Елордада инклюзивті білім ресурстық орталығы ашылды. Бұл мектеп мұғалімдерінің жұмысын сүйемелдеуге бағытталған алғашқы қалалық орталық болып тұр. Бір ерекшелігі, орталықтың ашылуына бизнес қауымдастықтың қолдауы мұрындық болған.
Елордада қалалық инклюзивті білім ресурстық орталығының ашылу салтанаты өтті. Жаңа орталық астаналық Ж.Тәшенов атындағы №10 мектептің базасында ашылды, аталған оқу ошағында көру қабілеті төмен 168 оқушы, оның ішінде 28 көру қабілетінен айырылған бала оқиды. Ресурстық орталық елорданың басқа мектептеріне ерекше қажеттіліктері бар балаларды білім үдерісіне қосу бойынша осы мектептің тәжірибесін бөлісу мақсатында ашылды.
Ресурстық орталықтың мамандары елорданың жалпы білім беретін мектептеріне консультативтік және әдістемелік көмек көрсетеді. Тифлопедагог, логопед, психолог және дефектолог сияқты арнайы педагогтер практикалық семинарлар мен консультациялар ұйымдастырады, сондай-ақ мектеп педагогтеріне ақпараттық материалдар дайындайды.
«2015 жылдан бастап біз ерекше балалармен жұмыс жасауда үлкен тәжірибе жинақтадық, енді басқа мектептердің педагогтерімен бөлісуге дайынбыз. Білім алуда ерекше қажеттіліктері бар оқушыларымыздың 16% ғана мектептің жанында тұрады. Қалғандары да үйлеріне жақын мектептерде білім алса, бұл ерекше баласы бар отбасына ыңғайлы», деді № 10 мектеп-гимназиясының тифлопедагогі Сәуле Сағымбаева.
Орталықты «Дара» қайырымдылық қоры «MARS» компаниясының қолдауымен ашты. Компанияның көмегімен ресурстық орталық қажетті тифлотехникамен, арнайы жиһазбен, сондай-ақ балалармен жұмыс істеуге арналған дамытушы және әдістемелік материалдармен жабдықталған.
Орталық Еуразия, Беларусь және Түркиядағы «MARS» компаниясының бас менеджері Арман Сүтбаев: «Инклюзия тақырыбы – біздің қоғам алдында тұрған үлкен және маңызды мәселе. «MARS» компаниясында біз әр адам бірегей және дарынды деп санаймыз және ертең көргіміз келетін әлем бүгінгі істерімізден басталатынына сенеміз. «Дара» қайырымдылық қорымен ынтымақтастықтың нәтижесінде біз балаларға лайықты білім алуға көмектесіп жатқанымызға қуаныштымын», деді.
Айта кетейік, өткен жылы Астанада 610 нашар көретін және 27 көру қабілетінен айырылған, соның ішінде 419-ы мектеп жасындағы баланың ата-анасы арнайы мамандандырылған қызметке жүгінді.