіпсіздігі туралы заң жобасы көп кідіртуге болмайтын, енді шегеруге келмейтін құжат болуға тиіс. Себебі заң жобасы кейінгі жылдары қоғам қарсылығы мен талқылауынан да өтті. Төрт жыл бұрын бұл заңды қабылдауға бастамашы болғандардың бірі өзім едім. Құжатта бірнеше заң нормасын қатаңдатуға байланысты ұсыныстар бар. Мәселен, ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл-желпі зиян келтіргені үшін жауапкершілікті қылмыстандыру, педофилдерді өмір бойына бас бостандығынан айыру, өз-өзіне қол жұмсауға көндіру немесе жәрдемдесуді насихаттағандарға қылмыстық жауапкершілікті енгізу секілді бірқатар батыл норма енгізіліп отыр. Бірақ заңды қатайту мәселені толық шешпейді. Сондықтан отбасын қолдау кешенді түрде жүру керек. Бұл бойынша да ұлттық комиссия бірқатар бағдарлама енгізіп, жұмыс істеліп жатыр», дейді.
Ұлттық комиссия өкілі сөзін: «Адамдық қасиеттің азайған жерінде зорлық-зомбылықтың шекарасы болмайды. Сондықтан қылмысқа қарсы күрес қоғамдық жұмысқа айналуға тиіс. Сонда ғана қазақ қызының көз жасы нақақтан нақақ төгілмейді», деген пікірмен қорытты.