• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 10 Сәуір, 2024

«Төтенше тоқсандағы» білім

123 рет
көрсетілді

Еліміздің көп жерін су басып жатқаны белгілі. Сол су тасқыны себебінен төтенше жағдай жарияланған өңірлерде білім беру үдерісі қалай жүргізіліп жатыр? «Төтенше тоқсанға» тап келген педагогтерді қолдау, олардың еңбекақысын есептеу мәселесі қалай болмақ? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Қазір еліміздегі 10 өңір­де төтенше жағ­­­дай жария­лан­ды. Осы өңір­лердің бә­рінде оқу­шыларға бұл оқу ке­зеңі «тө­­тенше тоқсан» болып тұр. «Байтал түгіл бас қай­ғы» бо­лып тұрған тұста оқыту педагогке ­де, білім алу оқушыларға да оңай­ға соқ­пасы анық. Бірақ соған қарамастан, оқуды тоқтатуға болмайды. Бірақ қалай? Бұл тұрғыда бізде тәжірибе бар, бүкіл елде төтенше жағдай жарияланған пандемия ке­зін­де де оқу тоқтатылмады, бір рет «төтенше тоқсанды» өткізгенбіз. Әрине, оның бі­лім сапасына едәуір нашар әсер еткенін сарапшылар айтып, әлі де зерттеп жатыр. Де­ген­мен сол уақытта сәл де болса қалыптастырып алған қа­шықтан оқыту жүйесі қазір де «көмекке келмек».

Оқу-ағарту министрлігі та­ратқан соңғы ақпаратқа сү­йен­сек, өңірлік білім бас­қар­маларымен бірге бала­лардың құқықтарын қорғау және оқу үдерісін сапалы ұйым­дастыру бойынша жұ­мыстар жүргізіліп жатыр. Бү­гінгі таңда уақытша орналастыру пункттерінде 3 мың­ға жуық бала бар. Оларға пси­хо­логиялық қызмет көрсету ұйымдастырылды.

«Балалар қажетті оқу құ­ралдарымен және қашық­тан оқу үшін техникалық жаб­дықтармен, тамақпен және киім-кешекпен қамтама­сыз етілді. Интернеттің жылдам­­дығы төмен ауылдық мек­тептерді Starlink желісіне қо­су жұмыстары жүргізілуде. Сон­­дай-ақ республикалық ма­ңыз­дағы инновациялық мек­теп-лицейлерінің жатақха­на­­ларында балаларды орна­ластыру мен оқу үдерісі ұйым­дастырылады. Бала құқық­та­ры жөніндегі өңірлік уәкіл­­де­­рі балаларға құқықтық және психологиялық көмек беруге, сондай-ақ оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жа­сауға белсенді араласып жа­тыр. Маңғыстау облысында 28 білім ұйымы Атырау облысы Құлсары қаласының эвакуацияланған тұрғында­рын қабылдап отыр. Су тасқы­ны бол­ған өңірлерде барлығы 127 білім нысаны тұр­ғын­дар­ды уақытша орналасты­ру пункті болып айқындал­ды», де­лінген жоғарыда атал­ған ми­нистрліктің хабарламасында.

Өткен аптада Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірлік білім басқармалары бас­шыларының қатысуы­мен өткен аппараттық кеңесте су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы балаларды еліміздегі ең үздік жазғы са­уықтыру орталықтарына жі­беруді тапсырған еді. Ми­нистр: «Оқу үдерісін сапалы ұйымдастыра отырып, балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға ерекше назар аудару қажет. Бала­лардың құқықтарын қор­ғау комитеті ең алдымен көмек­ке мұқтаж отбасылардағы оқу­шы­лардың жазғы демалысын ұйымдастыру керек», деген.  Осыдан соң министрлік елі­міздегі жыл бойы жұмыс істейтін 11 сауықтыру орта­лы­ғы 6 сәуірден бастап оқу үдерісін ұйымдастыра отырып, балаларды қабылдауға дайын екенін, сауықтыру ор­та­лықтарына оқушыларды та­сымалдау үшін қауіпсіздік жөніндегі нұсқаулық пен ве­домствоаралық іс-қимыл алго­ритмін әзірлегенін хабарлады. Соңғы деректерге қараған­да, тасқын судан зардап шеккен өңірлердегі оқушыларды сауықтыру орталықтарына жі­беруге жолдамалар бөлінді. Сауықтыру орталықтарына қабылдаудың  тек бірінші күні Ақмола облысындағы «Жас­дәурен» лагері 80-нен аса баланы қабылдады.

Аппараттық кеңес барысында министр балалардың қауіпсіздігімен қатар, су тас­қы­ны салдарынан қиын жағ­дай­ға тап болған педагогтерді қолдау мәселесіне де тоқтал­ды. Сала басшысы су тасқыны­на қарсы іс-шаралар­ға қатыс­қан әріптестеріне көр­сет­кен кәсібилігі, адам­гершілігі және шынайы патриотизмі үшін алғысын білдірді. Ми­нистрліктің мәлімдеуінше, бү­гінде білім саласының 20 мың қыз­меткері волонтер ретінде ­су тасқынына қар­сы іс-шаралар­ға қатысып, оның ішінде 10 мың­нан кө­бі эвакуациялық пунк­т­тер­де жұмыс жасап жатыр. Са­ла­лық келісімге сәйкес, тө­тен­ше жағдай кезеңінде бі­лім са­ласы қызметкерлері­нің ең­бек­ақысын есептеу төтен­ше жағдайға дейінгі белгі­лен­ген мөлшерде жүргізіледі. Со­ны­мен қатар педагогтерді қол­дау мәселесі пысықталуда. Тө­тен­ше жағдай жарияланған өңір­лерде педагогтердің аттес­тат­таудан өту мерзімі кейінге ауыстырылады.