Ғылыми-техникалық жаңалықтарды өндіріспен байланыстыру, технологиялық үдерісті жасау – кез келген экономиканың даму келешегін анықтайтын маңызды факторлардың бірі. Мемлекеттің дамуы мен өркендеуі инновациялық өзгерістерді экономикамен ұштастыра білуден басталатындығы да ақиқат. Аталған бағытта Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (WIPO – World Intellectual Property Organization) жыл сайын әлем елдерінің инновациялық даму индексін жариялайды.
Зерттеу әлемнің 132 мемлекетінің инновациялық экожүйесінің көрсеткіштерін және жаһанның үздік деген 100 ғылыми-техникалық кластер орталықтарын талдайды. Мақалада WIPO жариялаған 2023 жылғы жаһандық инновация индексін ұсынамыз.
Зерттеуде жаһандық инновациялық орта жаңа мүмкіндіктер мен маңызды міндеттерге толы екендігі көрсетілген. Біріншіден, кейінгі үш жылда экономикадағы сәтсіздіктер инновация саласындағы іскерлік циклді тұрақсыздандырды. Оған әсер еткен факторлардың қатарына әлемдік саудадағы логистикалық өзгерістер, жоғары инфляция және қарулы қақтығыстарды жатқызуға болады. Аталған факторлардың барлығы экономиканы қалпына келтіруге және инновацияны дамытуға кедергілер келтірді. Екінші жағынан инновациялар ішінара жаңа цифрлық дәуірге бейімделіп, ғылыми инновациялық даму толқыны тоқтаусыз жалғасып жатыр. Жасанды интеллект, кванттық есептеулер, геномдарды секвенирлеу, «жасыл» технологиялар және роботтехника сияқты әртүрлі саладағы әзірлемелер тың, жаңашыл динамиканы көрсетіп отыр.
Есепте берілген талдауға сүйенсек осы жылдың негізгі қорытындылары төмендегідей:
1) Ғылым мен инновацияға салынған инвестиция 2022 жылы жаһандық сын-қатердің артуы мен инновациялық қаржыландырудың құлдырауы жағдайында аралас көрсеткіш көрсеткен. Ғылыми басылымдардың саны баяу қарқынмен болса да көбейіп келеді. Жекелеген мемлекеттердің ғылымға салған инвестициясы төмендегенімен, әлемдегі жетекші корпоративтік компаниялардың аталған салаға құйған қаржысы айтарлықтай өсті. Бірақ бұл инфляцияның өсуін өтей ала ма, жоқ па белгісіз. Халықаралық патенттік өтінімдер азайып, венчурлық капиталға салынған инвестиция 2021 жылғы өте жоғары деңгейден кейін 2022 жылы күрт төмендеген. Бұл әлемде тәуекелдерді қаржыландыру климатының нашарлағанын көрсетеді.
2) Ақпараттық технологиялар, денсаулық сақтау, ұтқырлық және энергетика саласындағы қарқынды технологиялық прогресс жаһандық дамудың жаңа мүмкіндіктерін арттырып жатыр. Болашақта есептеу қуаты күшейіп, жаңартылатын энергия көздерін ретке келтіру шығындары төмендей береді.
3) Технологияларды енгізудің өсуі біртіндеп қауіпсіз санитария мен интернетке қосылуға қолжетімділікті кеңейтеді. Электрмобильдерді пайдалану қарқынды дамып келеді және автоматтандыруды арттыруға деген ұмтылыс өндірістегі роботтарды көбейтуге ықпал етіп отыр.
4) Инновацияның әлеуметтік-экономикалық әсері төмен деңгейде қалып отыр. COVID-19 дағдарысы қазіргі уақытта тоқтап тұрған еңбек өнімділігінің құбылмалығын тудырды және өмір сүру ұзақтығы екінші жыл қатарынан төмендеген. Көмірқышқыл газының қалдықтары 2022 жылы да өсті, дегенмен 2021 жылғы пандемиядан кейінгі өсімге қарағанда қарқыны аз.
Зерттеудегі маңызды көрсеткіштердің бірі – әлемдегі ғылыми-техникалық кластерлердің рейтингі. Мамандар талдауының қорытындысында Қытай кластерлері 2023 жылы ғылыми-техникалық өндірістің ең ірі өсу динамикасын көрсетті. Бұл елде орташа өсім +12,1% құрады. Қытайдан басқа орташа табысы бар елдерде орналасқан кластерлерде S&T өндірісінің айтарлықтай өсімі байқалды. Олардың төртеуі Үндістанда орналасқан. Атап айтқанда, Ченнай (+10,3%), Бангалор (+7,9%), Мумбай (+7,1%) және Дели (+5,4%).
Экономика немесе трансшекаралық аймақтар бойынша 2023 жылдың үздік 100 рейтингіне енген S&T кластерлері
Орын
Кластер атауы
Эконо-мика
Үздік үміткер
Үздік ұйым
1
Токио-Йокогама
JP
Mitsubishi
Токио электр университеті
2
Шэньчжэнь-Гонконг-Гуанчжоу
CN/HK
Huawei
Sun Yat Sen университеті
3
Сеул
KR
Samsung Electronics
Сеул Ұлттық университеті
4
Бейжің
CN
BOE технологиясы
Цинхуа университеті
6
Сан Хосе - Сан-Франциско, Калифорния
USA
Стэнфорд университеті
12
Париж
FR
PSA автомобильдер
Сорбонна университеті
22
Мюнхен
DE
BMW
Мюнхен техникалық университеті
31
Мәскеу
RU
Samsung Electronics
Ломоносов атындағы Мәскеу МУ
34
Тегеран
IR
Ghanbari, Ahmad
Тегеран университеті
59
Ыстанбұл
TR
Sanovel Ilac Sanayi Ve Ticaret A.S.
Ыстанбұл университеті
90
Варшава
PL
Samsung Electronics
Варшава университеті
(Жаһандық инновация индексі, WIPO, 2023)
WIPO жасаған 2023 жылдың жаһандық инновациялық даму индексінде 132 экономиканың ішінде Қазақстан 26.7 ұпаймен 81-орында орналасқан. 2022 жылғы көрсеткіш 83-орын болатын. Көш басындағы алғашқы үштікке Швейцария, Швеция мен АҚШ мемлекеттері енген.
Мемлекет атауы
Рейтингтегі орны (2023)
Швейцария
1
Швеция
2
АҚШ
3
Ұлыбритания
4
Сингапур
5
Оңтүстік Корея
10
Қытай
12
Түркия
39
Үндістан
40
Иран
62
Қазақстан
81
Өзбекстан
82
Әзербайжан
89
Қырғызстан
106
Тәжікстан
111
Ангола
132
(Жаһандық инновация индексі, WIPO, 2023)
Азия елдерінен алғашқы ондықта Сингапур және Оңтүстік Корея мемлекеті орналасса, Қытай – 12, Түркия – 39, Үндістан – 40, Иран 62-сатыдан көрінген.
Жаһандық инновация индексі – әлемнің технологиялық дамуының бүгінгі жай-күйін көрсететін көлемді зерттеу жинағы. Индексте көрсетілген талдаулар мен статистикалық мәліметтер – мамандар, ғалымдар, зерттеушілер мен сарапшыларға құнды ақпарат көзі.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы